Мүмкіндігі мол мобилография
Несін жасырамыз, осыдан біраз жыл бұрын қабілет-қарымың болғанымен, қызығушылық танытқан ісіңмен айналысып қыруар қаражат табу арман еді. Ал қазіргі күні мамандық бойынша екі қолға бір күрек таппағанмен, қалауын тапсаң қар да жанады. Өйткені нарықтың сұранысы креативті контент салып, бейнежазбаға жан бітіре алатын қабілетті және еңбекқор жандардың қызметіне тәуелді. Кәсібін дөңгелеткісі келетіндер мен көпшілікке танымалдығын арттыруды көздейтіндер мобилограф пен моушн-дизайнерлердің жұмысы үшін ай сайын қомақты ақша ұсынудан аянбайды.
Жансыз дүниеге жан бітіріп, қимыл-қозғалыс беретін сиқырлы кәсіптің иесі – моушн-дизайнер. Ағылшын тілінен аударсақ, «motion» – қозғалыс, «design» – дизайн. Бүгінде моушн-дизайнерлер графикалық дизайн, web-дизайн, 3D дизайн секілді бірнеше дизайн түрімен жұмыс істейді. Сұраныстың дені визуал мен видео-контентке артуда. Неге десеңіз, жеке компаниялардың дені әлеуметтік желіні жақсы жүргізе алатын, бейнероликті жүз құбылтатын дизайнерлерді іздейді. Сол үшін дизайнер де сауатты жұмыс болса, әр кадрына ақша алады. Мәселен, бір кадр 10 доллардан басталатын көрінеді. Сондай-ақ 3D дизайн жасағаныңыз үшін 300 мың теңге қаржыны қалтаңызға басып ала аласыз.
Осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан моушн-дизайнер Арман Асқарұлының негізгі мамандығы – заңгер. Алайда өз саласында қызмет істемеген. Оның айтуынша, бүгінгі күні моушн-дизайнерлерге қойылатын талап күшті. Бүкіл бизнес саласы өздерінің мүмкіндіктерін көпшілікке әдемі етіп көрсеткісі келеді. Сондықтан тапсырыс берушілердің өнімін креативті етіп монтаждап, дизайнын ерекшелеп өтімді қылудың түрлі тәсілін меңгеру керек.
– Менің жұмысым – түсірілген әр түрлі кадрдағы роликтен толық бейнежазба жасап шығу. Ал ол үшін әуелден алған түсірілім дұрыс болуы шарт. Әйтпесе, барлығы ойдағыдай болмайды. Яғни, қазір оператор да, сценарист те, монтажер де өзім. «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, әлі де білмейтінім көп. Алға жылжып, тек даму үстіндемін. Сәт сайын жаңа трендке сай дизайн жарыққа шығады. Сол үшін қазіргі заман талабыннан қалыс қалмай, дамып отыру керек, – дейді ол.
Кәсіби фотоаппараттың көмегінсіз-ақ, сандық камерасы бар электронды құрылғыларды қолдану арқылы сапалы бейне дайындайтын мобилографтарға да сұраныс артып отыр. Қалта телефонмен сапалы видео түсіріп, оны монтаждаудың қыр-сырын меңгергендер де молынан ақша табудың маманына айналды. Өйткені қазір көптеген клипмэйкер, әнші мен әртіс, ол түгілі кәсіпкерлердің өзі бұл саланың мамандарына тәуелді. Мәселен, әлемге аты әйгілі «Bentley» компаниясы сонау 2015 жылдан бастап өздерінің имидждік роликтерін iPhone 5s және iPhone 6s телефондарына түсіріп бастаған. Ал қазір «YouTube», «Instagram», «Tik Tok» секілді әлеуметтік желілердегі контенттердің 80-90 проценті ұялы телефон арқылы қаралады. Бұл ретте видеоның смартфонмен түсіріліп, монтаждалуы көрерменнің қабылдауына қолайлы.
Оған қоса телефонмен түсірілген видеолар кәсіби камерамен жасалған жұмыстарға қарағанда әлдеқайда арзан әрі танымал. Кәсіби камерадан қарағанда қалта телефонымен видео түсіріп, қыруар қаржыны үнемдей отырып мол қаламақы алуда таптырмас мүмкіндік. Сонымен бірге смартфон үнемі қалтаңызда болатындықтан, онымен видео түсіру де қолжетімді әрі жылдам. Сол үшін бүгінде кәсіби видеографтардың өздері де табыс көзі көбірек екеніне көз жеткізген соң мобилографияға қарай ауыса бастады. Ал алдағы бірер жылда мобилографияға деген сұраныс тіптен арта түсуі мүмкін. Себебі әлемдегі алпауыт компаниялар телефон өндірісінде оның камерасына 80 процентке дейін басымдық беріп, монтаж жасауға арналған процессорлық және оперативтік күшіне де зор көңіл бөліп жатыр.
«Мобилография – мамандық емес, хобби» дейді Қазалы қалалық жастар ресурстық директоры Руслан Қайырбай. Ол жұмыссыз жүрген жастардың мобилография курсына қатысып, қыр-сырын үйрету арқылы қосымша табыс тапқанын қалайды. Тіпті ол үшін арнайы мамандарды шақыртуға дайын. Қазірде мобилография курсына тіркелу басталды. Келушілер аз емес. Егер шектеулі адам саны жиналатын болса, әуелде айтқандай арнайы мамандар ауданға ат басын бұрып, сабақты бастап кетеді.
– Қаладағы 90 процент жастардың қолында қалта телефоны бар. Олар телефонды ермек етіп, күнделікті өзі үшін видео түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жүреді. Ал ол шындығына келсек, мобилограф боп саналады. Мобилография аты айтып тұрғандай, тек қана телефонға түсірілетін видео және бейнесуреттер» деп отыр. Яғни, қолынан осы іс келіп , қызығушылығы болса болды. Оның үстіне, қазір адамдар шұбартылған бейнеролик қарап отырмайды. Демек сана клипке құрылып келе жатыр. Олардың ұзақ мәтін оқып отыруға да шыдамы жетпейді. Сол себепті қысқа видеожазбалар уақытты да үнемдеп, көп ақпаратты қысқартып беруге болатын дүние. Мұны танымалдықтан гөрі заманның талабы деуге болады, – Руслан Қайырбай.
Иә, тек еңбек ету керек. Дегенмен әр еңбектің бейнеті бар. Мобилографтар бір шедевр видео жасау үшін көбіне 2 -5 сағат, тіпті кейде апталап уақытын сарп етуі мүмкін. Сол кезде сабырлық танытып, істеген ісіңді соңына дейін жеткізген жөн. Ал бұл ретте:
– Күніне тек 1-2 видео түсіруге болады. Ол үшін арнайы уақыт болады. Кешкілік видео түсіру қиындық туғызады, ал күндіз тым жарық. Көбіне кәсібін енді бастап, көрілім көтеретін адамдарға видео түсіріп берем. Жұмыстың қиындығы, әрине баршылық. Бұл саланы толықтай білмеген адамдар видео түсіру мен монтаждау оңай деп ойлайды. Ал шынына келгенде бұл да үлкен шығармашылық жұмыс. Тапсырыс берушімен тіл табысу, оның ойындағыдай етіп ролик жасау – қиынның қиыны. Кейбір кезде адамдар мобилографтарға ақша бергенше, өзіміз түсіріп аламыз деп ойлайды. Бірақ кәсіби түрде айналысқан адамның мәнері мен үйренуші адамның видеоларында жер мен көктей айырмашылық бар, – дейді мобилограф Жайна Құрманайқызы.
Байқасақ, күнделікті өміріміздің қалыпты элементіне айналған әлеуметтік желі заманның талабына сай жаңа кәсіп иелерінің шығуына түрткі болып отыр. «Еңбегі жанғанның қозысы егіз туады» деген осы болса керек. Бастысы, қолдан келіп тұрса, бүгінгі заманда қалтаңда артық ақша жүргеннің әбестігі жоқ.
Абзал БАҚЫТҰЛЫ