"Қызымның бағы жанбады": Жанар Айжанова бала тәрбиесінде ата-аналардың жіберетін қателігі жайлы айтты
Жанар Айжанова бала тәрбиесінде ата-аналардың жіберетін қателігі жайлы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өнер иесі желідегі парақшасына бала тәрбиесі туралы жазба қалдырып, құпиясымен бөліскен. Балаларын үнемі қарғайтын әйелдің оқиғасын айтып берген ол, баланы жүйесіз қарғаудан аулақ болыңыз деп ақыл айтты.
"Сіз балаңызды қарғайсыз ба? Ендеше "Арпа егіп, бидай орамын" деп ойламаңыз. Бұны айтып отырған себебім, ертеректе бір әйел бала-шағасын болмашы нәрсеге бола "Ақ үйіңе қара тігілгір" деп күнде қарғап жататын. Естігенде денеміз түршігіп қорқатынбыз. Кейін естідік, ақыры солай болғанын. Жүйесіз қарғыс өзіңді табады деген", - дейді Жанар Айжанова.
Ердің ез, қыздың арсыз болуы қарғыспен тікелей байланысты дейді өнер иесі. Оның айтуынша, ауыр сөз адамға әсер етіп, өмірінің кері кетуіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан ауыздан шыққан әрбір айтқан қарғысыңызға, мақтауыңызға мән бергеніңіз жөн. Балалардың жолын өзіміз жауып, кейін оларға өкпе артамыз дейді ол.
"Сөздің қуаты көзге көрінбегенмен, сезіледі. Мүмкін сіз бен біздің аузымыздан шығып кеткен қарғысымыздан шығар, келіннің шайпау, қыздың кертартпа, ұлдың ер емес ез болып жатқаны. Бәрі деп айтып отырған жоқпын. Дегенмен де, кейбір енелерді былай қойғанда, өз шешелері ұл-қыздарына аузына келгенін айтып жатады. Не болмаса байынан, басқадан ала алмаған өшін өрімдей бала-шағасынан алып, қарғыспен кептіріп жатады. Сосын келіп жылайды. "Қызымның бағы жанбады, ұлымнан еңбегім қайтпады" деп. Баланың жолын баяғыда-ақ өзі жауып тастағанын білмейді", - дейді Жанар Айжанова.
Өзі әжесінің қолында өскен Жанар Айжанова балаға қашалықты жақсы сөз айтып, болашағының жарқын болатынын үнемі есіне салып жүргенде ғана, оның ертеңі бұлыңғыр болмайды дейді. Өйткені бала ата-анасының, туған-туысының сөзін қабылдап, санадан тыс ішкі сезімдері сол жақсылыққа жетелеп тұрады екен. Ал қарғыс айтып, балағаттау баланың болашағына кері әсер етеді дейді ол.
"Мен әжемнің қолында өстім. Суға түсіріп, тырнағын алып берем, ол маған қолын жайып батасын береді. Шешеме айтатын "Осы қыздан көресің рахатты, тілінен де келеді, қолынан да келеді" деп. Мен бала болсам да соған сенетінмін. Өскенде осыларды асыраймын, алтын сақина-сырға алып берем деп ойлайтынмын. Ақыры солай болды. Әжем нағыз әулие екен менің жолымды ашып кетті күнде батасын беріп. Бала деген құдайдың бізге берген сыйы ғой. Сондықтан ұлымызға осы бастан азаматымсың деп, қызымызға менің өрісімсің деп құлағына құйып отырайық. Азамат деген сөздің жауапкершілігі үлкен. Еркек болу екінің бірінің қолынан келеді, ал ер-азамат болу нағыз еркектің ғана қолынан келеді. Жақсы тәрбие бере алсақ ұлдарымыз Толағайдай тау қопарар, қыздарымыз Құртқадай дана болар. Лайым солай болғай", - дейді ол.
stan.kz