Халық қауіпсіздігі мен табиғат тұтастығын сақтағандар құрметке бөленді

Әйтеке би кенттік Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен қоршаған ортамыздың тұтастығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген қос саланың үздіктерін марапаттады.
- Биыл еліміздің Төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл сала бүгінде халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігіне айналды. Өзгенің өміріне араша түсу үшін өз өмірлерін қауіпке тікетін жандар қандай құрметке болса да лайық. Жыл сайын ауданымызда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы негізінде, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен төтенше жағдайлар саласының материалдық-техникалық тұрғыдан нығайтуға айырықша көңіл бөлініп келеді. Биыл ауылдық елді мекендерде ерікті өрт сөндіру жүйесін нығайту мақсатындағы «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында ауданға қарасты Ақсуат елді мекенінен өрт сөндіру бекеті ашылуда.

Жуық арада өрт сөндіру бекеті ауыл халқына пайдалануға беріліп, жаңа, заман талабына сай 1 дана өрт сөндіру техникасы табысталмақ.
Мұнан бөлек, соңғы 2 жылда ауданға қарасты Қызылқұм, Майдакөл және Аранды ауылдық округтеріне өрт сөндіруші 3 техника табысталса, аудан орталығындағы өрт сөндіру мекемесінің 3 техникасы жаңартылды.
Құтқарушылар азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, қоршаған ортамыздың тұтастығы сақтап, орман және жануарлар дүниесін қорғауға, молайтуға өз үлесін қосып жүрген жандар ол – Орманшылар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында еліміздегі экология мәселесі басты назарда болу қажеттігін атап өтті.
Президенттің тапсырмасына орай экологиялық ахуалды жақсартуға бағыттылған жұмыстарды жоғары деңгейде атқару үшін қазалылық орманшыларға қолдау көрсетіліп келеді.
Соңғы 2 жылда Қазалы аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне вахталық автобус пен борттық автокөлік және 15 мотоцикл берілген болатын. Ал, биыл мекемеге өрт сөндіру техникасы табысталды.
Орманшыларға көрсетілген қолдаудың арқасында орманшыларымыз орманды молықтыру, орман және жануарлар дүниесін күзету және қорғау, орман өрттерінің алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Баршаңызды қос бірдей кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, - деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Салтанатты шарада қос салада жемісті еңбек етіп жүрген сала үздіктері мен сала ардагерлері ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінің «Төтенше жағдайлар Министрлігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, арнаулы атақтармен, «Қазақстан орман қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» I дәрежелі төсбелгісімен, облыс және облыс әкімі орынбасарының, аудан әкімінің, облыстық Төтенше жағдайлар мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Салтанатты шара соңында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, мереке иелеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.