Қазалы ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды
Қазалы ауданында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Ауданда бюджеттен бөлінген қаржыға жолдар асфальттанып, көпір салынуда. Сондай-ақ, тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, елді мекендер газдандырылуда. Қазіргі таңда жыл басында басталған құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын қалды.
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқаппен бірге бірқатар құрылыс нысандарына барып, жұмыс барысын көрді.
Аудан басшысы Қазалы қаласына арнайы барып, 140 орындық балабақша құрылысымен танысты. Бүгінгі күні балабақша құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мердігер мекеменің жауапты қызметкерлері балабақша ғимаратын жақын күндері пайдалануға берілетінін жеткізді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп құрылысын көрді. Қазіргі таңда мектептің жылу жүйесі толық орнатылған. Арнайы мамандар су мен кәріз жүйелерін жүргізуде. Сонымен қатар, пластикалық терезелері мен кафельдері салынуда.
Мұхтар Әуесұлы мердігер мекеменің жауапты қызметкерлеріне құрылыс жұмыстары кешеуілдеп жатқанын ескертті. Мектеп құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау үшін жұмысшылар санын көбейтуді тапсырды.
Мұнан соң 3 ауылды газдандыру мен Басықара ауылының кіре берісіндегі көпір құрылысының жұмыстарымен де танысты.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құрылыс нысандарын аралау барысында тиісті сала басшыларына атқарылып жатқан жұмыстар мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.