Үздік жаткист
Ауданда агро саласында толымды тірлік көп. Биыл су тапшылығына қарамастан және шаруа кешеуілдеп басталғанымен егін бітік шықты. Биыл озат шаруашылықтар қатарындағы «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі дала еңбеккерлері де алажаздай егіс басында тынбай тер төкті. «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі бойынша есепте барлығы 1800 гектар тегістелген жерге 5 ауыспалы егістік ротациялық кестеге сай орналасқан. Шаруашылық бойынша барлығы 1707 гектардан жоғары жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленді. Оның ішінде, 750 гектар жерге күріш дақылын, 555 гектар жерде көне жоңышқа, 257 гектар жерге жаңа жоңышқа, 145 гектар жерге бидай егілді.
Бүгінде егілген 750 гектар салының соңғы гектарлары жиналып бітуде. Маңызды науқанда жаткашы Аралбек Імадатов уақытпен санаспай еңбек етіп, озаттар қатарынан көрініп келеді. Ол еселі еңбегімен өзгелерге үлгі болып, шаруашылық бойынша үздік нәтижеге қол жеткізді. Ұжымдастары жұмысқа мығым азамат жайлы жақсы көзқараста. Олардың айтуынша, аз сөйлеп, жауапты нық айтатын бір сөзді жан. Жауапкершілігі жоғары, еңбекқор азаматтың қолы алтын десті. Таңның атысы, кештің батысы егін алқабынан табылатын оған жоңышқа, күріш, бидай шабуына 1500 гектар жер бөлінген. Тапсырылған меже уақытылы орындалды. Еткен еңбек ескеріліп, жылдағы дәстүрмен басшылық тарапынан алдағы уақытта ынталандыру ұсынылмақ. Мұндай құрметке қаншама жылда жинаған тәжірибесінің арқасында жетіп отыр.
Мәселен, былтыр Аралбек Імадатов Қызылорда облысы бойынша «Алтын-Дән» қорытындысымен облыс бойынша «Үздік жаткист» номинациясымен марапатталды.
– Егін алқабына мектеп бітіре сала келдім. Әкем осында механизатор болған. Соның жанында жүріп, техникаға қызығушылығым оянды. Ең алғашқы еңбегімді осында көмекші ретінде бастадым. Жұмыс барысына тез еніп, үйреніп алдым. Кейін маған орақ кезінде ресейлік «ЖРК-5» жатканы сеніп тапсырды. Егін егу кезінде «МТЗ-80» трактормен күріш, бидай дән себемін. Сонымен қатар егіс кезінде құртқа қарсы 2 мәрте пестицидпен өңделеді. Жаз бойы топырақтың құрамы өзгеретіндіктен көктемгі егістікке тыңайту үшін осы кезде «Класс» тракторымен жер айдау сүдігерді қолға алудамыз. Сонымен бірге қысқа қамданудамыз. Техниканы қарап, жөндейміз, – дейді Аралбек Бағланұлы.
Істің алға басуы және уақытты тиімді пайдалану үшін шаруашылықтың техникалық паркі де жаңартылған. Осы уақытқа дейін 2 «Класс» комбайны, 2 «Класс» тракторы, 2 «МТЗ-80» жаңа трактор алынды. Бұл техникалар егінжайда қарқынды еңбектің қалыптасуына негіз қалауда. Сондай-ақ алдағы уақытта шаруашылыққа «Магдон» алу жоспарлануда.
Осылайша Аралбек Бағланұлы агросекторды дамытуды шаруашылық еңбеккерлерімен қатар өзінің басты міндетіне санап отыр. Сондықтан биыл жылдың табысты қорытындыланатынына сенім мол.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА