Қазақстанда автонесие алғысы келетіндерге қатысты жеңілдік тағы бір жылға ұзартылды
Фото: depositphotos.comҰлттық банк Қазақстанда автонесие алғысы келетіндерге қатысты жеңілдікті тағы бір жылға ұзартты. Енді кейбір көлік түрін несиеге рәсімдеген азаматтардан табысы мен қарызының арақатынасын есептейтін міндетті талап сұралмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұл өзгеріс көлік сатып алғысы келетін азаматтардың кейбіріне несие рәсімдеуді жеңілдетеді. Жеңілдік жаңа автокөлік алатындарға және пайдаланылған көлікті алғашқы жарнаның белгілі бір бөлігін төлеп сатып алатындарға қатысты.
Бұрын тіркелмеген және пайдаланылмаған көлікті несиеге алатындарға қарыз жүктемесі бойынша талап қойылмайды. Ал несиеге алынған көлік банкке кепіл ретінде рәсімделуі керек.
Үш жылдан аспайтын көлікті несиеге алатындар үшін алғашқы жарна кемінде 30% болуы шарт. Бұрын пайдаланылған автокөлікті сатып алғанда оның бағасының кемінде 50%-ын бірден төлеген азаматтар да жеңілдікті пайдалана алады.
Ұлттық банк бұл жеңілдіктерді 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты. Реттеуші келесі жылы да автонесие нарығын бақылап, қажет болған жағдайда халықтың қарыз жүктемесіне қатысты қосымша шаралар қабылдауы мүмкін.
Еске салсақ, Қазақстанда автонесие мен тұрғын үй жинақ жүйесіндегі ипотекаға қойылатын талаптарды қатаңдату кейінге шегерілген еді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін ипотекаға қатысты жеңілдік 2029 жылдың соңына дейін сақталады.












