Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымбатшылық қысқан Қазақстан

Қымбатшылық қысқан Қазақстан

 Елімізде азық-түлік бағасы тағы аспандап кетті. Халықты қымбатшылық қысып тұр.
Дүкен жағалаған жұртшылық осылай деп дабыл қағуда. Әсіресе күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасы қымбаттап барады. Қымбатшылықтың шегі күннен күнге шарықтап,үдеп тұр. Құбылған бағаны арзандату былай тұрсын,бір бағада тұрақты ұстап тұру қиындау болып тұр.
  Қымбатшылық қысымға ала берсе не болады? Азық-түлік бағасы халық үшін бас­ты мәселеге айналып отыр. Табыстың барлығы дерлік азық-түлікке кететін болды. Күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларынан бастап, жанар-жағармай, құрылыс заттары, ет, ұн, шай, жұмыртқа, күнбағыс майы, жем-шөп – бәрінің бағасы күн өткен сайын шарықтауда. Бірақ нарықтағы еселеп өскен бағаға сай халықтың да жалақысы өсіп, зейнетақысы мен жәрдемақысына үстеме мардымды қосылып жатқан жоқ. Нәтижесінде халықтың тапқан-таянғаны ішіп-жемнен артылмайтын, ертеңгі күнге артық жос­пары жоқ, күнделікті тамақ табуы мұңға айналуы қалыпты жағдайға айналды.
Халқымыз ең көп тұтынатын әлеуметтік өнімнің бірі – шай бағасы да шарықтап кеткен. Оның бағасы бір жылда 12 пайызға көтерілген. Жаз мезгілінде көпшілік жұрт құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Алайда осы жылы көпшіліктің қолы байлаулы. Себебі құрылыс заттары да бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өсуде. Яғни қымбатшылық жалынан ұстатар емес. Қанттың қат тауарға айналып, ол үшін талай тартыс болып жатқанын да әлеуметтік желіден көріп жүрміз.
Қымбатшылық несиеге тәуелді етер...
 «…Алған айлығым несие төлеуден артылмайды. Балам үйленді, той жасадым. Қатарынан қалдырамын ба? Бас­пана әпердім. Осының бәрі несиемен келген «байлық». «Елден қаламыз ба?» деген бәсекемен жүріп басым бәлеге қалды. Оның үстіне қымбатшылық та бой бермей барады. Ас-ауқатымның бәрі ақшаға тәуелді болып тұр»… Иә. Бұл жайт – бүгінде екінің бірінің айтар «жыры». Жалпы, қоғам тауар өндіруші мен тұтынушыдан тұрады. Екеуі де қаражатқа тәуелді. Алғашқысы несие алып – бизнесін жүргізгенімен, тауарын қымбатқа саудалайды. Екіншісі сол қымбат тауарды несиеге сатып алады. Қымбатшылық тізбегі осылайша айналымда жүре береді.
Түйін

Осы жылы қымбатшылық кәдімгідей ауыр болды. Артық шығынды азайттық, барынша үнемдеуге тырысамыз. Жалақы өспесе де, баға күн сайын көтеріліп жатыр. Баға – көкте, жалақы – жерде. Күн өткен сайын құбылған сөредегі сандар ырыққа көнбей барады. Қайда барсаң – қымбатшылық. Не де болса, бұл мәселені шешу үшін нақты қадам, мықты тәртіп керек екені анық.
Сурет-e-cis.info
Қорқыт ата атындағы Қызлорда университетінің
Журналистика мамандығының 2-курс студенті
Анеля ӘЛИҚЫЗЫ

03 мамыр 2024 ж. 260 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031