Шәкендегі шаруа тойы
Ұлттық салт-дәстүр ішінде жомарттық пен қайырымдылық, ынтымақтық, еңбексүйгіш секілді елдің бірлігін көрсететін барша түркі халықтарына ортақ сабантойдың маңызы айрықша. Думанға толы осындай еңбек мерекесі 6-7 шілдеде Шәкен ауылында өтті.
«Сабан» сөзінің көне мағынасы – «соқа» екенін ескерсек, бұл қуаныш ұғымымызда егінге қатысты атау екені белгілі болады. Осы мақсатта ұйымдастырылған ауқымды шараға жұртшылық көптеп жиналды.
«Тойдың сәні – бәйгемен» дегендей, көпшілік жылқы тұяғы дүбіріне дала тынысын қосқан бәйгеге куә болды. Оған аудан аймағы мен Арал, Қармақшы, Жаңақорған аудандарынан атбегілер келіп қатысты.Ат аламаны жеңімпаздарына қалы кілем жапқан түйе, жылқы, тай өгіз, техникалық-тұрмыстық заттар берілді. Сондай-ақ палуан күресі, қол күресі сынды спорттық сындарда ер азаматтар күш-жігерін байқатып, тігілген жүлдені ұтып алды.
Сол күні кешке ауыл өнерпаздары әзірлеген гала-концерттегі әсерлі ән, көңілді күй, көркем би жанды жадыратты.
Шараны құттықтау сөзімен ашқан аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов әлемнің көптеген халқына ортақ, басты мейрам саналатын тойдың бұл түрін қазақтар да ерекше атап өткендігін айтып, ауданда ауылшаруашылығы саласында атқарылып жатқан істер туралы тоқталып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары дәстүрлі шараны өз деңейінде ұйымдастыруға атсалысқан Молдабай Әбжәмиұлы, Талғатбек Торғынұлы, Бақытбек Шәріпұлы, Байбатыр Қасымұлы, Сәбит Жеткергенұлы, Қалдыбек Мұғамбарұлы, Қалабай Құрманғалиұлы, Құрманғазы Сейілханұлы, Күзенбай Амандосұлын аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады.
Ауыл халқы меймандос көңіл танытып, қуанышқа ортақтаса келген ағайынға ақ дастарқаннан дәм таттырып, алғыстарын алды.
Салтанат ЖҮНІСОВА