Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қанша ділмәр ширегіне келмеген

Қанша ділмәр ширегіне келмеген

 Қазақ халқының бірлігін нықтап, азаттығын айғақтауға атсалысқан мемлекет қайраткерлері – би-шешендердің қоғамда маңызы зор. Солардың бірегейі, алты Алашқа аты мәшһүр жерлесіміз – Әйтеке би (Айтық) Байбекұлы.

 «Тектілік» деген ұғымға ұлтымыз ертеден ерекше көңіл бөлген. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, Тартпай бір қоймас негізге» дегендей, Әйтеке Әлім тайпасынан тараған, Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының, түркі халықтарына ортақ тұлға Сейітқұл әулиенің тікелей ұрпағы, Самарқанды билеген Жалаңатөс батырдың жақын туысы саналады.
 Сөз қасиетін ерте ұғынған құймақұлақ бала жасынан ділмарлық қабілетімен дараланады. Оның қалыптасу жолына әкесі мен Қосуақ бидің, тағылымды тәрбие берген Жалаңтөс батыр мен атасы Ақша ханның ықпалы көп болады.
Алғаш ауыл молдасынан харіп таныған ол ізденісін алдымен Ұлықбек, кейіннен Жалаңтөс салдырған әйгілі «Тіллә-кари», «Шердор» медреселерінде дамытып, түрлі бағыттағы ілімге терең қанығады. Қосымша шығыстың бірнеше тілін жетік меңгереді.
Медресені тәмамдаған шәкірт Әйтеке туған жеріне оралып, ел басқару ісіне араласады.
Жан-жақты білімді, бейімді жастың орынды ой, әділ шешімі көпті сүйсіндіріп, небәрі жиырмадан енді асқанда Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың бас биі етеді. Ал ширек ғасырлық жасында Кіші жүз халқы оны бас биі етіп сайлайды.
 Тарихта Әйтекенің үлгілі ісі 1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы Тәукені хан етіп сайлау өткізуде аңғарылады.
 Тәуке хан «Хан кеңесін» сайлағанда, ханның ресми кеңесшісі, Кіші жүз атынан аталмыш кеңестің мүшесі де осы Әйтеке болады. Жылнамалар дерегін қолға алғанда әділетті қоғам орнаған, аналогы жоқ заңнама – «Жеті жарғы» қабылданғанда да редакция құрамында Тәуке хан, елге әйгілі билер Әнет баба, Соқыр Абыз, Төле, Қазбекпен бірге Әйтекенің болуы кездейсоқтық емес, оның өз орнын қоғамнан белгілегенінің айғағы.
 «Жеті жарғыдағы» «Сүйек құны», «Өнер құны» тараулары Әйтеке ұсынған жоба негізінде жүзеге асқан. 1685 жылы Әлі сұлтан мен қарапайым халық арасындағы үлкен жанжал туындайды. Мәселенің ушығуына Әлі сұлтанның ұлының кедей қызына қастандық жасаған әрекетінен орын алады. Қыз сұлу да өнерлі екен. Оған сұлтан баласы өзіне көнбегені үшін қолындағы бүркітіне шүйітіп, ажалына себепші болады. Құн сұрап барған ағайын мен билерін Әлі маңына жолатпай, қуып жібереді. Ашынған ағайын базынасын Әйтеке биге айтады.
Әйтеке қыз құнына қосымша оның өнерлі екенін айтып, «өнер құнын» және қыздың жоқтаушыларын келеке қылып, сүйек сындырғаны үшін «сүйек құнын» төлеуді талап етеді. Бұл өнерге деген жанашырлықтың да жайынан сыр шертеді.
 Көбі күрмеулі төбедей тура төрелігімен танитын тұлға әскери машыққа да мейлінше жаттыққан дарабоз болғанын тарихи деректер айғақтайды. Жалаңтөс баһадүр Әйтекені ұрыс қимылдары мен әскери қолбасшылық дағдыға баулиды.
«Айыр тілді Әйтеке» атанған бидің халық арасына жасаған билігі, шешендік сөздері, толғаулары мен баталары көптеп тараған.
Әйтекенің ең алғаш рет билік етуі ел аузында былайша өрбиді:
Бала Әйтеке бірде үш жолаушыға кездесіп: «Ассалаумағалейкум, ағалар!» – деп, үлкендерге ізетпен сәлем береді. Сонда жолаушының жасы үлкені:
– Сәлемет бол балам, мынау қай ауыл? – дейді. Әйтеке:
– Сейітқұл ауылы.
– Өзің кімнің баласысың?
– Байбектің баласымын.
– Қосуақ бидің үйі қайсы?
– Анау қыр астында. Онда не шаруаларыңыз бар еді? –деп, сұрайды бала.
– Ойнап жүрген баламызды сол ауылдың бір жолаушысының аты теуіп өлтірді. Соның құнын даулап келеміз, – деген қарт жолаушының сөзін естіген Әйтеке, сәл ойланып:
– Балаңызды ат босағада тепсе – бүтін құн, жабықта тепсе – жарты құн, түзде тепсе – төрттің бірін аласыздар. Қосуақ би де осыны айтар, осыны айтпаса, қосып айтар. Жолдарыңыз болсын! – деп қоштасып кете барады. Үш жолаушы қырдан асып, Қосуақ бидің үйіне барып, мақсаттарын баяндайды. Қосуақ би де Әйтекенің кесімін айтып, жүгінушілерді риза етеді. Сонда өлген баланың әкесі:
– Апырмай, осы билікті бізге әуелі далада ойнап жүрген бала айтып еді, түбі сол бала әділ би болар, – деген екен.
Тағы бір оқиғада да бабаның көрегендігі көрінеді.
Ертеде Ұлы жүздің бір жігітіне атастырып құда түсіп қойған Орта жүздің бір қызы Арғынның жігітімен қашып кетіп, екі ел арасынан жік пайда болады. Бір-біріне өшіккен қос тарап қарсыластарының жылқысын барымталайды. Бұл істің анық-қанығын шешу үшін төрелік етуге қос рудың қариялары Төле мен Қазыбек биге жүгінеді. Даушылар:
– Аға болып алдымен туасың,
Барымталап жылқымды қуасың?
– Артымнан ерген еркемсің,
Ағаңның көзі тірісінде
Жеңгеңді неге ертесің? – деп өзара өкпе артып, ұзақ сөз жарыстырып, ортақ мәмлеге келе алмайды. Сонда ортадан Әйтеке шығып:
– Сабыр етіңдер, ағайын! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған бәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
Төле, сен, жылқысын қайыр!
Қазыбек, сен жесірін қайыр! – деп екеуін келістіріп қол алыстырыпты. Ел Әйтекенің бұл билігіне риза болып, байыпты бітімге келіп, тынышталыпты.
Халық жырауы Қазанғап Байболұлы үш жүз билеріне арналған дастанында Әйтеке би туралы былай термелейді:
Онан да өткен Әйтеке,
Қудан ұшқыр, құланнан.
Мұндай шешен болмайды,
Бір сөзін жүз мақалдап,
Сипаттап қандай тіркейді.
Түршіктіріп денеңді,
Барған сайын өрлейді.
Таудай сөзге тарыдай,
Қию тауып сөйлейді.
Ерегіссе біреумен
Қара жерге жерлейді
Қанша ділмәр дегендер,
Ширегіне келмейді...
Бидің Ормамбет биге айтқан мына сөзі елдік мұрат, мақсатты мегзейді: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін! Бай болып пайдаң тимесе, батыр болып, найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін!».
 Әйтеке Байбекұлы бірде Қазыбек биге жолығысады. Сонда атағы көпке жайылып үлгерген Қаз дауысты Қазыбек би Әйтекеге: «Атадан жақсы ұл туса, Елінің оңы болады. Атадан жаман ұл туса, Көшінің соңы болады» деген. Сен сол ұлдың қайсысы боласың?» – дегенінде Әйтеке: ««Ораздының кәрісі қартайғанда қазына болады. Араздының кәрісі қартайғанда қазымыр болады» демекші, Сіз өзіңіз соның қайсысы боласыз?» – деп қарсы сұрақпен жауап беріпті. Қазыбек Әйтекенің батылдығына риза болып: «Бауырым, халқым сөзімді тыңдаса, қазынасы болармын», – деп тапқырлығына сүйсінгенде, Әйтеке: «Мен де халқым құп алса, елімнің оң сөйлер ұлы болармын», – деген екен.
 Осындай өмірін халқының қамын күйттеуге бағыттаған Әйтеке қайтыс болғаннан кейін оның мүрдесі Нұрата тауы маңына жерленеді. Бұл туралы зерттеушілер екі нұсқаны алға тартады. Біріншіден, ол мекенде Сыр бойынан көшіп кеткен Төртқара руының көпшілігі қоныс тепкен. Ұрпақтары би өзінің «мәңгілік мекенін» сол орынға белгілеуді аманаттау арқылы, «бұл жер де қазақтың қонысы» деген үлкен көрегенділікпен жасалған болжам екенін растайды.
 Жоңғар басқыншыларына табанды қарсылық көрсетуді ұтырлы ұйымдастырып, қазақ елінің кемел келешегіне жол салып, келер ұрпағының ынтымақты бірлікте өмір кешуінің қамын ойлаған қамқоршы дана шешен, ішкі және халықаралық күрделі мәселелерді шешуде төреші болған озық ойлы тұлғалығымен ел тарихында елеулі орын алады.
Дайындаған
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
10 тамыз 2019 ж. 2 591 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930