Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛА – бақыт, бала – үміт

БАЛА – бақыт, бала – үміт


Дарынды балалар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Олар көпшілікті іс-әрекетімен, қабілеттілігімен баурап
алады. Балғындардың бірі өнерге құштар болса, енді біреулері білімділігімен көзге түседі. Спортқа бейімдері мен таңдай қақтырар талантымен танылатындары қаншама?!

Өнерлі бүлдіршін

Бірнеше ән байқау­ларының жеңімпазы Зейнеп Жанқуат төрт жаста. Ол «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушісі. Анасының айтуынша, Зейнеп тілі шығып, былдырлай бастаған сәттен әуен естісе елең етіп, құлақ түре тыңдаған. Өзінен екі жас үлкен әпкесі Сымбат жаттаған тақпақтар мен әндерді құйма құлақ Зейнеп те лезде жаттап алады. Үш жасынан балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршін қазір түрлі ән байқауларында бақ сынап, көрермен көзайымына айналып үлгерді.

«Балабақшадағы ертеңгілік, мерекелік кештер, сайыстар барлығында да Зейнеп өнер көрсетеді. Алғаш келген сәттен оның қабілетін байқап, ән айтуға баулыдым. Өзін еркін әрі көңілді ұстайды. Келешегінен күтер үмітім көп», – дейді ән жетекшісі Гүлмира Қосжанова.

«Бейбітшілік әлемі» ха­лық­аралық қазақ твор­чес­тво­лық бірлестігінің ұйым­дас­тыруымен өткен «Мәң­гілік ел – Қазақстаным» оқу­шылар мен жасөспірімдер фестивалінде «Ме­нің қалам – Қызылордам» әнін орындап, айрықша өнері, дарынды қабілетімен көзге түсіп, бірінші орын иеленді. Осы жарыста құра­мында Зейнеп Әлібекқызы бар «Балдәурен» жетігеншілер ансамблі бас жүлдені жеңіп алды. Республикалық «Жас дарын Art Kazakhstan» байқауында екінші орын алды. Балабақшада өткен «Екі жұлдыз» сайысында ән айту шеберлігімен, музыкалық бі­лі­мімен дараланған тәрбие­ленуші Зейнеп Жанқуат және тәрбиешісі Назым Жұбат­қанова бірінші орынды ие­ленді.
– Зейнеп «Көңілді күн», «Еркелеймін», «Менің қалам – Қызылордам» әндерін жеке дауыста, «Ауылымды сағындым», «Тәй-тәй» әндерін «Балдәурен» ансамбілінде жетіген аспабының сүймел­деуімен орындайды. Мен өнерлі отбасына келін болып түстім. Жолдасым Әлібек Айдар әнші, мәдениет саласында қызмет етеді. Балаларымыз өнерге құштар. Үнемі қолдау білдіріп, қажет еткен жағдайда еріп барып, жарыстарға қатысуына ықпал жасаймыз
– дейді анасы Гүлдана Дос­хожаева.

Жаңашылдыққа жаны құмар

Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің 6 «Б» сыныбын үздік бітірген Нариман Жалғасбектің робот жасауға деген құштарлығы жоғары. Ол бір жыл бұрын мектептегі «Робототехника» үйірмесіне қатысады. Робототехника дегеніміз (робот және техника; ағылш. robotics – роботика) – роботтардың құрылысын, жұмысы және қолданылуын үйрететін, оған қоса олардың басқару, сезіну мен мәлімет өңдеумен айналысатын механикалық, электр және электронды инженерия мен компьютер ғылымдарының біріккен саласы.

Жаңашылдыққа құмар, үнемі ізденіс үстінде жүретін шәкірт туралы жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Құндызай Бұхарбаева:
«Нариман тиянақты әрі ұқыпты бала. Білімге құштар. Үнемі белсенді. Алғаш құрастырған роботы түрлі сайыстарда жеңімпаз атанды. Әлі де үйрену, іздену үстіндеміз»,
– дейді.

Бізге жасаған жұмысын таныстырған Нариманның әр сөзінен ойының ұшқырлығы мен математикалық білімінің жоғары деңгейде екендігі аңғарылады.

– Бұл бүгін ғана дайын болған туынды. Енді бір-екі деталь қосып, арнайы бағдарлама орнатылады. Бұны Сумо сайысына қатыстырғым келеді. Ең алғаш құрастырған роботымды арқан тарту сайысына апарып, нәтижелі оралдық
– дейді жас өнертапқыш.

Қазақстан және дүниежүзі тарихы пәндерін сүйіп оқитын Нариман полиция қызметкері болуды армандайды. Бос уақытында шахмат, дойбы ойнағанды жақсы көреді. Алайда кейінгі кезде уақытының көбін жаңа робот құрастырып, шығаруға арнап жүргендігін жасырмады. Бұл туындысы тұрмысқа қажетті дүниенің рөлін атқарса деген ойы бар.

Спорт оның серігі

Спортты жанына серік еткен жасөспірімнің бірі – Әлішер Шөмекеев №170 мектептің 5 сыныбын бітірді.
«1 сыныпта оқып жүрген кезімде сыныпқа бір ағай келіп «Грек-рим» күресінен үйірмеге жазылғысы келетін оқушылар бар ма?», – деп сұрағанда бірден «иә» дедім. Міне, содан бері спорттың осы түрімен айналысамын»
, – деген жас спортшы келешекте «Үздік палуан» болуды армандайды.

Спортқа баулып жүрген жетекшісі Тұңғышбай Дербісалиев те шәкіртінің болашағына зор үмітпен қарайды. Әлішер Ерланұлы білікті бапкер Мұхтар Рахметовтың жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасындағы ашық турнирде 42 келі салмақ дәрежесінде екінші, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен ашық біріншілікте үшінші, ҚР Конституциясы күні қарсаңында ұйымдастырылған жарыста бірінші орын иеленді. Арал қаласында 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесіндегі грек-рим күресінен 2006-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнирде 52 келі салмақ дәрежесінде үшінші орынға қол жеткізді. Сексеуіл кентінде өткен облыстық турнирде үшінші орын тұғырынан көрінсе, Астана қаласының 20 жылдығына арналған Қазалы қаласындағы біріншілікте 60 келі салмақта бәстескен балуандар арасында бірінші орынды қанжығасына байлады.

Айта кетерлік жайт, Әлішер салмақ дәрежесіне байланысты өзінен бірнеше жас үлкен балалармен күш сынасады. Спортпен қатар сабағына да мұқият көңіл бөледі. Дене шынықтыру, математика, қазақ тілі және орыс тілі пәндерін сүйіп оқитын жас спортшы келешегін спортпен байланыстырады. Оның отбасында ағалы-інілі бес ұл тәрбиеленуде. Балаларының жан-жақты өнерлі болып өсуіне ерекше мән беретін әкесі Ерлан мен анасы Гүлнар ұлдарының бірін өнерге баулыса, енді бірін спортқа бейімдеген.

«Спорт – денсаулық кепілі. Денің сау болады әрі жаман әдеттерден бойыңды аулақ ұс­тайсың. Дос­та­рым­ды спортпен шұғылдауға ша­қы­рамын»
, – дейді Әлішер Ерланұлы.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

Бекжан бағындырған белес

Әлемдік аренада абыройлы, оқ бойы озық болу үшін ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау керек екені белгілі. Бұл ретте қазаққа тән қасиеттер мен оның рухани ерекшелігін кейінгі ұрпаққа дәріптеу – аға буынның борышы. Соған сай Сыр өңірінде жыраулық, термешілік өнері жеткіншіктер арасында күнделікті қолданыста екендігі талай мәрте айтылып, басылым беттерінде жарияланып жүр. Қазақы өнерді, домбыраны жанына серік еткендердің қатарында қазалылық жас күйші Бекжан Хамза да бар.

Ұлт мақтанышы болған аты әйгілі көптеген тұлғалардың әжесінен тағлым алғанын білеміз. Бекжан да әжесі Қаламқастың тәрбиесімен сусындап келеді. Ұлттық өнерді ерекше қастерлейтін Қаламқас немересінің ептілігін байқап, оған домбыра сыйлайды. Осыдан кейін үш жасар балақай оның күмбір дауысына елітіп, аспапты меңгеруге деген қызығушылығы оянады. Әжесі осы сәтті тиімді пайдаланып, Қорқыт ата атындағы аудандық музыка мектебіне тәлім алуға береді. Оның бойындағы талантын оятуға ұстазы Айгүл Тұяқтың көрсеткен қамқорлығы айрықша.

Биыл жас термешінің кәсіби білім қуып жүргеніне үш жыл толады. Соның өзінде көптеген күйді құйқылжыта орындайды. Музыка мектебінің оқушыларымен бірге үлкен аудиторияда хор айтып жүр. Бұл аз десеңіз, бос уақытында өлең шығарады. Қазіргі таңда білім алып жүрген Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің 5 сыныбын жылдық қорытынды бойынша үздік тәмәмдаған.

Небәрі 11 жаста болса да осы сәтке дейін Бекжан біраз белесті бағындырып үлгерді. Мәселен, жақында өткен республикалық “Қазақстан таланттары” рухани-патриоттық байқауда “Аспапта орындаушылық өнері” номинациясы бойынша жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін І дәрежелі лау­реат атанды. Ал өткен жылдың желтоқсан айында “Жадымда қалған желтоқсан” атты аудандық сайыстың ІІ орын жүлдегері болды. Ауданның жас өнерпаздары арасында өткен “Жас музыкант – ХХХХХІІ” байқауының бірінші орын иегері атануының өзі оның аудан мықтыларының қатарында екенін көрсетеді. Бұдан бөлек балалар музыка және өнер бөлімінде білім алатын жас музыканттардың республикалық фестиваль-байқауының облыстық кезеңінде “Домбыра” номинациясының орта жас тобы бойынша екінші орынды иеленді. Сондай-ақ “Дарабоз” оқу орталығының ұйымдастыруымен өткен “Ұстаз берген бағыт” конкурсында бірінші орын, аудандық кітапхананың “Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ” додасында бас жүлде иегері атанды.

Бекжан мұнымен тоқмейлісімек емес. Алдағы уақытта әлі талай асуды бағындырғысы келеді.

– Шабытым келгенде күй шығарамын немесе ән жазамын. Қандай туынды шығатыны сол сәттегі көңіл қошыма байланысты. Мұңлы сезіммен жазылған күйді тыңдарманға сол қалпында жеткізуге тырысамын. Уақытымды тиімді өткізіп, пайдалы дүние әкелуге жұмсаймын. Қазіргі таңда “Қара жорға”, “Дауыл” деген авторлық туындыларым бар. Балалар күніне байланысты өтеді деп жоспарланған сайысқа жақында жарыққа келген “Сәйгүлік” атты күйімді апармақпын,
– дейді Бекжан Хамза.

Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
01 маусым 2019 ж. 1 254 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 62

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930