Қазалы » Жаңалықтар » Қазақстанда медициналық ұйым басшыларының әрбір бесіншісі тестілеуден өте алмаған
Қазақстанда медициналық ұйым басшыларының әрбір бесіншісі тестілеуден өте алмаған
Денсаулық сақтау министрлігі перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының басшылары мен олардың орынбасарларын аттестаттаудан өткізіп жатыр.Фото: freepik.com
Министрліктің хабарлауынша, тестілеудің бірінші кезеңі 14 қазаннан бастап өткізіліп келеді, ал 2 қарашадағы жағдай бойынша тестілеуге қатысушылардың 20 пайызы шекті баллды жинай алмаған.
Алдын ала нәтижелер бойынша 188 қатысушы (80 пайызы) тестілеуден сәтті өткен. Тағы 47 адам (қатысушылардың 20 пайызы) қажетті балл жинай алмаған.
«Олардың қатарында 25 басшы және 22 басшының орынбасары бар. Сонымен қатар 27 адам тестілеуге келмеген», – делінген ДСМ хабарламасында.
Теріс нәтиже көрсеткендердің басым бөлігі Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында тіркелген. Бұл үш өңірге өту балын жинай алмаған қатысушылардың жалпы санының 55,3 пайызы тиесілі.
Бұл ретте министрлік өкілдері ұсынылған деректер аттестаттаудың түпкілікті қорытындысы емес екенін, тестілеу 2026 жылғы желтоқсан айының соңына дейін жалғасатынын атап өтті.