Құлағыңа таққаның күміс сырға...
Ата-аналардың көбісі қызының құлағын ертерек тесіп қоюды жөн көреді. Негізінде құлақ тесу рәсімінің өзіндік ережесі бар.
«Құлағыңа таққаның күміс сырға, күмбірлетіп шығасың күнде қырға» деп халқымыз өлеңге қосқандай, қыз болып жаралған соң құлақ тесуге айрықша көңіл бөлген. Сосын оған алтын, күміс және тағы басқа бағалы тастардан жасалған сырға тағады. Бұл ежелден жеткен ғибратты ғұрыптың бірі. Әдетте бойжеткеннің немесе балиғатқа толған қыздың 5 пен 9 жас аралығында құлағын тесуге қазақ өте қатты мән берген. Сырға сыңғыры бойжеткеннің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын аңғартқан.
Бұрынғы кезде олардың құлағын тарымен тесетін болған. Қазір сұлулық салондарында бұл кәдеге сай арнайы құлақ тесетін құралдар бар. Тіпті кейбір клиникаларда құлақ тесумен айналысатын дәрігер жұмыс істейді.
Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында: "Қазақта қыздың құлағын тек жеті жастан бастап тескен. Тұлымшағы желбіреп жеті жасқа дейін қуыршақпен ойнаған болса, құлағы тесілгеннен кейін оның мінез-құлқы бірден өзгерген. Осы кезден анасы оған балалықпен қоштасып, үй шаруасына бейімделу қажеттігін ескертіп отырған. Осылайша ол анасының жанында жүріп ет асып, құрт қайнату мен ірімшік дайындаудың қыр-сырларына қанығатын болған. Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты, қыздың құлағын тесу де бірдей ата-анаға парыз болып саналады. Өкініштісі бұл күнде осыған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сырғаны тек сәндік үшін, әдемілік үшін салады деп түсінеді. Сол себептен тым кішкентай кезінен қыздарының құлағын тестіріп, қымбат тасты сырғаны салып жатады. 2-3 жасар титімдей қыздардың құлағының тесілгенін көргенде бір түрлі жаным ашиды. Кейбіреулер бұған аса қатты мән беріп қарамайтын да шығар, бірақ менің жүрегім ауырып қалады. «Әттеген-ай, мына бала балалықтан өтуі керек еді ғой...» деп ойлаймын. Әр нәрсенің өз жолы болады, кез келген нәрсенің өз уақытымен жасалғаны дұрыс", – дейді.
Елге сыйлы Зейнеп Ахметованың сөзінің жаны бар. Шындығында кейінгі кездері бесіктен белі шықпаған сәбидің де құлағын тесу әдетке айналып барады. Ерте кезден тессе, бөбек ауырсынуды сезбейді, тез жазылады деген қате түсініктен туындаған пайым бұл. Салт-дәстүрді жетік білмегеннің де кесірі шығар.
Ал менің жеңгем Айгүл Тиыштыққызының әжесі айтқан өсиетке сенсек, қыз баланың құлағын міндетті түрде тесудің тағы бір себебі бар. Ол әйелдер қауымының құлағы тесілмесе, адам бақилық болғанда құлағын жылан тесіп өтеді-мыс. Алайда бұл құлағын тестіртуден қорқатын қыздарың пікірін өзгерту үшін айтылған уәж сияқты.
Бүгінде батыс өркениетіне еліктеген ер балалар да құлағын тесіп, сырға тағуды әдетке айналдыруда. Байырғы аталар түсінігі бойынша суицид жасауға әрекет етіп, арқанға асылған жерінен аман қалғандардың бір құлағын тесетін ырым болған. Жоғарыдағыдай кейбір қисынсыз қылықтарға қарап отырып, дәстүр мен шариғат заңына қайшы екенін білмегендіктен жасалатын болар деген ой ұштығы санада жаңғыратыны рас.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА