Берекелі іс алғысқа бөлейді
Биыл ел болып іргемізді бекітіп, иығымызды тіктегенімізге де 30 жыл. Мемлекет тұғырын мығымдауда кездескен қиындықтарды берекелі бірлік пен еселі еңбектің арқасында еңсеріп келеміз. Соның нәтижесінде ел мен ауданның экономикасы күн санап дамып келеді.
Бүгінде ортақ қаржы қазанын тасытуда жеке кәсіпкерлердің қосар үлесі зор. Біздің ауданда бес мыңнан аса адамның ұршықша иіріп отырған өз ісі бар. Олар қарап жатпай қажетті қаражатын күнделікті тауып отыр. Солардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Шеберлікке шек жоқ
Ғалым ОРДАБАЕВ, диван қаптаушы:
– Жігітке жеті өнер де аздық етеді. Қандай да болмасын шеберлікке шек жоқ деп ойлаймын. Бала кезден ақтөбелік ағаларым ішік, тон тігетін. Олардың мұндай ісмерлігіне қатты қызығатынмын. Ерекше көңіл бөлгенімді байқаған олар қасында маған да бұйымдарды әзірлеуге тапсыратын. Соның арқасында қазір інім Жеңісбекпен бірлесіп, цехта әуелі диванды дайындап, оны былғары немесе шүберекпен қаптаймыз. Міне, екі жылдай болды тігін тігуді қолға алдым. Бұған қоса, автокөлік салондарын толық былғарымен ромбиктеп жаңалап беру қызметін ұсынудамын. Сонымен бірге диванның қосымша аксессуарлары жастық, қолтыққа қыстырушы мамықтарды да тігемін. Әлеуметтік желіні інім екеуміз белсенді қолданамыз. Сол арқылы да көптеген тұтынушы жинадық. Тұрақты бізге тапсырыс жасайтын алушылар да бар.
Соңғы кезде диванды және машина салонын қайта өңдеп, қаптауды халық жақсы қабылдауда. Бұл кәсібімді”JakF4” өндірістік тігін құралымен атқарамын. Қазір сәнге енген қос төсек, жиһаздар мен үй қабырғаларын ромбиктеп, түрлі тас орнатып тоқу сұранысын орындап жүрміз.
Алдағы уақытта цехты үлкейтіп, дамыту жоспарда бар. Танылу аямыз кеңейсе, шәкірт тәрбиелеп, қосымша 2 адамды жұмыспен қамтысақ деген ойда жоқ емес.
Ұсталық – құнды мұра
Жеңісбек АЙДАРБЕК, жиһаз жасаушы:
– Ұлы дала төсінде соңғы үш мың жыл бойы салтанат құрған көшпелі өмір салттың ең соңғы мұрагері қазақ халқы. Содан болар, көшпелі қазақтың материалдық және рухани мәдениеті тікелей байырғы салтпен шендесіп жатыр. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз жер қойнауының құпиясын ашып, оның бар асылын пайдалана білген. Тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, сан-алуан әсемдік әшекейді, қару-жарақтарды жасаған. Бұл кәсіп атадан балаға мұра боп қалып, бізге дейін үзілмей жалғасып келе жатқан ұсталық және зергерлік кәсіпті қалыптастырған.
Қазіргі нарық билеген уақытта жаныңа жақын тұтатын істі меңгеріп, қолдан келгенше соны ұлғайтуға мүмкіндік мол. Студент кезімде жанымдағы тараздық достарым бірігіп цех ашып, тапсырыс бойынша түрлі қолөнер бұйымды әзірлейтін. Осылайша олар ата-анаға телмірмей, ересектерше табыс тауып ештеңеге мұқтаж болмады. Әрине адал еңбектерінің арқасында. Осындай қатарластардың жанында жүріп, біраз дүние дайындау жолдарын меңгердім. Біртіндеп қызығушылығым да артты. Кейін ауылға келген соң да бұл өнерден қол үзбедім. Отбасымның және туыстарымның тұрмысқа қажет бұйымдарын дайындап жүрдім. Кейін қаражат жинап, шағын цехты іске қостым.
Бүгінде тұрақты тұтынушыларым бар. Қосалқы бөлшектерге қажет сапалы дүниелерді Алматы, Шымкент, Түркістаннан алғызамын. Халықтың сұранысы бойынша әртүрлі дизайндағы асханалық, қонақжайлық, жатын орындық, балаларға арналған және дәлізге қоятын арнайы жиһаздарды жасаудамын. Бұл үшін арнайы “Пвх” аппаратын, кесетін және басқа да қажетті құрал-жабдықтарды иемдендім. Осы құрылғылар арқылы жұмысым жеңілдеп, тапсырыстарды уақытылы әзірлеуге мүмкіндік туғызады.
Жалюзиге тапсырыс көп
Жанар ІЗБАСҚАНОВА, жалюзи орнатушы:
– Бүгінде жұбайым Асылбек екеуміз 5 бала тәрбиелеп отырмыз. Жұмысым да бар. Дегенмен айлық мардымсыз болғандықтан, келесі жалақыға дейін өзгелерге берешегіміз көбейіп кетеді. Қазақпыз ғой, той-томалаққа барамыз. Сондайда қаражатымыз жетпей әбден тұқыртады. Ойлана келе апам мен ағамның кеңесімен “500” теңгелік заттарды әкеліп әріптестеріме, жақын-жуығыма сатуды қолға алдым. Бірақ қарызға үлестірілген соң бірі берсе, екіншілері өтемегендіктен. Ісім алға баспады, қайта тақырға отырдым. Бірақ мойымадым. Еңсемді тіктеп, тағы бір мәрте бағымды сынауға кірістім. Асылбекпен ойласып, сауда қатарынан жалға орын алдық. Осылайша жалюзи орнату мен түрлі-түсті перделер тігуді іске қостым.
Қазір тоқ көзі арқылы жұмыс істейтін автомат жүйесіндегі тігін машинаммен барлық тапсырыстарды дайындап беремін. Бұл отбасылық бизнесті жолдасым Асылбекпен қатар балаларым да жандандыруда. Шүкір, жаман емеспіз. Тапсырыс берушілер көңілінен шығып, алғаусыз алғыс айтып жатады. Ісіміз де берекелі жүреді. Осы күні қазалылықтар пердеден гөрі терезелеріне жалюз құруды сәнге айналдырған. Дегенмен талғамға сын жоқ. Әдеміленіп тігілген пердені де терезеге ілетіндер табылады. Сондықтан сұранысы да жақсы. Біздің қызметімізде жалюзиді орнату, оны өлшеп, құру тегін.
Сондай-ақ қаражаттан қысылғандар үшін арнайы “Homebank” және “Kaspired” арқылы үш айға пайызсыз несиемен берудемін.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА