Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өскелең ұрпақтың ұлық ұясы

Өскелең ұрпақтың ұлық ұясы

Халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіндегі 1946-1958 жылдар аралығында Қазалыда он тоғыз жетіжылдық мектеп ашылды. Солардың қатарында Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектеп те бар. Сәл шегініс ­жасап, тарих парақтарына зер салсақ, білім ордасы алғашында жетіжылдық болған. Уақыт көшінен қалмай, 1988 жылдан бастап №204 орта мектеп аталды. Тарихы тереңде жатқан мектептің бүгінгі жай-күйі ­туралы сөз етпекпіз.

Білім ордасын басқарып отырған Төребай Шермахановты білікті басшы десек жарасады. Осы жылы білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін мектеп директоры мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Жұмағазиева ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Мұғалімдер оқушыларға сапалы біліммен қоса тәлімді тәрбие беруге айрықша басымдық береді. Әр сайыстан жүлделі оралатын ұстаздар мен жеңімпаз шәкірттер бұл білім ордасында көптеп кездеседі. Оқушылар аудандық, облыстық, республикалық білім бәсекелері мен пән олимпиадаларында, интернет сайыстарында, ғылыми жобалар байқауында да бақ сынап жүр.
Биылғы оқу жылында республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінен 11 оқушы жүлделі орын алды. 11 сынып оқушысы Ұлыстан Қарасай ұстазы Нариман Аманжоловтың жетекшілігімен география пәнінен аудан мен облыстан озық шығып, республикалық кезеңге дайындық үстінде. Халықаралық «Пони», «Ақбота» сайыстарында да қатысушылар жүлделі орындармен марапатталды. «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауының аудандық кезеңінде 7 сынып оқушысы Дәурен Қарлыбай 3 орын иеленіп, оған Әлия Жаңабай жетекшілік етті. Абдулла Сапар атындағы география пәнінен өткізілген аудандық дәстүрлі командалық олимпиадаға қатысқан шәкірттер екінші орын алып, оларға география пәнінің мұғалімі Асқар Ақниязов дұрыс бағыт-бағдар берді.
Білім саласының үлкен жетістіктерге жетуіне мектеп директорының орынбасарлары Зада Искакова, Сабыр Дінислам, Оңдабай Сахитжанов, Нұргүл Арзиевалардың еңбектері ерен. Өткен оқу жылында түлектер «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегері атанып, мектеп мерейін үстем етті. Ұстаздар кәсібилігін шыңдау мақсатында түрлі курстардан біліктілік арттырады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес бүгінгі таңда мектепке «Робототехника және 32 принтинг» бойынша білімін жетілдірген бір мұғалім бар. Ол арнайы жабдықталған кабинетте жұмыс жасайды. «Білім Ланд» электронды оқыту платформасын мұғалімдердің пайдалануына зор мүмкіндік жасалған. Ата-аналар балаларының мектептегі оқу үлгірімін «Күнделік КZ» электронды журналы арқылы қадағалай алады. Бұған 3 информатика және толық компьютермен жабдықталған физика және химия оқу кабинеттері бөлінген.
Әр оқу жылында мектеп түлектері «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегері атанды. Түлектердің көпшілігі жоғары оқу орындарында грант негізінде білім алуда. Мұғалім үшін ең үлкен жетістік – шәкіртінің шыңға шығуы. Әр бала жұлдыздай жарқырай алады. Ол үшін ұстаз бар күш-жігерін жұмсайды. Бұл мектепте де озат оқушыларды тәрбиелеп жүрген ұлағатты жандар қатары аз емес. Әрқайсысының өзіндік орны мен ұстанымы бар. Мәселен қазақ тілі пәнінің оқытушысы Қаламқас Телеуова, Мейрамкүл Кати, Тұрсынкүл Жүсіпова, орыс тілі пәнінен Шаки Ахметова, Айнұр Аташова, Әлия Айгелдиева, ағылшын тілі пәнінен Мейрамкүл Қожабай, Жақсыгүл Жаназарова, Алмагүл Бозаева, тарих пәнінен Сания Көмекбаева, Алмас Қаналиев, географиядан Нариман Аманжолов, Асқар Ақниязов, биология пәнінен Сәулеш Ақбергенова, Гүлнар Пірімжар, математикадан Көбейсін Демеубаев, Гүлнұр Кенжеғараева, физикадан Самал Махамбеталиева, дене тәрбиесі пәнінен Алтай Көшен, Ерболат Ділмәмбет, Азамат Бекжанов сынды мұғалімдердің есімін мақтанышпен атасақ артық етпейді.
Мектептегі 813 оқушы пәндік, 305 оқушы спорттық, 64 оқушы сыныптан тыс үйірмелерге қатысады. Аудандық спорт мектебі мен оқушылар үйі үйірмелеріне де оқушылар белсенділік танытуда. Балалардың жазғы демалысын ұтымды ұйымдастыруда әлеуметтік педагог Ақгүл Жарманова жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Білім мен тәрбиені тең ұстаған шәкірттердің тәртібі де жоғары. Бұны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Гүлмира Төлемісова мен Қанат Әбіштің тәрбие саласындағы атқарған жұмыстарының оң нәтижесі деп түсінуге болады. Оқушылар арасындағы өнер байқаулары мен келелі кездесулерді мазмұнды өткізетін педагог ұйымдастырушы Нұргүл Сейталиева да өз ісінің білгір маманы.
– Білім қызметкерлері арасындағы «Талантыңмен таң қалдыр» байқауында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Асылбек Смағұл екінші, «Жігіттің сұлтаны – 2020» сынында информатика пәнінің мұғалімі Өтеміс Нариман екінші, «Ақ баян» ән сайысында химия пәнінің мұғалімі Әсел Тұрғанбаева үшінші орынды иеленді.
«Мәңгілік ел алыптары» республикалық рухани-патриоттық байқауында вокалды ән жанры бойынша 7 сынып оқушысы Гүлім Қуанышбай, республикалық «Талантты жастар» өнер байқауында 2 сынып оқушысы Айдын Мырзабай бірінші орын алып, лауреат атанды. Оқушыларымыздың өнер байқауларына қатысып, тәжірибелерін шыңдауда мектебіміздің ән-әуез пәнінің мұғалімі Гүлдана Бисенбекова мен көркемдік жетекші Бүркіт Омаровтардың еңбегін ерекше атап өтуге болады.
«Жас дарын» дарынды балалар орталығы ұйымдастырған «Самға самұрық XI» байқауынан мәнерлеп оқу, сурет, қолөнер жанрлары бойынша 3, 4 сынып оқушылары жүлделі бас жүлде және бірінші орындарды жеңіп алды. Жетекшілері бастауыш сынып мұғалімдері Бибігүл Сейіт, Алтынкүл Көшербай және Индира Махан. Спорттық сайыстардан да қанжығамыз құр қайтқан емес. Шәкірттер аудандық үстел теннисі жарысында бірінші орынды еншіледі. Футбол мен гандболдан бірінші, баскетболдан үшінші орын тұғырынан көрінді. Соңғы үш жылда аудандық спартакиададан жүлделі бірінші орынды ешкімге бермей келеміз. Сондай-ақ мектептің жылы, таза және техникалық жағынан талапқа сай болуына техникалық қызметкерлердің қосар үлесі көп. Бұл ретте шаруашылық жөніндегі орынбасар Берік Сәрсеннің ұқыптылығын өзгелерге үлгі етуге болады.
Бұлар осы жылы жеткен жетістіктердің бірқатары. Әрине айта берсек мақтануға тұрарлық табыстар көп. Оған ешқашан масаттанбаймыз. Әрі қарай да биік белестерді бағындыру жолында жұмыс істей береміз, – деді мектеп директоры бізбен әңгіме барысында.
Білім ордасында 2018–2019 оқу жылында психологиялық қызметтің ұйымдастырумен 8-11 сынып оқушылары арасында оқушылардың психикалық денсаулығын сақтау және нығайту, психологиялық қолдау көрсету, қиындыққа тап болған досына көмек көрсету мақсатында «Жантану» клубы құрылды. Аталған клубтың 1 жылдығына орай «Жантануға – 1 жыл» тақырыбында мерекелік кеш өткізілді. Кеш барысында клуб мүшелері концерттік бағдарлама ұсынып, жылдық жұмыс есебін слайд арқылы көрсетті.
Бұндағы кітапханада 29115 кітап қоры бар. Жаңа буын оқулықтары 11720, әдістемелік оқулықтар саны 1408. Барлық сынып жаңа оқулықтарымен қамтылған.
Мектеп жанындағы «Гаухар» шағын орталығында қазіргі таңда 40 бала тәрбиеленуде. Балабақша барлық талапқа сай жабдықталған. «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы 7 бағыт бойынша жоспарға сай жұмыс жасайды. Мектеп тәлімгерлерінің басшылығымен жасұландықтар аудандық түрлі іс-шараға қатысып, жүлделі орындарды алып келеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

03 наурыз 2020 ж. 1 159 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031