Бірліктен береке тапқандар
Байқасаңыз, ауданда кәсіпкерлік саласында бәсекелестік басым. Қуантатыны, жас кәсіпкерлер қатары күн санап артуда. Соның себебінен түрлі ғимарат бой көтеріп, көпшілікке қажетті орындардың лентасы қиылуда. Бұларға мемлекет тарапынан берілетін көмек те зор.
Өткен жолы мектеп қабырғасынан бері достығымыз жалғасқан Нұрлыбек Әблез: «Айналаңа бас көтеріп қарасаң, менен жасы кіші жігіттер кәсіппен айналысып, күннен-күнге дамып жатыр. Ал мен бір айлыққа қарап жүрмін. Реті келсе бизнеске бет бұрамын-ау?» деген ойын білдірді. Бұл тек менің досымның ғана пікірі емес. Мұны бұған дейін талай азамат айтып, іске кіріспей жарты жолдан қайтты. Бірсыпырасы сөзбен донер, ойын-сауық, көлік жуу орталығын ашып, шаруаға кірісе алмады. Ал аудандағы мақтанышпен тілге тиек ететін жас кәсіпкерлер іс пен сөздің арасындағы алшақтықты әлдеқашан ажыратып үлгерген. Қазірде нәтижесін көріп, табыс тауып, әрі қарай кәсіпті кеңейтуді көздейді.
Артқа көз тастасақ, осыдан тура 5 жыл бұрын жергілікті жерде жас кәсіпкерлер қатары мүлдем жоқ болатын. Бертін келе мемлекеттік «кәсіпкерлікке қолдау» жобасын тиімді пайдаланғандар, ұтымды жолды таба білді.
Әлемге белгілі «Мак Дональдс-тың» негізін қалаушы, америкалық кәсіпкер Рэй Крок «Кәсіп майданында сан мәрте рет жараланып, құлаған сайын шыңдалып, әрдайым шайқасқа дайын болдым» деген болатын. Біз сөз еткелі отырған аудандағы жас кәсіпкер де осы жолда талай рет сүрініп, оған мойымай, тәуекел еткен жандар.
Аудан халқы орталық Әйтеке би көшесінде орналасқан «Мishki Khan» мен «Waffles Khan» орталығын жақсы біледі. Қатар орналасқан қос ғимараттың күндіз көркі, түнде ажары артады. Қай кезде болмасын бас сұқсаңыз іші толы адам. Міне, осы кәсіпті дөңгелентіп отырған Мұрат Байжахан мен Базархан Құдайберген. Егіз қозыдай бірге өскен жігіттер осыдан 3 жыл бұрын кәсіпті нөлден бастаған. Бұрын мұндай шаруа бастап көрмесе де мақсаттары айқын болып, тура жолдан таймаған. Олар: «Мұның барлығы Алла Тағаланың бізге берген несібесі» дейді. Кәсіптің әуелден қалай басталғанын білу үшін мән-жайды өздерінен сұрап білдік.
– Ең алғаш 2017 жылы екі жігіт бірлесіп 50 мың теңгеден қаражат шығардық. Жиналған ақшамен тойға қажетті заттарды алып, оларды арендаға беруді құптадық. Осылай әр тойдан түскен қаржының басын бұзбай жинап, 2018 жылы Ақтөбе, Қызылорда қаласы бойынша ойыншық қонжықты таратуға кірістік. Ал бұдан жиналған ақшаны қайтадан той ұйымдастыруға құйдық. Осылайша қолдан келген шаруаның барлығына білек сыбана кірісіп, 2019 жылы «Мishki Khan» гүлдер орталығының лентасы қиылды. Мұнымен шектелмей 2020 жылдың жаз айында «Waffles Khan» балмұздақ орталығын ашып, қазір де Ақтөбе мен Қызылорда арасында ойыншық қонжықтар таратып, той ұйымдастырып, гүл сатып, балмұздақ орталығының кәсібін ширатып отырмыз, – дейді жігіттер.
Әңгіме арасында жұртшылықтың көкейінде жүрген «екі адам болып кәсіп бастауға бола ма?» деген сауалдың жауабын білуге тырыстық. Сондағымыз даму жолындағы жігіттерге «Алтын көрсе – періште жолдан таядының» кері келмесе екен деген ой. Олардың айтуынша, ол жағынан қорқуға еш себеп жоқ. Ақша үшін алаңдап, бір-бірінің жағасынан алмайды. Керісінше, қай шаруада болмасын бірлесе, оң шешім шығарады.
Әңгіме барысында кәсіптік нысанның неліктен «Хан» сөзімен аяқталатынын да айтып кетті. Сөйтсек, қос азамат бірлесіп, есімдерінің соңы Хан сөзімен бітетіндіктен, сондай ортақ шешімге келген. Азаматтар бұл жолда мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Алдағы уақытта аудан тұрғындарын жақсы жаңалықпен қуантып, талай биіктерді бағындыруға бек сенімді.
Ауданнан алыстағы көпшілік бізді «Екінші Түркістан» атайды. Өйткені біздегі сауда үнемі қызу қайнап, жанданады да жатады. Оның үстіне бұл жағынан өзге аймақпен салыстырғанда алдыңғы қатарда тұрғанымыз тағы бар. Бір сыпырасына мемлекеттік бағдарламаның қайтарымсыз гранты мен жеңілдетілген несиесі көмек болып, дамудың есіктерін айқара ашуда. Айтпақшы олар қазірде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Біз айтып отырған бұл кәсіпкерлердің бір ғимаратта орналасқан «Автодом» цехы бар. Ашылғанына да көп уақыт болған жоқ.Мұны да екі жігіт бірлесіп бастаған. Адамнан көлік қаптаған заманда темір тұлпардың ішіне қажетті дүниелерді жасайды бұл азаматтар. Заман талабына сай көліктің төменгі жағына, яғни аяқтың астына салатын поликтердің ерекше түрін дайындайды. Олардың айтуынша, кәсіпті бастауға мемлекеттік гранттың қажеті болмаған.
– Екі жігіт бірігіп, қаражатты ортаға салдық. Бұны ашу үшін ешқандай гранттың көмегіне жүгінбедік. Студент кезімде Алматы қаласында осындай цехта жұмыс жасап, білген-үйренгенімді туған жерімде жалғастыруды ойладым. Қажетті станоктарды сол жақтан сатып алып, еш ойланбастан жұмысты бастап кеттім, – деді Нұрбақыт Ділімбет.
Ал екі жігіттің біреуі Нұрболат Шәрі: «Ауданда көлік мінген әрбір жүргізушінің талабына сай жұмыс істеп, тұтынушы көңілінен шығудан аянып қалмаймыз», – дейді.
– Жасыратыны жоқ, әрбір тізгінші үшін көліктің ішкі сәні келіскені жақсы. Ол үшін біз дайындайтын дүниелер ауадай қажет. Содан болар ашылған сәттен бастап сұраныс саны күн санап артуда. Барлығына үлгеріп тұрмыз. Алдағы уақытта мұнымен шектелмей, өзге де үлкен көлемді шаруа атқарып, жоспарымызды жүзеге асырамыз. Бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отырған жайымыз бар, – деді кәсіпкер.
Жас болса да бас болып, бұл саланың қиындығын еңсеріп келе жатқан азаматтардың берекелі ісіне қуандық. Алдағы күндеріне сәттілік тілеп, ел алғысына бөленуге тілек білдірдік.
Басқасын қайдам, өз басым аудан ішінде мұндай жас кәсіпкерлер қатары артқанына қатты қуанамын. Ауданның дамуына аз да болса үлес қосып, болашаққа деген тура жолдың айқын көрінісі. Мұндайда «Бәрекелді, еңбектерің жана берсін!» деуге болады.
Абзал ЖОЛТЕРЕК