Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Агрокешен: түлік төлді, алқап астықты

Агрокешен: түлік төлді, алқап астықты

Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының негізгі тірегі. Жыл бойы маңдай терін төгіп, жер ананың тілін тапқан диқандар үшін күз мезгілі – қажырлы еңбектің нәтижесін көріп, қамбаны толтыратын ерекше шақ. Бүгінде елдің ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Қазалы – аграрлы өлке. Әр жыл сайын қамбаға астық толып, оң нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Мұның сыры жердің көлемді болуында. Әрі сол жерді ұтымды игеруімізде.
Астықты алқаптағы егіннің шығымын ерте көктемдегі қарекет шешетінін диқандар жақсы біледі. Қақаған қыстың беті қайтып, жердің тоңы ерігенде ерте көктеммен диқаншы қауым кетпенін сайлап, еңбек қамына кіріседі. Егістік жерді тазалап, жер жыртып, дән сеуіп, суарады. Ауа райының құбылмалдылығына, жауын-шашынның көп не аз болуына қарамастан егінші қауым жаз бойы еккен өнімін баптайды. Көктемде суға бастырылған алқаптар жаз бойы күн нұрына шомылып, күріш түйіндері толығып, алтын түске боялды. Күзде шексіз жасыл алқаптар сары теңізге айналып, комбайндардың тынымсыз гүрілімен егін жинау науқаны басталды. Диқандар бұл жолы да жоғары кәсібилік пен ұйымшылдық танытты. Тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеген механизаторлар мен агрономдардың арқасында қамбаға мол астық құйылды. Әрбір өнім – бір маусымдық маңдай тердің, ғалымдардың селекциялық ізденістері мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың жемісі.
Науқанның аяқталуымен қатар еліміздің аграрлы өңірлерінде дәстүрлі «Алтын дән» мерекесі тойланды. Бұл шара – қарапайым еңбек адамдарының, диқандар мен шопандардың, механизаторлар мен агрономдардың қажырлы еңбегіне көрсетілген құрмет пен алғыстың көрінісі. Салтанатты жиындарда үздік шаруашылықтар мен маңдайалды еңбеккерлер марапатталып, ел игілігі үшін атқарылған ортақ істің бағасы берілді. Мол өнім алуға жыл бойы білек-сыбана кіріскен аудан еңбеккерлерінің еңбегі көп. Ал нәтиже қандай?
Жалпы соңғы жеті жылда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісі айтарлықтай өскен. Өнімнің жалпы көлемі 5,2 триллион теңгеден 9,8 триллион теңгеге жетіп, 1,9 есе арта түскен. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі ғана артып қоймай, елдегі қайта өңдеу саласы дамып, экспорт кеңейіп, инвестиция көлемі мен еңбек өнімділігі өскенінің көрінісі. Елде ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі жеті жылда 495 миллиард теңгеден 1,2 триллион теңгеге дейін артқан. Сонымен бірге осы кезеңде еңбек өнімділігі 2,5 есе өскен. 2019-2026 жылдар аралығында ірі қара саны 10,8%-ға өсіп, 8,2 миллион басқа жетіпті. Қой мен ешкі саны 20,7 миллион басқа, ал құс саны 49,1 миллион басқа дейін өскен. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5,8%-ға артып, 7,3 триллион теңгеге жеткен. Ал мал шаруашылығы өнімінің көлемі 3,5%-ға өсіп, 3,2 триллион теңгеге өссе, өсімдік шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 107,6%-ды көрсетіпті. Қызылорда облысында егісті әртараптандырудың нақты мүмкіндіктерін, жаңа дақылдарды игерудегі тәжірибелер мен шаруашылықтар алдында тұрған міндеттер семинар-кеңесте талқыланған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 2026-2028 жылдары егін шаруашылығын әртараптандыруға және су үнемдеу технологияларын енгізуге 34 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 10 миллиард теңгесі биылғы жұмыстарға қарастырылған.
Нәтижесінде егістік көлемі өткен жылғы 8,1 мың гектардан 14,2 мың гектарға ұлғайған. Лазерлік әдіспен тегістелген алқап 65 мың гектарға жетіпті.
– Біз егіс құрылымын әртараптандыру арқылы су ресурстарына түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, шаруашылықтардың табысын арттыруға, жаңа өндірістерді дамытуға және агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік аламыз. Үкімет кешенді мемлекеттік қолдауды кеңейтіп, ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттыруға және саланың орнықты дамуына қолайлы жағдай жасауда. Жүйелі жұмыстардың арқасында ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай серпін байқалып, жалпы өнім көлемі жыл сайын артып келеді, – деген еді аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақта ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, егіс алқаптарын әртараптандыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану және жүгері алқаптарын ұлғайтуға қатысты нақты міндеттер қойылған. Ендігі нысан – алдағы жылдарға жоспарланған егіс көлемін бақылауда ұстау, су ресурстарын тиімді пайдалану, егісті әртараптандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу.
Биыл облыста 193700 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, күріш көлемі қысқартылған. Оның орнына суды аз қажет ететін, экономикалық тиімділігі жоғары баламалы дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылуда. Су үнемдеу технологияларын енгізуде нәтиже жақсы көрсеткіш көрсетуде. Мәселен, өткен жылы 8100 гектар алқапқа ылғал сақтайтын технологиялар қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 14200 гектарға жеткен. Ал лазерлік тегістеу жүргізілген егістік көлемі 65 мың гектар болған.
Аудандағы ауыл шаруашылығы саласында да жақсы нәтижелер бар. Жыл сайын қамбаға астық толып, мол өнім алып келеміз. Аудан диқандары биыл 12 мың 475 гектар жерге егін еккен. Оның ішінде 2247 гектарға күріш дақылы егілді. Әр гектардан 40 центнерден өнім алынып, 9788 тоннаға жуық астық жиналыпты. Жыл басынан бері ауданнан балық, күріш, қамыс сынды ауыл шаруашылығы өнімдерінен барлығы 2445 тонна өнім экспортқа шығарылған. Ауданда жыл сайын мал шаруашылығы саласы бойынша да төрт түліктің барлығында өсім қалыптасып келеді.
Аудандағы дала жұмыстарында атқарылған жұмыстар легі аз емес. Шаруаларға да қолдау жан-жақты көрсетілді. Әр мезгіл баптаған өнім қамбаға құйылды. Дала төсі қызу еңбектің дүбіріне айналды. Табаны жерге тілініп, маңдайы күнге күйген диқан қауымының еңбегі еленді. Бұйырса, келер жыл да өнім мен мал санының өсімі артары анық.
Айнұр ӘЛИ

07 қараша 2026 ж. 9 0

Оқуға құштар оқушылар

07 қараша 2026 ж. 1

Өнер – өмірінің өзегі

07 қараша 2026 ж. 7

6 қарашаға валюта бағамы

06 қараша 2026 ж. 118

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30