Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Арғымақ баптаған ару

Арғымақ баптаған ару

Тұлпардың тұяғына күш, бойына қуат бітірген бапкердің еңбегі мен шабандоздың үміті сыналатын ерекше сәт. Бәрі сілтідей тынды. Көмбеге арғымақтар жақындаған сайын аламанның көркі қыза түскен. Оған уақыт та баяулағандай көрінді. Бір сәттік тыныштықтың өзінде мың сан сезім арпалысты. Көз ұшында қара үзіп келе жатқан жануары – Бұйрықтың әр қадамы жүрегін бірге алып ұшқандай сезімге бөленді.
Тұлпар алға адымдаған сайын Бағымның да кеудесін қуаныш кернеді. Көзін ат жолынан айырмай, қос қолын еріксіз түйіп, көмбеге қарай елеңдейді. Жүйріктің әр адымынан жеңістің нышанын іздейді. «Шаршамаса, екпінін жоғалтпаса, көмбеге аман жетсе екен» деген тілек көңіл түкпірінде қатар өрбиді.
Қаның ойнап мұндайда, жаңғырар кеуде,
Жүлдеңді ал, бəйгенің алдынан кел де!
О, Жаратқан, баланы сақтай көр өзің,
Тұлпарды да тұяқтан қалдыра көрме!
– деген дыбыс ұлғайтқыштан естілген әуен де жауапкершілігін есіне салып, шандоз інісіне деген алаңыңында ұлғайтады. Бұл – бәйгеге тігілген үміт емес, талай күнгі төгілген тер мен серігіне деген шынайы жанашырлық еді.
Ал Бұйрық үшін жарыс жолы – бойындағы бар қуатын сарқа жұмсайтын сын сағаты. Құлағын қайшылап, жалын желге сипатып, шаң қаптыра қарсыластарынан оза шабуда.
Арғымақ мәреге жеткенше тынысын ішіне тартып, өз жүрегінің дүрсілін де естімей қалған қыз айналасына енді барлап қарады. Рас. Баптаған бәйге аты көмбеден озыпты. Көзіне жас толып, жүзіне күлкі үйірілді. Жиналғандар ҚасқырбайОрынбековпен бірге Бағым Ерболатты да құттықтады.
Қасқырбай – Бағымның бауыры, жанашыр әкесі.
Білетіндер:«Жүлде Бұйрыққа бұйырыпты», «Әй, жарайсың!», «Қосын ат болса, осындай болсын!» дессе, танымайтындар «Қазалы ауданы, Шилі ауылы» деген жазуды оқып, жаңалықты бір-біріне сүйіншіледі.Бәрекелділескен қауым арасын қақ жара өтіп, марапат алаңына алқызыл жабындысы бар Бұйрық та аяғын маңғаздана басып келеді. Сартай батыр Байжанұлының туғанына 315 жыл толуына орай облыстық ат бәйгесінің тай жарысында бас бәйге бұйырды. Бұған дейін бірнеше жарысқа тұяқ қосқан жануардың бұл алғашқы жүлдесі емес еді.
Маңызды шараға еліміздің алыс-жақын өңірлерінен атынан ат үркейтін небір асылқанды аттар келген. Көрерменінің делебесін қоздырып, тартысты бәсеке сыйлаған жүйріктер үш түрлі қашықтық бойынша бақ сынап, шеберліктерін көрсетті.
Бұйық бұл жолы бабында екенін байқатып, үкілеген үмітті ақтады. «Жарайсың, жануарым!», «Тұяғың тобасын, тектім!» – деді Бағым іштей күбірлеп.
ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ҺӘМ ҚАНМЕН БЕРІЛГЕН ҚАСИЕТ
Бұл күні көпті қызықтырған жайт мынау болды. Ат жарататын адам жылқының биологиялық жағдайы жайлы жақсы біледі. Қасқырбай Орынбеков аламанның алдын бергемеген талай асауды ауыздықтап, арғымақ еткен кәнігі атбегі. Ал айтулы тайды жаратқан сол Қасқырбай баулыған қыз – Бағым. Ол – мектеп оқушысы.
Қазір жасөспірім жасындағыларды еліктіп, қызықтыратын дүниелер көп. Мұның аңсары басқа. Құлын күнінен қоңырау тағып, еншілеген Бұйрығына деген көңілі бөлек. Бабын жасаған адамға жануар, әсіресе жылқының жақынындай болып кететінін қыр қызы осы уақыт аралығында санасына терең сіңірген.
Атқа міну – хобби ғана емес, тамырдағы қайнаған қанды қыздыратын, бабалардан қалған аманат. Мектептің 11-сыныбында оқитын Бағым үшін қылқұйрықтың тарпып өткен тұяғының дыбысы – ең тамаша әуен. Басқалар сынды гаджет экраннан көз алмай, виртуалды әлемдегі жалған жылтырлық емес, жанын даланың иісі, тұлпардың тер мен жусан араласқан жұпар тынысын аңсатады. Екеуінің арасындағы байланыс, ешкім түсінбейтін, тек жүрекпен ғана сезілетін ерекше сырдысөзбен айтып жеткізе алмайды.Жылқының көзіне қарап-ақ көңіл-күйін, мінезін, тынысынан ырғағын қатесіз аңғаратын Бағымның бұл қасиетіне таң қалмау мүмкін емес.
Ат үстінде қону – бөлек әлем. Даланың сарқылмас кеңдігіне тұлпар тұяғының шабысы қосылғанда, айнала алабөтен күйге бөленеді. Мұндайда қашықтық пен уақыт деген шектеулі өлшемдер өзінің маңызын жоғалтып, жаны ерекше еркіндікке елти түседі.
Жұбан ақынның: «Ат үстінде өлсем де шатпын дедім» дейтіні тегін емес. Бабалар санасының биіктігі мен кемелдігі де осы Қамбар ата төлімен қанымызға сіңгені анық аксиома. Бүгінгі ғылым ат жонда жүру адамды барлық дерттен айықтырып, жанға да, тәнге де шипа екенін әлемге паш етуде. Ал жалқұйрықты жануардың сырын әуелден түсінген қазақ бұны осыдан бірнеше ғасыр бұрын сезінген жоқ па еді?!
ЖҮЙРІК – МЫҢНАН, ТҰЛПАР – ТҰЯҚТАН
Алғашында өзі туралы мақала дайындаймыз дегенде жылқы жайын ерекше сезіммен жеткізген кейіпкеріміз келесі күні келісім бермейтінін айтты. Сыры түсінікті. Қазақтың «көз тиеді» деп жақсысын жалпыдан жасыратын дағдысы. Түсіністік таныттық. Алайда жылқы жайы емес, бізді арудың атбегілік қыры қызықтырғанын айтып, қолқаладық. Амалсыз келісті.
Ат бабы – жеке ғылымға арқау тақырып. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесіне негізделген, жүйрікке бапкерлік жасаудың сыры тереңде. Қанаты бар қырандай жүйрікке шексіз даланың рухын теліген халқымыз тұлпарды тек көлік деп қарамай, оның бабын табу, бәйгеге қосу, жүйрікті тануға ерекше мін берген. «Ат шаппайды, бап шабады» деген тәмсілдің астарында қаншама жылдық тәжірибе, үздіксіз еңбек пен терең таным жатыр.
Атбегілік кез келгенге бұйдасын ұстата бермейтін кәсіп түрі. Шыдам мен табандылық, ең бастысы, жануарға деген шынайы сүйіспеншілік қажет етеді.
Кейіпкерімізді алға жетелейтін де осы сезім. Ат қораға бас сұғып, тайының жалынан сипау, оның жүріс-тұрысын бақылау, бабын келтірудің қыр-сырын үйрену – күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Күн тәртібін тиімді ұйымдастырып, бір жағынан, білім алса, екінші жағынан, сүйікті ісіне уақыт табады. Кейде шаршайды, кейде жоспарлаған жұмысы орындала бермейді. Бірақ жылқының жанында өткізген әрбір сәті оған жаңа күш, соны шабыт сыйлайды. Бабаларымыз «Жүйрік – мыңнан, тұлпар – тұяқтан» деп қадірлеген серігін жай ғана ұстап қоймай, бәйгеге қаракөз қылып қосу үшін қатаң тәртіппен, ерекше әдіс-тәсілдермен баптайды.
«Білесіз бе, әр атбегінің өзіндік тәсілі болады. Оны көпке жария ете бермейді», – деді ол. Алайда ат баптаудағы негізгі кезеңдері туралы әңгімелеп берді.
Жылқыны бәйгеге қосуда – жүйріктің табиғи ерекшелігін танып, бабын біртіндеп келтіретін күрделі жұмыс. Нағыз сейіс алдымен аттың жаратылысына қарайды. Оның дене бітімі, аяқ алысы, тынысы, жүрісінің үйлесімі, мінезі мен төзімділігі ескеріледі. Себебі әр жылқының мүмкіндігі мен бабына келу мерзімі әртүрлі. Біріне жеңіл жаттығу жарасса, енді біріне ұзақ уақыттық дайындық қажет болуы мүмкін.
Жүйріктің тұяғы, аяғы, арқасы, тыныс алуы, тәбеті үнемі бақылануы керек. Таза қора, құрғақ төсеніш, уақытылы суару, сапалы жем-шөп – жүйріктің бабын сақтаудың негізгі шарттары. Аттың азығы, салмағы, жасы, дене жағдайы және жаттығу қарқынына қарай реттеледі. Жемді шамадан тыс беру жүйріктің бабын арттырмайды. Керісінше, ас қорытуына салмақ түсіруі мүмкін. Азықтандыруда да білгірлік қажет.
Келесі кезең – аттың күшін қалыптастыру. Мұнда жануардың тынысы мен шаршау белгілерін бақылау маңызды. Себебі аттың бабын келтіру оны титықтатумен емес, күшін дұрыс үйлестірумен өлшенеді.
Бәйгеге дайындық барысында жүйріктің жылдамдығымен қатар төзімділігі де шыңдалады. Тыныс алу жүйесі, жүрек жұмысы, бұлшық еттерінің дайындығы біртіндеп қалыптасады. Әр жаттығудан кейін жағдайы тексеріліп, қажет болған жағдайда демалыс беріледі. Жарыс жақындаған сайын жүктеме де қайта қаралады. Бәйге алдындағы соңғы күндерде атты шамадан тыс шаршатпай, бабын сақтауға көңіл бөлінеді.
Ал бәйге күні сейістің сабыры сыналады. Аттың ер-тұрман, жүген, әбзелі тексеріліп, жарыс жолына шығар алдындағы жағдайы бағаланады. Жүйріктің көңіл күйі мен дене қалпына дейін назардан тыс қалмайды. Бәйгеде бір ғана жылдамдық емес, ұзақ дайындықтың нәтижесі сынға түседі.
Осындай кезеңдердің әрқайсысы жас атбегіден де ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Ол жылқының «тілін» түсінуге, оның мінезін тануға, шаршағанын немесе мазасызданғанын сезуге үйренеді. Ең үлкен сыры – жүйрікті күшпен емес, күтіммен, түсіністікпен, төзіммен бағындыру. Атты күн сайын бір уақытта суарып, әсіресе қарқынды жұмыс кезінде судың мөлшері мен температурасын қадағалау қажет екен.
Ат бабы – адамнан нағыз шыдамдылық пен шеберлікті талап етеді. Бапкер мен тұлпардың арасындағы үнсіз түсіністік пен байланыс қана атты мыңжылқының ішінен суырылып шығатын жүйрік етеді.
Мектептің 11-сыныбында оқитын Бағым үшін де бұл қасиет – кітаптан оқыған теория емес, әке тәлімі.
«Тұлпардың жүйріктігі – табиғаттың сыйы болса, оның бабын келтіру – адамның төзімі мен талғамының жемісі. Бірі шабады, бірі баптайды. Бірақ екеуінің де жүрегі бір мақсатқа соғады. Бәлкім, атбегіліктің ең үлкен құдіреті де осында шығар. Иесі тұлпарына сенеді, тұлпар иесінің сенімін ақтайды. Ал көмбеге бірге жеткен сол сенімнің бағасы кез келген жүлдеден биік. Маған құрбы-құрдастарымнан гөрі атбегілер арасындағы басқосуларда жиі болу ұнайды», – дейді ол.
ӘУЕСТІК ЖЕҢІСПЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ
Кішкентайынан Қамбар ата төліне бауыр басып, ат жалында еркін өскен Бағымның тұлпармен тіл табысып, желмен жарысып жүрген сәттері әлеуметтік желіде лезде тарап, мектептегі өзге де қыздардың жүрегіне от жақты.
Күні кешеге дейін «Бұл – тек ұлдардың кәсібі» деп жүрген қаракөздер қазір Бағымға қарап бой түзейді, қылқұйрыққа деген құштарлығы оянып, ат баптаудың қыр-сырына ден қоя бастады. Нәзік қыздың бойындағы осы бір қайсарлық пен табандылық талайды тамсандырады. Қолы босай қалса, аттың бабын келтіріп, жүйріктің сынын тануға талпынады. Жылқыны күнделікті күтіп-баптаудың өзі оңай шаруа емес. Соған қарамастан, жай ғана ермек емес, жүрек қалауына айналған сүйікті ісіне жас өреннің ықыласы ерекше. Ізіне ерген сіңлілері де жылқының жайын жақсы біледі.
«Қазір аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі Қаныш Сәтбаев атындағы №216 мектепте оқимын. Бұйрықты қатты сағынамын. Апта соңындағы демалысымда барынша ауылға бағыттаймын. Кейде ұзап кетсе, екеуіміз бір-бірімізді сағынып қаламыз. Тоқсан соңындағы он күндік демалысты барынша жылқыма арнауға тырысамын», – дейді.
Бірақ кейіпкеріміз үшін бұл қиындық кедергі емес, керісінше, өзін шыңдайтын мүмкіндік. Жылқының жанында жүріп ол уақытты бағалау, бастаған ісіне жауап беру, нәтижеге жету үшін еңбектенуді үйреніпті.
Бәйгеде аты жеңіс тұғырынан көріну – әр атбегінің арманы десе де, бұл жолда жеңіліс де, сәтсіздік те болады. Кейде күткен нәтижені көрсетпеуі мүмкін. Кейде дайындыққа кеткен уақыт пен күш бірден ақталмайды. Бірақ нағыз әуестік жеңіспен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – бастаған істен қол үзбеу, әр жарыстан сабақ алу, аттың бабын тануда тәжірибе жинақтау екенін ұғындық.
«Атбегілік пен сейістік әр кезеңінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәжірибе, жылқы табиғатын терең түсіну, көзбен көріп, қолмен ұстап үйренуден басталады. Оған жастайынан қызыққан бала ертең аттың қадірін білетін, төл мұраға жанашыр азамат болып қалыптасады.Жылқының жалына жармасып өскен ұрпақтың бойында намыс пен қайсарлықтың болатыны бекер емес», – дейді қарагерін қатардан қалдырмай, бәйгеге қосып, бағын сынап жүрген Бағым Нұрланқызы.
«Басты ұстазым – Қасқырбай көкем. Ол кісіден әлі үйренерім көп. Өзіме тағы бір жарыс жылқысын алуды мақсат тұтып отырмыз», – дейді бізбен қоштасарда. Осы сәт жарыс алдындағы ат шабысы мен арудың жүрек соғысы бір ырғаққа түсіп, көкжиекке қарай ұша жөнелген сәт ойымызда көлденең көрініс берді.
Қазақ даласында ғасырлар көшін көрікті ететін осындай өрендер өсіп келе жатқанда, ұлттық рухтың да, тұлпар мініп ту тіккен салтымыздың да бағы биіктері анық. Өйткені тұлпардың тұяғынан туған дүбір – тек бәйгенің үні емес, еңбек пен төзім, арман мен үміттің жаңғырығы.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
07 қараша 2026 ж. 13 0

Арғымақ баптаған ару

07 қараша 2026 ж. 14

Еріктілік – ерен іс

07 қараша 2026 ж. 13

Оқуға құштар оқушылар

07 қараша 2026 ж. 15

Өнер – өмірінің өзегі

07 қараша 2026 ж. 20

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30