Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Абыройы аласармаған азамат

Абыройы аласармаған азамат

Адамның қадір-қасиеті оның атқарған қызметімен ғана емес, елге жасаған жақсылығымен, артында қалдырған өнегелі ізімен өлшенеді. Осындай абзал азаматтардың қатарында Арал теңізі жағалауындағы «Ұялы» ауылында 1957 жылы дүниеге келген Дөңес Кенжебайұлының есімі ерекше аталады. Оның балалық шағы мен жастық кезеңі туған өлкенің тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты болды. Теңіз жағасында өскен талапты жас ерте кезден-ақ еңбекқорлықты, жауапкершілікті, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуды бойына сіңіріп өсті. Әкесі Кенжебай Қайырбайұлы мен анасы Қанай Әуезқызының отбасынан алған тәлім-тәрбие мен ауыл ақсақалдарының өнегесі азамат болып қалыптасуына зор ықпал етті. Осы отбасында 3 ұл, 2 қыз өсіп өніп, қазіргі таңда саялы бәйтеректің мәуелі бес бұтағындай, әрқайсысы бір-бір әулет болып отыр.
Жан-жағын теңіз суы қоршап жатқан, асау теңіз толқындары жағаны шайып жататын шағын аралдағы «Ұялы» ауылында «Ұялы» балық зауыты және «Балықшылар кооперативі» мекемесі, қазақ және орыс тілінде 2 мектеп және жұмысшы жастарға арналған кешкі мектеп болды. Түрі, тілі бөлек, бірақ тілегі бір қазақтан басқа 16 ұлт өкілдері ерен еңбектің үлгісін жасап, тірлік кешкен құстың ұясындай «Ұялы» елді мекеніндегі №83 қазақ орта мектебінің 1-сыныпқа 1964 жылы қадам басады. Ол кезде ауыл тұрғындары басқа елді мекендермен жазда су көліктерімен, қыста ат-шанамен және әуе көлігі «АН-2» ұшағымен қарым-қатынас жасайтын. Балықшылар жылдың төрт мезгілінде теңіз түбінен балық аулайтын. Дөңес бала болса да, балықшы  әкесінің теңізден  олжалы аман-есен оралуын асыға күтетін.
Арал теңізінің жағадан алыстап, тартылуына орай Қазалы ауданының «Қызылқұм» ауылына қоныс аударып, әкесі балықшы құралының орнына, шопан таяғын қолына алып, ата кәсіпке кірісіп кетті. Осы ауылда мектептен білім алуын жалғастырды.
1974 жылы №189 орта мектебін бітірген 21 түлек, жаңадан құрылған шаруашылықтың дамуына үлесімізді қосамыз деген мақсатпен 17 жас үш комсомол жастар бригадасын құрды. Ауыл жастарының жалынды жарқын ісін қолдаған және өзі жетекші болып бастап, №189 орта мектептің биология пәні мұғалімі жас ұстаз Қалампыр Төлебаева апайы жастармен бірге болды. «ЛКЖО XVII съезі» атындағы бригада мүшелері Дөңес Мешітбаев, Балымжан Бисенбиев, Қалимаш Дәулетбаева, Гүлжаһан Есқалиева және бригада жетекшісі Қалша Алданазарова болып жастық жалынмен «Қазақстанда қой санын – 50 миллионға жеткізу» ұранына атсалысуға кірісіп кетті. Арманы асқақ, көңілдері алып-ұшқан жігерлі жастар фермадан бір отар қой қабылдап алды.
1976 жылы совхоз басшылығынан жақсы мінездеме алып, еңбек тәжірибесі бар жастар өз жүрек қалауымен қалаған жоғары оқу орындарына құжат тапсырды, әрі студент атанды.
Дөңес Кенжебайұлы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Химия-биология» факультетіне оқуға қабылданды. Бес жыл институтта группаның старостасы болып жүріп, 1981 жылы «Химия-биология» пәні мұғалімі деген диплом алды. Түлеп ұшқан туған ауылымдағы №189 орта мектепке «Химия-биология» пәні мұғалімі болып, алғашқы ұстаздық еңбек жолын бастады.
Жастайынан білімге құштар болған Мешітбай Кенжебайұлы өмір жолын ұстаздықпен байланыстырды. Ол ұстаздық мамандықты ұлт болашағына қызмет ететін қасиетті міндет деп білді. Сондықтан да бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнады.
Ұстаз ретінде ол шәкірттерінің жүрегіне білім нәрін сеуіп қана қойған жоқ, олардың бойына адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық секілді асыл қасиеттерді дарытуға күш салды. Оның сабағын тыңдап, тәлімін алған талай шәкірт өмірден өз орындарын тауып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт та, мақтаныш та жоқ.
Білім саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Мешітбай Дөңес Кенжебайұлы білім ордасының басшысы қызметіне көтерілді. Басшылық қызметте жүрген жылдары ол ұжымның ынтымағы мен бірлігін нығайтып, оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлді. Әріптестері арасында әділдігімен, талапшылдығымен және адамгершілігімен құрметке ие болды.
1977 жылы ауылдан онжылдық мектеп болып ашылып, мектептегі бала саны 400-ден асты. Ұстаздар қауымы ұлғайып, Ерліхан Құлдықов, Алуадин Әбілмажанов, Шындалы Еламанов, Арыстанбай Нұртазаев, Әбдірахман Сқақов, Гүлжамал Омарова, Күлшат Таубаева, Күлпәш Мырзамұратова атты ұстаздармен ұжым толықты. Осындай үлкен білім ордасына басшылыққа ұсынылды.
Жас білімді ұстазды ауыл жұртшылығы да, мектеп ұжымы да өте жоғары пейілмен жақсы қарсы алды. Мектепті басқарған Әбжәлидің Бердіхалықов білім саласындағы игі істерін әрі қарай жалғап, ұжымдастарымен бірден тіл табысып іске кірісіп кетті. Тасмағамбет Кемалов, Әбдірахман Сқақов, Қанат Сексенбаев, Мұхтар Мақсұтов, Қалампыр Төлебаева, Бибісара Сейтенова, Нәзігүл Тілегенова, Әби Бегалиев, Қали Арзиев, Жамал Мүсілімов, Қаржаубай Нұртазаев, Меңсұлу Балдырғанова, Кунира Мұса, Замира Бакуадинова сынды аға буын әріптестері жас басшыдан ақыл-кеңестерін аянған жоқ, үнемі қолдап отырды.
Ширек ғасырдан астам уақыт осы мектепте басшылық қызмет жасап, сол алғашқы кезеңдерден бастап, Жұмабай Серік, Дәріғұл Үрзия, Елкен Иіскүл, Жүсіп Зәмзагүл, Машай Абай, Аяпбергенова Роза, Ебелекова Эльмира, Қабылов Сәкен, Сексенбай Бақыт, Сәдіров Әділхан, Сауытбаев Алпамыс, Баймаханов Ғабит, Тәуекелов Шыңғыс  атты жасы кіші әріптестері жас жеткіншектерге білім беру саласындағы ортақ іске үнемі қолдау көрсетіп,бірлесіп еңбек етті.
Басшылық ұстанымының негізінде адамға деген үлкен құрмет жатты. Ол әрбір мұғалімнің еңбегін бағалай білді, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісті. Сондықтан да өзі басқарған ұжымда өзара сыйластық пен шығармашылық ізденіс рухы қалыптасты.
Мешітбай Кенжебайұлының өміріндегі басты құндылықтардың бірі – туған жерге деген сүйіспеншілік. Ол қай уақытта да ауылдың қоғамдық өмірінен шет қалған емес. Туған өлкенің өсіп-өркендеуіне, ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосуды азаматтық борышы санады. Ауылда өтетін қандайда бір іс-шара болмасын бел ортасында жүрді, ақыл-кеңесін берді. Оның бойындағы елжандылық қасиет жастар тәрбиесінде де айқын көрініс тапты. Ол жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды қастерлеуді, туған жердің тарихын білуді, елдің болашағына жауапкершілікпен қарауды үнемі насихаттап келеді. Осындай өнегелі әңгімелері мен ақыл-кеңестері көптеген жастарға өмірлік бағыт-бағдар берді. Әуелі осынау ұлықты ұстаздарымның арқасы әрі өзінің ұжымын дұрыс басқара білуінің де нәтижесі шығар, шәкіртеріне берген білім, жасалған еңбек далаға кеткен жоқ.
Қазіргі таңда Мұхамедияр Рашаев, Нұрлыбек Суханов, Жанаркүл Тоғысова, Муса Нұрбол, Ахан Жарас, Болатбек Сахиев, Асхат Мешітбай, Болат Есназаров, Нұрбол Сауытбаев және басқа да шәкірттері республикамыздың түкпір-түкпірінде жоғары лауазымды қызметтер жасап жатыр.
Бағдагүл Нақышова, Венера Бердіхалықова, Дәмегүл Сқақова, Бағила Мешітбаева, Нұрлыбек Сейітәлиев, Ержан Қолғанат, Эльмира Абатова, Әсел Ізбасар, Ақмарал Қолғанатова, Гүлсезім Байсалбай, Берекет Байсалбаев, Шұғыла Әли, Эльмира Жанұзақова атты шәкірттері мектептің мақтаныштары. Осындай саңлақ шәкірттерін мақтаныш тұтады. Ұстаздың мерейі бір шоғыр шәкірттері, елге танылып азаматтар болғанын көргенде, кімді де болса да мақтаныш сезімі кернейтіні рас.
Дөңес Мешітбайдың тағы бір ерекше қыры – қайырымдылық пен жанашырлық. Ол ауылдастарының қуанышына ортақтасып, қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын созудан ешқашан бас тартқан емес. Оның қарапайымдылығы, кеңпейілділігі және адамдарға деген ізгі қарым-қатынасы көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді.
Бүгінде ардагер ұстаз қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде нәтижелі еңбек етуде. Бұл қызметте де ол аға буынның бірлігін нығайтуға, жастарға тәлім-тәрбие беруге, ауыл өміріндегі маңызды мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Оның өмірлік тәжірибесі мен парасатты ойлары ауыл тұрғындары үшін әрдайым құнды.
Дөңес Кенжебайұлының ғұмыры – адал еңбек пен азаматтық жауапкершіліктің, ұстаздық парасат пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол тәрбиелеген шәкірттер, бірге қызмет атқарған әріптестер мен ауыл тұрғындарының құрметі өмір жолының ең үлкен бағасы.
Өнегелі өмір иесінің есімі туған өлкесінің тарихында абыроймен аталып, кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Себебі елге қызмет ету, адамға жақсылық жасау, ұрпақ тәрбиелеу секілді қасиетті істер ешқашан ұмытылмайды. Қандайда бір құрмет, марапатқа лайықты. «Ауылыңда үлгі тұтар кім бар?» дегенде мақтаныш тұтар жан.
«Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей, алғашқы жары Ұлмекен Медеталиева (марқұм) екеуінен өрбіген Бағдагүл, Айгүл, Асхат, Нұргүл атты ұл-қыздары өмірге келді. Бағдагүл – Қызылорда қаласындағы «М.Мәметова» атындағы педколледжде оқытушы, Айгүл – Қызылорда қалалық №6 емханада терапевт-дәрігер, Асхат – Ақтөбе қаласындағы «М.Оспанов» атындағы академияның «Хирургия» кафедрасының оқытушысы, Ақтөбе облысы жедел медициналық көмек орталығының травматолог дәрігері, Нұргүл – Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау орталығының эпидемиолог дәрігері болып еңбек етеді.
Қазіргі жары Айзәуреш Орынбаевадан қырмызыдай қызғалдағы – Ұлдайы сүйкімді болып өсіп келеді. Кенже қызы №225 орта мектептің 7-ші сыныбын бітірді.
Мешітбай Дөңес Кенжебайұлы – ұстаздықтың биік мәртебесін көтерген, өмірлік ұстанымы жоғары, елдің ықыласына бөленген, туған жерінің қадірлі азаматы.
Қасқырбек МӘМБЕТЖАН,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
16 маусым 2026 ж. 43 0

Қауіпке қарсы қалқан

16 маусым 2026 ж. 47

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930