Түгел сөздің түп атасы
Әрбір сөздің қадірін білетін қазақ Майқы би есімін естіген. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген тәмсілде жүрген би кім? Ол өмірде болған ба? Не себепті қазақ сөзінің атасына саналады? Бұл туралы деректер не дейді?
Аты аңызға айналған тарихи тұлға, атақты би, шешен Майқы би бізге жеткен ауызша тарихты негізге алсақ, б.з.б. үйсін мемлекеті билеушілерінің бірі. Майқы би Мәнұлы деген атпен белгілі. Б.з.б. 178–89 жылдары өмір сүрген және аңыз бойынша би атанған тұңғыш адам.
Шежірелерде кездесетін екінші Майқы би Төбейұлы (1105–1225) Шыңғыс ханның замандасы, әрі оны хан көтерген 12 бидің бірі. Парсы тарихшысы Рашид ад-Диннің «Жамиғат – тауарих» атты шығармасына «Қошындық Байку деген атпен» енген Майқы бидің Шыңғыс ханның оң қолы, ел басқару ісіндегі ақылшысы, бас биі, Жошы хан әскерлерінің оң қанатын басқарғаны айтылады. Осы дерек моңғол жылнамасы «Алтын тобчида» да бар. «Қазақ Совет энциклопедиясында» оның Шыңғыс ханның ел бастау ісіне көмектесіп, ақылшысы, өзі жорыққа аттанғанда орнына қалдыратын биі болғаны, Жошы ханның Батысқа жасаған жорығында моңғол әскерінің он қанатын басқарғаны айтылады. Осыған қарағанда, Майқы би жас жағынан Шыңғыс ханмен қарайлас болуы мүмкін.
Ал қазақ аңыздары оны одан бірер ғасыр кейін жасатып, қазақтардың үш жүзге бөліну кезеңінде үлкен рөл атқарды дегенді айтады. Мұнда Майқы би Орманбек би өліп, он сан Ноғай елі бүлінгенде, қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер есебінде көрсетіледі.
Майқы би қазақ руларын үш жүзге бөліп, Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Арғын бастаған бөлікті Орта жүз, Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атайды. Ноғайлы хандарының бірі – Қызыл Арыстанның баласы Ахметті Ұлытауда үш жүздің ханы етіп көтереді.
Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, жартасқа қашатқан. Кезінде «Майқының таңбасы» деп аталған бұл тас кейін жер атымен «Нұра таңбасы» аталып кеткен. Майқы би қазақ ұлысын құра отырып, кейінгі ұрпақтарына: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді... Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ел болуды ойлаңдар» деп өсиет қалдырған.
Ел аңыздарының деректеріне қарағанда, Майқы бидің өз заманында ел қамын ойлаған үлкен ойшыл адам болғаны аңғарылады, халықтың әдет-ғұрып, салтын, жөн-жоралғысын заңға айналдыруда Майқы бидің орнының ерекше болғаны көрінеді. Ұлық тұлғаны өзбек, татар, башқұрт халықтары да өз данасы деп есептейді. Сөзімізге татарлар, башқұрттар, қарақалпақтар мен өзбектердің де аңыздарында тұлғаның образы «Байқы», «Байқу» деген атаулармен жиі кездесуі дәлел.
«Ұлы жүзді қамшы беріп малға қой, Орта жүзді қауға беріп дауға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген сөздің әйгілі Майқы биге тиесілі болуы мүмкіндігін тарихшылар жасырмайды.
Ал, халық арасында ол әділ билігімен, көріпкелдігімен танылған. Болашақты дәл болжай білген Майқыны халық әулие деп таныды.
Бабамыздың айтып кеткен: «Көзі қысық, тісі қисық жаудан гөрі, көзі шегір, өзі жемір жаудан ұрпағым көп қорлық көретін болады», — деген сөзі айнымай келгеніне таң қалмасқа шараң қалмайды.
Келесі бір дерек Майқы би ноғайлар көшіп, Ормамбет би қайтыс болған соң қазақтардың басын қосып, халықты үш жүзге бөлген делінеді.
Бірде көпшілік арасында отырған сәтте ғұламаға біреу: «Кімнен кім туады?» деп сұрақ қойған екен. Сонда Майқы кідірместен:
“Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұнқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақбас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады” – деген екен.
Жалпы, ел арасында Майқы би айтқан деген мақалдар, нақыл сөздер көп. Ол халықтың бірлігін басты байлық деп санап, ел билегенде ұлттың салт-дәстүріне сүйеніп билеген жөн деген ұстанымда болды.
Мөңке биге тиесілі ел арасында:
«Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін»,
«Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Езге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең» деген қанатты сөздер қалған.
Ал «Жаман еркек жар қадірін білмес,
Жайсыз әйел ер қадірін білмес.
Жалқау адам тер қадірін білмес,
Жетесіз жігіт ел қадірін білмес»,
деген сөздер бүгінде тұрақты тіркеске айналғандай.
Көшпелі қазақ халқының болмысы мен тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық салт-санасына лайық, әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда от ауызды, орақ тілді Мөңке би қайталанбас ерекше, шешендігі мен әділдігі арқылы есте қалған қоғам қайраткері.
Дайындаған
Алтын МЕЙІРХАНОВА