Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Рабиға Сатыбалды: Ең қымбат тапсырыс елшіліктерден келеді

Рабиға Сатыбалды: Ең қымбат тапсырыс елшіліктерден келеді

Графикалық дизайнерлер визуалды бейнелер құрумен айналысатын қазіргі қоғамдағы сұранысқа ие мамандық түрі. Бұл мамандарға барлық жерде мұқтаждық туындайды. Көше бойындағы жарнама дейсіз бе, кітап мұқабасы, брендинг, логотип жасау бәрі-бәрі осы сала өкілдері саусағының сиқырына тәуелді. Қарапайым мәтін мен сан түрлі сызықтардың басын қосып, тұла бойына тіл бітіретін шеберлердің бірі, «Қазақстан» Ұлттық арнасында графикалық дизайнер қызметін атқарып, кейінгі кезде футбол иллюстрациясымен айналысып жүрген Рабиға Сатыбалдымен сұқбаттасудың сәті түсті.

– Рабиға, осы саланы таңдауыңызға не түрткі болды?
– Менің негізгі мамандығым медицинамен байланысты. Бұл салада бірнеше жыл қызмет еттім. Бірақ маңызды себептермен медицинада жұмыс істеуді толығымен тоқтатуға тура келді. Міне сол уақытта өмірімде пайда болған алғашқы қиындық жұмыссыз қалуым еді. Бұл жағдай екінші мамандықты игеруге қажеттілік тудырды. Сол кезде графика дизайнын таңдауыма кеңес берген жандардың бірі ағам. Осы мүмкіндікті пайдаланып бала күнімнен қызыққан бағыт сурет салу, дизайн, анимация салаларын қайта оқуды жөн көрдім. Алғашқы қадамым сол кезден басталды.
– Бұл мамандықты шет елден бітіріп келгендігіңізден хабардармыз. Осы жайлы айтып өтсеңіз...
– Оқу орнын таңдау барысында маған бірнеше мемлекетті ұсынды. Бірақ тіл мәселесіне және дизайн саласын зерттей келе таңдауым Беларусь еліне түскен болатын. Қателеспеппін, аз уақытта “Графика дизайнын” толық қамтып үйретті. Ондағы басты қиындық мүлдем өзім хабарым жоқ саланы басынан бастап үйрену болды.Бірақ оқыту тәсілінің тиімділігінен еш қиындықсыз әрі өте жылдам меңгердім. Минскте оқуға себеп бұл мамандыққа байланысты оқыту жүйесінің бізде әлі дамымағаны еді. Бірақ соңғы жылдары Қазақстанда да дизайнға байланысты біраз істің дамығанын байқауға болады. Қазір өзімізде де бұл мамандықтар оқытылады.
– Кәсіп таңдауда қателеспеу үшін нені білген дұрыс?
– Бұл өте өзекті әрі ауқымды мәселе. Біздегі қалыптасқан үрдіс ата-аналардың “өлмейтін мамандық” деп балаларын бірсарынды мамандықтарға жіберуі. Бала диплом алып шыққанмен жұмыс істемеуі жиі кездеседі. Яғни белгілі бір мөлшерде баламен де ақылдасып, өзі қызығатын іске жіберген жөн. Менің ата-анамның қызығушылығымыз туралы жиі сұрап отыруы, мамандық таңдау мәселесінде еркіндік беруі біздегі көп мәселені жеңілдетті. Мәселен, мен де балаларым болса, олардың футболист болғанын қалаймын. Бірақ баламның қызығушылығы “анимация” саласы болса онда мен өз қалауымды оған тықпаламауды жөн санаймын.
– Қазақ халқының тұрмыс ­сипатын дәріптейтін дизайнерлік жұмыстарға бүгінде тапсырыс қаншалықты?
– Қазақ кейіпкерлерін (батырлар, ханшайымдар) сызу ол маған түсетін негізгі тапсырыстар қатарында. Және бұл өз алдына қызық бағыт. Бұл иллюстрациялардың бағалы болу себебі бізде осы тақырып туралы сирек сызылғанында болар. Бейнеленген қазақ бейнесі көрген жанға әкесін, ағасын, бауырын елестетуі мүмкін. Осындай бағыттағы жұмыстарға тапсырыс берушілер еуропалық бет-бейнедегі кейіпкерлерден жалыққанын және балалардың көзіне өз туысын елестететіндей кейіпкерді көрсеткісі келетінін айтады. Сондықтан бұл жұмыстар балаларға да өтімді болып жүр.
– Қазақстанда графика дизайнеріне сұраныс деңгейі қалай?
– Бізде бұл мамандыққа сұраныс өте жоғары, себебі графика дизайны тек бір бағытты ғана қамтып қоймайды. Графика жұмысын қажет ететін мекеменің барлығында телеарна, жеке ұйым болсын немесе сайттар мен газет-журналдар болсын барлығында дерлік дизайн қызметі бар. Ал сыртқы жарнама, полиграфия, типографияны айтпасақ та түсінікті.
– Графикалық дизайнер мен иллюстратор замандастарыңыздың ішінен топ 5 таңдай аласыз ба?
– Егер бірнеше жыл бұрын осы сұрақ қойылса, мен өзіміздегі немесе шет елдегі логотип жасауды мықты меңгерген, постер жасаудың шебері болып жүрген өте көп дизайнерді, видеографты, иллюстраторларды айтуым мүмкін еді. Бірақ соңғы жылдары өз бағытым футбол карикатурасы болғандықтан нақты сол сферада жүрген жігіттерді ғана айта аламын. Жақсы бағалайтыным, комикс бағытын мықты меңгерген Мадибек Мұсабек. Ал анимация саласына байланысты Әділбек Баян, Мейіржан Сандыбайды өз ісінің нағыз мамандары деп есептеймін. Ал футбол тақырыбын сызатын Омар Момани, Хамид Сахари, Дэйв Меррелл жұмыстарын барлық уақытта жоғары бағалаймын.
– Футбол карикатурасы жайлы айтып өтсеңіз...
– Футбол тақырыбы мен үшін өте бағалы. Себебі бұл тақырыпта ұзақ жылдар бойы сызып келемін. Ең алғаш Минскте сызуды үйрене бастағанымда барлық тақырыпта ізденіп көрдім.Оның ішінде спорттан дзюдо, бокс, баскетбол, хоккей де бар. Бірақ соңғы қалауым тек футбол тақырыбы болды. Себебі футболдағы ерекше атмосфера, өзіне тән көңіл-күй және Арсеналдың жанкүйері болуым да себеп болған болар. Бірақ бізде бұл тақырыптың мүлдем сұранысқа ие болмайтыны анық. Бірақ футбол карикатурасы әлемде ерте дамып кеткендіктен бұл жұмыстарға сырттан сұраныс жақсы. Әрі кері байланыс міндетті түрде болады. Қазіргі мақсатымның бірі – футбол тақырыбында оқиғаларға негізделген иллюстрациялар сызу және оларды анимация түрінде қозғалту.
– Қазір қайда жұмыс істейсіз? Және өміріңіздегі ең қымбат тапсырысты айта аласыз ба?
– Қазір жеке кәсіпкермін. Графикалық қызметтердің барлық түрін қамтитын бизнесім бар. Қанша жасқа келсең де, оқу кеш емес деген қағиданы Минсктегі бір группада оқыған 50-60 жастағы әжелерді көргенде түйгенмін. Сол қағидамен өзім әлі де білімімді толықтырып келемін. Қазіргі оқып жүрген салам анимация. Осы мамандықты меңгеріп те біраз нәтижеге қол жеткізгім келеді. Ең қымбат тапсырыс Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінен келеді.
– Жұмыс барысында қандай графикалық редакторларды пайдаланасыз?
– Графика жұмыстарына: Illustrator, Coreldraw, Photoshop, Indesign, ал видеографика, анимацияға AfterEffects, TV-paint, Premiere Pro секілді графикалық редакторлармен жұмыс істеймін.
– Болашақ дизайн саласын үйренгісі келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Графика саласы үздіксіз дамып отырғандықтан үйренуші маман да көштен қалмауға тырысуы керек. Бұндағы 5 жыл оқыған білімің өмір бойына азық болады деген түсінік жоқ. Яғни дизайн саласы тез дамып жатқандықтан сенің оқығаның 5 жылдан соң кәдеге жарамай қалуы мүмкін. Оған жыл сайын өзгеріп отыратын стильдер, дизайнерге үзбей қолданысқа кіріп отырған шрифттер және версиялары толықтырылып отырған графикалық редакторлар да дәлел. Сол үшін үйренуші маман үздіксіз білімін толықтырып отыруы қажет.
– Кітап дизайны, брендинг, жарнамаға Қазақстанда сұраныс қаншалықты?
– Сұраныс өте жоғары. Кітап дизайны маған ең көп түскен тапсырыстардың топтамасына жатады. Ал жарнама қоғам қажеттілігінің бірі. Сыртқы жарнаманың өзі ең көп сұраныстағы қызмет. Технология үздіксіз дамып жатқан заманда бұл салалар өз құнын ешқашан жоғалтпайды. Себебі бұл сала қанша жыл бұрын өз маңызын көрсетіп қойған, тек Қазақстанда кештеу дамығандай көрінуі мүмкін.

Әңгімелескен
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ


10 қараша 2020 ж. 1 030 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 54

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930