Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Азияның ақырғы жолбарысы

Азияның ақырғы жолбарысы

Қазақ халқының тағдыр-талайында айбынын көрсетіп, елдің қорғаны болған тарихи тұлғалар шоғырындағы батырлардың алатын орны ерекше. Сондай тұлғалардың бірі – бір кездері бұрқ-сарқ қайнаған аласапыран замандардың өзінде шекаралары бөлінбеген төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ-өзбек еліне ортақ перзент, атышулы батыр, көреген әмірші Жалаңтөс баһадүр. Тарихшы К.Катаев: “Азия тарихында үш жолбарыс болды. Олар – Шыңғыс хан, Әмір Темір, Жалаңтөс”, – деген болатын.
Иран мен Тұран өңірінде Шыңғыс пен Темір тұқымы билік құрды. Алтын Орданың өзегінен өрген Астрахан, Қырым, Қазан хандығы, тіптен Ноғай ордасына дейін осы әулеттің жұмған жұдырығында болды. Бұл мирасқорлық салтанаты 1630 жылдары Жалаңтөс баһадүр Самарқан әмірлігін алған соң ғана айрандай іріді. Сонымен, Жалаңтөс кім еді? Қазақ. Ал, Азияның ақырғы жолбарысы атануына не себеп деген сұрақ туады.
Өткен күндерден жеткен мәліметтерге көз жіберсек, Жалаңтөс бабамыздың 1576 жылы Арал теңізінің оңтүстік-шығыс өңірін қыстап, жазда Еділді көктей асып, қиядағы Түмен ормандарын жайлап қайтатын, қарадан шығып, хан болған Сейітқұл қажының шаңырағында дүниеге келгендігін айтады. Баһадүрдің арғы атасы Ораз қажы найзаның ұшы, қылыштың жүзімен жарты әлемді тітіркенткен Әмір Темірдің бас уәзірі, әрі ақылшысы болған деседі. Сол Ораз қажыдан тараған ұрпақ тегін болсын ба? “Алаштың атын шығарғандардың бірі осы Сейітқұл болатын. Сол Ораз қажыдан тараған ұрпақтарының тектілігінде жатса керек. Жалаңтөс туралы айтатын болсақ, Әйтеке биді айтуға тура келеді. Өйткені, Әйтеке би Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры Ақшаның үшінші баласы Байбектен туған” (Ә.Кекілбаев “Үркер”). Ал Ақша би бабамыздың Жалаңтөс баһадүрдің заманындағы Ходжент аймағының әміршісі болғаны белгілі. Сейітқұл ХV ғасырдың екінші жартысында жан-жақтан еліне төніп келе жатқан аса ауыр қауіп-қатердің салдарынан 40 мың үйі бар тайпа елді суыт көтеріп, Сырдың төменгі ағысынан оңтүстікке Нұрата тауына қарай көшіп кетеді. Елге төніп тұрған қауіп-қатер XVI ғасырдың ортасында орыс мемлекетінің патшасы И.Грозный басқарған отаршылар қанды қырғынмен 1552 жылы Қазан қаласын құлатқан, 1556 жылы Астрахан хандығын басып алып, Еділ бойын жағалап, Жайық жағалауындағы ауылдардың тас маңдайынан төніп тұрған. Осының бәрі Хақназардың баласы Шығай ханды өз серігі Сейітқұл қажыны бүкіл Алшын руларын дүрліктіріп, 1580 жылы таққа отырған өзбек ханы Абдулла ІІ қарауына өтіп кетуге мәжбүр етті.
Бұл кезде жасы әлі онға тола қоймаған Жалаңтөс Абдулла ханның сарайында біраз уақыт тәрбие алады. Оған әкесі Сейітқұлдың көмегі себеп болды. Жалаңтөс бес жасынан мешітте оқып, діни тәрбие алған. Сонда жүріп Әмір Темірге бас уәзір болған Ораз қажының өмір жолын, Әмірдің әскери өнері мен соғыс өсиеттерін оқып, үйренді. Содан соң Бұхар қаласындағы соғыс мектебінде шыңдалды. Оқуын бітірген Жалаңтөс Нұрата тауларына түменбасы деген атақ, әскери дәреже алып қайтқан.
Жалаңтөс бабамыз Сырдың төменгі сағасы мен Әму жағындағы Алшындар мен Шөмендер қарайтын Нұрата аймағының әмірі болып тұрғанда соғыс өнеріне көп көңіл бөліп, сол кездің өзінде оның 10 мың сарбазы болған. XVI ғасырдың екінші жартысында қалың қазақ батысында орыстардың, солтүстігінде башқұрттар мен ноғайлардың, шығысында жоңғарлардың, оңтүстігінде Хиуа, Бұхар, Қоқан хандықтарының құрсауында еді. Жалаңтөс ат жалын тартып, қолына найза ұстауға жеткенде елдің жағдайы осындай болатын.
1622 жылы көктемде ауған-үнді-парсы қосындарына соғыс ашып, Жалаңтөс осы соғыста жаудың жекпе-жекке шыққан 12 батырын жер қаптырады. Содан соң қарсыластарын Кабул, Мешхед, Герат қалаларына дейін тықсырып, сол қалаларда соққы берген деген мәліметтерді жазушы Ж.Мұратбаевтың еңбектерінен табуға болады. Міне, осы соғыстарда Жалаңтөстің аты батыр есебінде халыққа жайылды.
Жалаңтөстің атағын жер жиһанға жайған аса ірі соғыстары 1643 жылы Жәңгір ханның билігіндегі Жетісу өңіріне жоңғарлар 50 мың қолмен басып кіріп, 10 мың адамды тұтқындап әкеткенін тарихшы И.Я.Златкин өзінің “Жоңғар хандығының тарихы” атты еңбегінде атап өтеді. Жарбұлақта осы қанды шайқаста Жәңгірдің мыңға жетпейтін азғантай қолы тау шатқалында өтіп бара жатқан жоңғар қалмақтарына тосқауыл қойып, қырғынға ұшыратады. Ел аузындағы деректерге қарағанда жеңісті баянды ету қиын болатынын түсінген Жәңгір көмек сұрап Сасық биді Жалаңтөске жұмсаған. Тарихтан жеткен мәліметтерге қарағанда, Жәңгір сұлтан мен Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырдың арасында айрықша адамдық әрі жауынгерлік достық болған. Жалаңтөс батыр парсы жаққа шабуыл жасағанда, Жәңгір оған үнемі көмекке келіп отырған. Сол көмектің қарымтасын осы жолы Жалаңтөс қайтарған. Сөйтіп олар жоңғарлардың 11 мың 500 адамын қырғынға ұшыратып ойсырата жеңіп, оларды Алтай тауынан әрі асырып тастаған көрінеді.
Жалаңтөс батыр соғыс өнерімен ғана шұғылданып қоймай, сәулет өнеріне, оқу мен білімге айрықша назар аударған. Сол заманда академик М.Е.Массонның өзі Жалаңтөстің 3 мыңдай құлы болған дейді. Солардың күшімен 1619-1636 жылдары Регистанда атақты “Шер-Дор” “Арыстанды медресе”, 1647-1660 жылдары “Тіллә-Қари” “Алтынмен апталған” медресесін салдырған.
Регистандағы екінші ескерткіш “Тіллә-Қари” “Шер-Дорға” қарағанда біршама кейіндеу қолға алынған. Медресенің аты “Алтынмен апталған” деген ұғымды білдіреді. Бұл ансамбль бүгінде әлемнің жеті кереметі сияқты барша жұртшылықты қайран қалдырып отырған сәулет өнерінің інжу-маржанына жатқызылады.
Қорытындылай келе, түркі тілдес халық әлем тарихынан берік орын алған Александр Македонский, Шыңғысхан, Бейбарыс сияқты Жалаңтөс баһадүр бабасымен де мақтана алады. Оның сіңірген еңбегі – мұсылман елдеріне ортақ.
Өтебай ҚОЖАҚҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік
университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы

14 мамыр 2019 ж. 2 861 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 65

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930