Еріктілік – ерен іс
Қазір қоғамдағы түрлі игілікті істер мен қиындықтарды еңсеруге еріктілердің де белсене атсалысатыны белгілі. Соңғы жылдары елімізде ерікті жастардың қатары да жыл санап артып келеді. Олар күнделікті шағын шаруалардан бастап, елдік деңгейдегі ауқымды бастамаларға дейін араласып, қоғам өміріндегі өзіндік орнын айқындап жүр.Ерікті сөзі латынның Voluntarius сөзінен шыққан. Ол адамның өз еркімен, ешқандай ақы талап етпей, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуын білдіреді. Еріктілер жасаған жақсылығы үшін өтемақы да, материалдық сыйақы да күтпейді.
Соңғы төрт жылда еліміздегі еріктілер қатары едәуір толыққан. Дәлірек айтсақ, бүгінде Қазақстанда 810-нан астам еріктілер ұйымы мен 300 мыңға жуық белсенді ерікті бар. Еріктілер қозғалысы әлеуметтік қолдау көрсету, қоршаған ортаны қорғау және түрлі қоғамдық бастамаларды жүзеге асыру бағытында қанатын кеңге жаюда.
Еріктілердің қай бағытта болмасын, қандай қиын сәтте де аянып қалмай, көмекке бірден ұмтылуы көңіл қуантады. Осындай игілікті іске белсене араласып жүргендердің қатарында аймақтардағы Жастар ресурстық орталықтары жанынан жасақталған еріктілер тобын да атап өткен жөн. Олар да ел ішіндегі түрлі қоғамдық жұмыстарға үн қосып, қайырымды істердің басы-қасынан табылып жүр. Осы орайда ауданымыздағы белсенді жастардың еңбегіне тоқталып, олардың атқарып жүрген жұмыстары жайында сөз етуді жөн көрдік.
Аудандық жастар ресурстық орталығы мамандарының мәліметіне сүйенсек, бүгінде ауданда 100-ге жуық ерікті жас бар. Мамандардың айтуынша, олардың қатары жыл сайын толығып, қоғамдық бастамаларға қызығушылық танытушылар баршылық. Бұл жастардың азаматтық көзқарасы қалыптасып, ел өміріне араласуға деген ынтасы күшейгенін аңғартып отыр. Сондай-ақ еріктілікке деген қоғамдық түсініктің де өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
Жасыратыны жоқ, бұрын еріктілердің қызметі көбіне қайырымдылық шараларымен ғана байланыстырылса, қазір олардың атқаратын жұмысы әлдеқайда кең. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық ортаны көркейту, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, әлеуметтік мәселелерге назар аудару – осының бәрі еріктілер қозғалысының бағытына айналған. Әрбір бастама белгілі бір мәселені шешуге ғана емес, адамдардың ортақ іске деген көзқарасын өзгертуге де ықпал етеді.
Мәселен, елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында аудан жастары да туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосып жүр. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл бағытта тұрақты түрде 50-ге жуық ерікті белсенділік танытып, қоғамдық орындар мен көше бойларын тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау, сырлау және абаттандыру жұмыстарына қатысқан.
Қазіргі уақытта игі бастаманы жүзеге асырумен қатар, оның нәтижесін көпшілікке жеткізудің де маңызы зор. Осы ретте аудан еріктілері ақпараттық бағыттағы жұмыстарға да ден қойған. Атқарылған шаралар әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталып, 20-дан астам әлеуметтік бейнеролик әзірленген. Бұған қоса, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, 30-дан астам бейнематериал дайындалған. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бұл жастардың қоғамдық іске араласуда дәстүрлі тәсілдермен шектелмей, заманауи мүмкіндіктерді де тиімді пайдаланып отырғанын аңғартып отыр.
Еріктіліктің тағы бір маңызды қыры – жас буынның тұлғалық қалыптасуына ықпал етуі. Өйткені қоғамдық жұмысқа араласқан жас өз ортасымен ғана шектелмей, түрлі мінезді, әртүрлі көзқарастағы адамдармен қарым-қатынас орнатады. Бірлесіп жұмыс істеуді, ортақ шешім қабылдауды, жауапкершілікті бөлісуді үйренеді. Бастама көтеріп, оны соңына дейін жеткізуге дағдыланады. Мұның барлығы болашақта қай салада еңбек етсе де қажет болатын қасиеттер екені анық.
«Осы бағытта аудандық жастар ресурстық орталығының білім беру ұйымдарымен байланысын нығайтуға да басымдық беріліп келеді» дейді орталық кеңесшісі Гүлвира Ахметова.
«Жыл сайын мектептермен меморандум жасалып, оқушылардан құралған мектеп парламенттерімен бірлескен жобалар мен түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай жұмыстардың түпкі мақсаты – жастарды қоғамдық өмірге ерте араластырып, бойларындағы белсенділік пен бастамашылдықты дамыту. Өйткені елге жанашырлық танытып, ортақ іске жауапкершілікпен қарау қасиеті аяқ астынан қалыптаспайды. Ол бала бойына жастайынан сіңіп, айналасына жасаған әрбір қамқорлығы мен игі әрекеті арқылы беки түседі, – дейді ол.
«Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойына сіңетін қасиет. Сондықтан өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға баулу – аса маңызды міндет», – дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Расында, жүрекке ұялаған ізгілік адаммен бірге өсіп, өмірлік ұстанымына айналады. Сол себепті жақсылыққа жаны құмар, ел игілігі үшін ерікті түрде еңбек етіп жүрген жастардың бастамасына әрдайым қолдау көрсету қажет-ақ.
А.ЖҮСІПОВА














