Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Он саусағынан өнер тамған

Он саусағынан өнер тамған

Жуырда жол түсіп, Қазалы қаласына іргелес жатқан Абай ауылына бардық. Мақсатымыз – осында тұратын Мариямкүл Көптілеуованың ісмерлігін көзбен көру. «Көп естігеннен, бір көрген артық» дегендей ұлттық өнерді өшірмей, ұлықтап жүрген кәнігі тігіншімен бетпе-бет жүздесіп, оқырманға таныстырудың орайы келді.

Үйге кіре бергеннен шебердің әр бұйымын ұлттық нақышпен өрнектейтінін аңғардық. Оймақтай ғана отауында оюмен оқаланған көрнекі кілем, көрпе-жастық, киім-кешектер сіресіп тұр. Шаңырағы да, шеберханасы да сол. Таңнан-кешке дейін тігін машинасының алдында отыратын Мариямкүл апа сүйікті ісінен еш жалыққан емес. Бір уақыт жүн иіріп, жылы қолғап, шұлық, шарқат, жемпір тоқиды.

«Ана көрген тон пішер» демекші, 5 сыныптан қолына ине-жіп ұстаған ісмерге бұл кәсіп анасы Таңсықбике Балғараевадан қалған. Тұңғыш рет өзіне көйлек тігіп алған күні әлі есінде. Өмір иірімімен түрлі жұмыстарды атқарған кейіпкеріміз уақытында киномеханиктің кассирі, кітапханашы, клуб меңгерушісі болды. Тіпті «Жұбан» елді мекенінде тұрған шағында балық қабылдау пунктінде де еңбек етті. Бертін келе Абай ауылынан Битілеу Бигенов ашқан тігін цехында тігінші болды. Ауыл жастары болып «Балауса» бригадасын құрып, жүгері егумен айналысты. Өзі құралпы қыз-жігіттерден құралған бригаданың бригадирі агроном Жақыпбек Пазылбеков еді. Осында жүріп, болашақ жары тракторшы Серікбай Әбуовпен танысты. 1975 жылы шаңырақ көтерген Серікбай мен Мариямкүлдің шаңырағында екі ұл, екі қыз тәрбиеленді. Бүгінде ұлы ұяға, қызы қияға қонған ата-ана немере, шөберелерінің қолынан су ішіп отыр.

Іс тігудің қыр-сырын түгел меңгерген Мариямкүл апа кәсібін табыс табудың көзі санамайды.
– Тігіншілік ыждаһаттылық пен мұқияттылықты талап етеді. Сол себептен қарапайым кесте тіксем де жауапкершілікті басты кезекке қоямын. Жалпы, бұл кәсібіме табыс табудың көзі деп қарамаймын. Ұлттық бояуымыздың, қазақы қолөнердің қалтарыста қалмауына үлес қоссам – мәртебенің үлкені сол,– дейді қолөнер шебері.
Жасаған бұйымдарына қарап, оның шығармашылық қиялында шек жоқ екенін аңғардық. Әр туындысына әрқилы әр береді. Тұрмыстық тұтынудан тыс қала бастаған текемет, алаша, киіз басудың қас шебері. Айтпақшы, Мариямкүл Көтілеуқызы қазақтың қара домбырасын әлі күнге жанынан бір елі тастаған емес. Кезінде сырнай, баян, домбыра тартып, әуелете ән салғанда тыңдармандар ұйып тыңдап, дауысына тәнті болатын. Бұл қасиеті бүгінде жоғалмаған.

– Бір әкеден үш қызбыз. Зейнегүл, Бибігүл есімді екі әпкем бар. Бәрі де өнерден құр алақан емес. Қолдарынан іс тігу де келеді. Бұның барлығы бізге әкеміз бен анамыздан қонса керек. Әкем дүкенші болды. Ұсталығы өте мықты еді. Ол арнайы қайыртал ағашын шауып әкеліп, үй соғатын. Ер, домбыра жасайтын. Аңға шығып, ондатр ұстап, терісінен ішік, тон тігетін. Анамның ісмерлігі өз алдына. Қолынан келмейтіні жоқ. Әкем соғысқа кеткенде анам сыртта жұмыс істеді, балықшы болды. Түн ішінде шамның жарығымен тоқу тоқып, тігіншілікпен айналысатын, – деп өткенді еске алды Мариямкүл Көптілеуқызы.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

28 желтоқсан 2019 ж. 2 453 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930