Ісі берекелі, қолы шипалы
Қазір нарықтың ырқына қарай мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашсаң тым тәуір жетістікке жетуге болады. Мұндай мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, сүйікті ісін дөңгелетіп жүргендер арамызда аз емес.
“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ ауыл кәсіпкерлігін дамытуға қолдау көрсетіп келеді. Жылда кәсібін жаңадан ашқандарға қаржылай көмек беріледі. Несиелеудің негізгі бөлігі етті мал шаруашылығы мен ауылдағы кәсіптің басқа түрлеріне де бағытталады. Соның арқасында Айнұр Ерғазиева да жеке ісін қолға алып, шағын емдік профилактикалық кабинетін ашты. Еңбекқор кәсіпкер инсульт алған ересектерге, сал ауруына шалдыққан балаларға кәсіби уқалау әдісімен ем жүргізеді. Сондай-ақ жалпы емдік массаждың жиырмаға жуық түрімен қызмет көрсетеді.
– Бүгінде ынталанса, ебін тауып қолдан келген шаруаны ұршықша иіріп әкетуге әбден болады. Бастысы ештеңеден тайсалмай, алға қойған мақсатыңа жетуге талпынған жөн. Кез келген ұсынылған жұмысты атқарсаң өмірлік тәжірибе жинап, жақындарыңа қаржы жағынан салмақ салмайсың.
Жалпы негізгі мамандығым бар. Дегенмен ешкімге тәуелді болмай өзіме ұнаған іспен айналысқым келді. Массаж жасаудың арнайы оқуына қатысып, оны растайтын сертификатқа ие болдым. Себебі қандай да бір жұмысты қолға алу үшін кәсібилік қажет деп түсінемін, – дейді жас ару.
Айнұрдың айтуынша, әуелі сауда жасап тапқан табысына емдік сылап-сипаудың қыр-сырын үйрететін курстарда ілім алады. Оның массаж жасауға деген қызығушылығын туған інісі оятқан. Айнұр арнайы сабақтардан кейін халыққа қызметін ұсынады. Қызмет аясын кеңейту мақсатында аудандық кәсіпкерлер палатасында “Бизнес бастаудың” бір айлық курсына қатысады. Мұнда ол білікті мамандардан кәсіпті қалай жүргізудің жолдарын үйренеді. Сонымен қатар ауданда қолданысқа енгізілмеген жаңашыл бағыттағы істің көзін қалай жүзеге асыру керектігі жөніндегі ақпараттарға қанығады. “Кәсіпті жүргізу барысында кездесетін олқылықтардың алдын алу үшін құқықтық негіздері түсіндірілді. Бұл оқудан көп нәрсе үйреніп, керекті дүние алдым. Құжатты қалай дайындап, не ұсыну керектігін біліп шықтым. Сабақ барысында жаңа идея ойға келді. Бір істі қолға алсаң жан-жақты табыс табу жолдарының көптігіне көзім жетті. Қажетті заңды қағаздарымды түгелдеп, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан” қаржы иемдендім. Оған жиналмалы кушетка мен бетті тазалауға арналған жабдықтар сатып алдым. Жиналмалы төсектің ыңғайлылығының арқасында кез келген уақытта тұтынушыларымның үйіне барып емдік жұмысымды жүргізе аламын”, – дейді Айнұр Қырғызбайқызы.
Жас кәсіпкердің “ENJOY” beauty&health массаж және косметология орталығында бетті механикалық тазарту, карбокси терапия, дарсонвализация, УДЗ скрабер, альгинатты маска, BB GLow процедуралары жүргізіледі. Сонымен бірге жалпы емдік, антицеллюлитті, стоун терапия, бора-бора, банкамен бетке “Кобидо” массажы мен балмассаж жасап, остеохондрозды емдеумен айналысады. Қазір тұрақты тұтынушылары үзбей ем алуды әдетке айналдырған. Нәтижесін көрген олар алғысын білдіріп жатады.
Ісі берекелі кәсіпкер қазіргідей мобильді уақытта адамдардың жүйкесі шаршап, стресс көп алатындығын алға тартады. Сондықтан өзін күтіп, осындай ем-дом алудың пайдасы зор екендігін жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА