Ұлттық банк ипотека жеңілдіктерін 2029 жылдың соңына дейін ұзартты
Фото: istockphoto.comҚазақстанда ипотека рәсімдейтін азаматтарға арналған жеңілдік тағы үш жылға ұзартылды. Енді тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несие алатындардан табысы мен қарызының арақатынасын есептейтін міндетті талап сұралмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банктің мәліметінше, бұл жеңілдіктің мерзімі 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылған.
“Ипотека нарығындағы жағдайды зерттей келе, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін несиеге арналған жеңілдікті ұзарту туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында несие беру кезінде борыш жүктемесі коэффициентін (БЖК) міндетті түрде сақтау талабы қолданылмайды”, – делінген хабарламада.
Борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) – несие алатын адамның қарызын уақытында төлей алу мүмкіндігін бағалайтын көрсеткіш. Ол адамның барлық несие мен бөліп төлеу бойынша ай сайынғы төлемдерін орташа айлық табысымен салыстыру арқылы есептеледі.
Қазір барлық банкке ортақ талап бар: егер адамның несие бойынша ай сайынғы төлемдері табысының жартысынан асып кетсе, оған жаңа несие берілмейді. Ал тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінде бұл талапқа жеңілдік қарастырылған. Яғни ай сайынғы төлемдері табысының 50%-ынан асып кетсе де, азамат ипотека рәсімдей алады.
Тиісті өзгерістер "Макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы" Ұлттық Банктің 2025 жылғы 25 тамыздағы №52 қаулысына енгізіледі.
Сонымен қатар, Ұлттық Банк 2027 жыл бойы несие нарығындағы жағдайды бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді. Егер кейбір несие түрлері бойынша қауіп күшейсе, Ұлттық банк халықтың қарыз көлемі мен қаржылық жағдайын ескеріп, қосымша шектеулер енгізуі мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда автонесие алғысы келетіндерге қатысты жеңілдік тағы бір жылға ұзартылған еді. Енді кейбір көлік түрін несиеге рәсімдеген азаматтардан табысы мен қарызының арақатынасын есептейтін міндетті талап сұралмайды.












