Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді

– Мемлекет берген жеңілдікті қолданып, жеке іспен айналысуға бел будым. Дегенмен биыл малшыларға өте қиынға соғып тұр. Жем-шөп аздық етеді. Оған қоса мал ауруы да өршуде. Сөйте тұра тәуекелге бел буып, осы түліктің ізінде жүрмін. Осылардың он басын Өркендеудегі туысымның жайылымдығына қосып қойдым. Өз қорам аздық етеді. Бәріне күнделікті азығын тауып беру де оңай емес. Сондықтан далалыққа жібердім, – дейді Темірхан Махмутов.
Оның айтуынша, бұған дейін қолда бірер мүйізді ірі қара ұстағандықтан ойлана келе оның басын көбейтуді жөн көрген. Себебі үлкен отбасында 6 бала мен 3 немере тәрбиелеп отыр. Осылайша көпбалалы әке "Бастау бизнес" оқу курсынан білімін толықтырып, кәсіпке қажетті жоспарын дайындайды.
– Отбасыммен келісе отырып өз кәсібімізді аштық. Кәсіпкерлер палатасынан бизнес курсы туралы естіп, жазылдым. Отыз күн оқыдым. Оқып-үйренген білімімнің арқасында өзімнің бизнес-жоспарымды көрсеттім. Жоспарымды мақұлдап, несие алдым. Қазір маған отбасым көмектесуде. Әзірге пайдаға шықпадық. Бірақ болашақта жақсы нәтиже болады деген сенім бар. Алға қойған жоспарларымыз жүзеге асып келеді. Ендігі бір тілегіміз болашақта ауыл сыртынан мал ұстайтын арнаулы жер алуымызға көмек берілсе. Өйткені үй ауласындағы қоралар тарлық етіп отыр. Оның үстіне бұл жағдай ауылдың тазалығы мен экологиялық жағдайына да кері әсерін тигізуде, – дейді кәсіпкер.
«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деп бекер айтылмаса керек. Таңнан кеш батқанға дейін тер төгіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің өнімін татып отырған Темірхан Махмутовтың жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық десек жаңылмаймыз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА