Дамудың жеті басымдығы жасақталды
Аудандық мәслихатта “Nur Otan” партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Оны аудан әкімі, “Nur Otan” партиясы аудандық филиал төрағасы Мұрат Ергешбаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде “Nur Otan” партиясының Қазалы ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасын партия филиалының Саяси кеңес Бюросына бекітуге ұсыну туралы бір мәселе қаралып, талқыланды.
Басқосуда фракция мүшелері тарапынан “Nur Otan” партиясының Қазалы ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасын аудандық филиалдың саяси кеңес бюросы отырысында бекіту ұсынылды. Бұдан соң аудандық мәслихаттағы фракция жетекшісі Нұрғиса Жалғасбаевтың сайлауалды бағдарламаны іске асырудың Жол картасына байланысты жасалған баяндамасы тыңдалды. Жалпы Жол картасы 7 бағытты қамтитын 114 іс-шарадан тұрады. Яғни дамудың жеті басымдығына экономикалық тұрақты, өмір сүруге жайлы, әлеуметтік қызметке бағытталған, жастарға арналған, мәдениеті мен тарихы бай, қауіпсіз аудан мен ашық есеп беретін жергілікті органдар жатады.
Атап айтқанда, «Экономикалық тұрақты аймақ» аясында экспортқа бағытталған 10 инвест жобаны іске асыру және жұмыс істеп тұрған 7 кәсіпорынды қайта жарақтандыру жүзеге асырылады.
«Жайлы аймақ» бойынша 5 жыл ішінде 244 пәтер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары қайта жаңартылады және 524,3 шақырым электр, қайта жаңғыртылмақ. Бір елді мекен табиғи газға қосылады деп күтілуде.
«Әлеуметтік бағдарланған аймақ» аясында 3 денсаулық сақтау нысанының құрылысы және 11 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіледі.
«Жастарға арналған аймақ» бағытымен «Жасыл ел» жасақтары ұйымдастырылып, 100 жасты уақытша жұмыспен қамтиды. Жыл сайын 120 жасқа «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобаларына грант алуға жәрдемдесу жоспарланған. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 375 жас маманды ауылға тұрақтандыру үшін тұрғын үй мен көтерме жәрдемақы беру жағдайы қарастырылады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай олардың әлеуетінің артуына жағдай жасалып, жұмыссыздық деңгейін азайтуға ықпал етіледі.
«Тарих пен мәдениетті дамыту» Қазалы ауданының көрнекті тумаларының жұмыстарын насихаттау іске асырылады. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы шеңберінде отбасының рөлін арттыруға және оның құндылықтарын нығайтуға басымдық жасалатын түрлі акция мен спорттық іс-шара өткізу көзделуде.
«Ашық және есеп беретін жергілікті органдар» бағытында электрондық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен кәсіпкерлердің онлайн бақылау кассалық аппараттарды пайдалануын арттыру діттелген.
«Қауіпсіз аймақ» аясында Қазалы ауданының учаскелік полиция бекеттері мен елді мекендерінде 70 бейнебақылау камерасы орнатылады. 8 ауылда 20 көше жарықтандырылады. Отырыс барысында тиісті қаулы қабылданып, жол картасын іске асыруға бағытталған жұмыстарды жауапкершілікпен атқару фракция мүшелеріне жүктелді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА