Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Білімділерді баптаған білім ордасы

Білімділерді баптаған білім ордасы

Қазіргі таңда елімізде Елбасының тікелей тапсырмасымен заманауи, жаңа мектептер бой көтеруде. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы тарихи нысандар мен ұлы тұлғалардың келелі істерін зерттеп, өскелең ұрпақты құлағдар ету әрбір қазақстандыққа жүктелген міндет. Оның ішіне іргетасы ертеректе қаланған оқу орындарын да қосып, жұртшылыққа жарияласақ артық етпейді. Себебі, қаншама дүлдүл даралар мен ел үшін ерен еңбек еткен азаматтардың барлығы дерлік білім ошағында сауат ашқан. Ауданымыздағы осындай шежіресі тереңде жатқан санаулы, іргелі мектептердің бірі Жанқожа батыр атындағы №70 оқу ордасы деп айтсақ қателеспейтініміз анық.
1919 жылы бастауыш сынып мектебі болып іргесі қаланған бұл ғимарат 1928 жылы уезд таратылып, Қазалы ауданы құрылған соң жетіжылдық мектепке айналды. 1934-1935 оқу жылынан бас­тап Орынбор теміржолына қарайтын №67 жетіжылдық мектеп деген жаңа атау алады. 1937 жылы 420 орындық екі қабатты мектеп қайта салынып, пайдалануға берілген.
Оқу ордасы 1941 жылғы сұрапыл соғыс жылдары жаралы солдаттарды сауықтыратын госпиталь ретінде қолданылды. 1956 жылы 3 қыркүйектен бас­тап Қазақ теміржолы басқармасының құрылуына байланысты №67 мектеп №420 теміржол мектебі деп аталады. Бұл кезде мектеп Алматы теміржолы білім басқармасына қарайтын.
1949-1950 жылдары кеңейтіліп, теміржолшылардың балаларын оқытатын он жылдық мектеп болды. 1977 жылы Батыс Қазақстан теміржолы басқармасының №17 теміржол қазақ орта мектебі болып өзгертіліп, Ақтөбе теміржолы білім бөліміне қаратылды.
1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысына сәйкес, аудан әкімінің шешімімен №17 теміржол қазақ орта мектебіне Жанқожа батыр есімі беріліп, 1996-1997 жылдары Қазалы аудандық білім бөліміне қарасты аудан орталығындағы №249 орталау мектеп №17 мектепке біріктірілді. 1997 жылдың 1 қаңтарынан бері аудандық білім бөліміне қарасты Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектеп болып жұмыс істеп келеді.
1927-1928 оқу жылында №66 орыс мектебінен жетіжылдық мектеп болып бөлініп шығып, онан кейін Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыртпашылық салмағын көтерді. Білім шаңырағы жылдар өткен сайын білікті ұстаздар мен білімді шәкірттері арқылы аудан, облыс көлемінде беделдері биіктей берді. Академик С.Сүлейменов, мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Тыныбаев, бұлбұл әнші Р.Бағланованы ұшырып, М.Матаев, Ш.Жораев, Ж.Садуақасов, А.Шәріпов сынды ғалымдар мен Р.Жанаев, Ш.Жұбатова сияқты дара ақындарды тәрбиелеген білімнің алтын ұясы деуге толық негіз бар. Сонымен қатар, философия ғылымының кандидаты, профессор, Қазалы ауданының құрметті азаматы Мұстафа Матаев осы мектептің тұңғыш «Алтын медаль» иегері екендігін тілге тиек ете кеткен жөн. Бұдан кейін аға жолын жалғастырып, 44 «Алтын медаль», 41 «Күміс медаль», 28 «Алтын белгі» және 49 «Үздік аттестат» алған жас түлектер қанат қақты.
Көненің көзі саналған оқу ордасын 1935-1937 жылдар аралығында мектептің керегесін кеңейту, класс комплектісін көбейту ісінде еңбек сіңірген Әли Рысдәулетов, 1937-1942 жылдары Ләтип Муликов, 1943-1953 жылдары онжылдық мектеп болып құрылуына атсалысқан, биология пәнінің мұғалімі Мәди Ахметов, 1953-1963 жылдар аралығында мектепке жоғары білімді жас мамандарды қызметке шақырып, білім сапасын көтеруге күш салған Хамит Қажкенов басқарды. Одан әрі 1964-1977 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ақын, Қазақ ССР және КСРО Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қожантай Досмамбетов, 1977-2006 жылдары Халық ағарту ісінің үздігі, Құрметті теміржолшы Бақытғани Сәтбаев, 2006-2014 жылдарда ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қызылорда облысы білім беру ісінің үздігі Бейбіт Даулетияров мектепте директорлық қызмет атқарды.
Балаларға біліммен бірге саналы тәрбие беру ісінде пәрменді жұмыстар жүргізіп келе жатқан тәрбие ошағының бірі – мектеп жанындағы интернат. Соғыстан кейінгі 1958 жылы іргесі қаланған интернатта қырық жылдан аса уақыт жақын маңдағы теміржол бекеттерінде тұратын тұрғындардың балалары тәрбиеленген. Қазіргі таңда да елді мекендерден білім алуға келген шәкірттер бір үйдің балаларындай күн кешуде. Бұрынғы жылдары интернат меңгерушісі қызметін В.Кривошеева, Д.Қонақбаева, бертін келе С.Өталиева сияқты білікті ұстаздар атқарса, бүгінгі таңда Айгүл Жиенқұлова басшылық етеді.
Айта кету керек, тарихы терең мектепті қастерлеу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында кәсіподақ ұйымының бастамасымен 1994 жылы «Қасиетті шаңырақ» атты тақырыппен республикалық деңгейде оқу ордасының 75 жылдық торқалы тойы атап өтілді. Ал келер жылы толғауы тоқсан тарихпен бірге жеткен орны бөлек білім ордасына 100 жыл толмақ.
Алаш ардақтысы А.Байтұрсынов айтпақшы, «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ». Бүгіндері Қымбат Сермахан басшылық ететін Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектепте білікті де білгір мұғалім-мамандар шоғырланған. Сондықтан болар оқушылары облыстық, республикалық интелектуалды сайыстарда мектеп беделін асқақтатып, ұстаздарының мерейін үстем етіп жүр.
Батыр баба есімімен аталатын бұл мектептің аудандағы алғашқы білім ордаларының бірі екенін көпшіліктің бірі білсе, бірі білмейді. Соның салдарынан бірнеше жыл бұрын ғимараттың жартысы бұзылған болатын. Ендігі жерде тарихи нысанның қалған бөлігін қаз-қалпында сақтап, өскелең ұрпаққа дәріптеп, келешекке жеткізу баршамызға парыз.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
22 мамыр 2018 ж. 1 832 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031