Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірт жетістігі – ұстаз шеберлігінде

Шәкірт жетістігі – ұстаз шеберлігінде

Жетпіс жылдық тарихы бар Ы.Алтын­сарин атындағы №204 қазақ орта мектебі – талай шәкіртті түлеткен киелі орда. Алғашында №71 теміржол жеті жылдық мектебі болып ашылған білім шаңырағының директоры Данышпан Балмағамбетов болды. Сол кездері мектепте 400-дей оқушы оқып, 15-ке жуық мұғалім білім берді. 1954–1955 оқу жылында мектептің алғашқы түлектерінің саны 35 оқушы болды. Бастапқы сабақ берген ұстаздар Сейіл Боранбаев, Әшірбай Қазыбаев, Бибіжар Пішімова, Саяш Қосаева, Мадали Ахмедов, Ләти Сарқұлов, Ян Дүн Цой, Асан Досжанов секілді ұстаздар жемісті қызмет атқарды. Ал жаңа мектеп ғимараты 2014 жылы пайдалануға берілді.

Ғимараттың ауқымы кең, екі қабатты типтік жобада салынған. 600 орынға арналған екі ауысымдық мектепте 1 физика, 1 химия, 3 информатика және 1 робототехника, 3 технология кабинеттері бар. Кітапхана, акт залы, спортзал қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. 130 балаға ыстық тамақ беріледі.
Білім ордасында тәрбиелік мәні зор тағылымды кештер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
Шәкірттер шығармашылығын шың­дауда да ұстаздардың еңбегі орасан.
– Мектепте өткен әрбір шараның астарында үлкен мән-мағына жатыр.
Біздің мақсатымыз тек қана білім беріп қана қоймай, тәрбиені оқушы бойына тел сіңіру. Осы ретте түрлі жиындар, кештер ұйымдастырылады. Әр даталы күннің де өзіндік орны мен ерекшелігі барын балалар біліп өсуі тиіс, – дейді мектеп директоры Ләззат Ізбасқан.
Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуына 35 жыл толуына орай Қонысбек Жаңабаев 8-10 сынып оқушылары арасында «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбында тарихи кеш өткізді. Кеш шымылдығы тарих пәнінің мұғалімі Алмас Қаналиевтың «Ауған соғысы – жүректегі жара» тақырыбындағы баяндамасымен ашылды. Оқушылар тақырыпқа сай әдеби-монтаж оқыды. Видео слайд көрсетілді. «Жылдар сөйлейді» айдарымен оқушылар 1979-1989 арасындағы оқиғалар туралы түсінік беріп өтті. Тарихи кеш оқушыларға үлкен әсер қалдырды. Ал «Қыран» дебаттық клубы мүшелері ұйымдастыратын түрлі тақырыптағы пікірсайыстардың да шәкірттерге берері мол. «ДосболLIKE» республикалық акциясы өткен кезде мектеп басшысы Л.Шманқызы дстық, татулық, сыйластық секілді құнды қасиеттер туралы кеңінен айтып, оқушыларды үнемі ауызбіршілікте болуға шақырды.
Мектеп кітапханашылары оқушылардың қысқы демалыс күндерін тиімді пайдалану мақсатында «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» тақырыбында шара ұйымдастырды. «Ауылым – алтын тұғырым» атты шығарма жазған оқушылар туған жер туралы түсініктерін тағы бір мәрте кеңейтті. «Құстар – біздің досымыз» атты акция кезінде шәкірттер табиғаттың бір бөлігі саналатын тіршілік иесі құстарға қамқорлық көрсетіп, оларға жылы ұя жасады. Махамбет Өтемісұлы 220 жылдығына орай 2-3 сынып оқушылары қатысуымен өткен шараның мақсаты – даңқты батырдың өнегелі өмірін оқушылар арасында насихаттау болса, «Жас ұлан» өзін-өзі басқару ұйымы мүшелерінің қатысуымен «Музей сағаты» және «Сыр елінің сырлы жәдігерлері» атты акциясына сәйкес саяхат сабағы өтті. Бұл шара барысында мектеп тәлімгерлері мен оқушылар Қазалы аудандық тарихи өлкетану музейіне барды. Музейдегі ата-бабадан мұра болып келе жатқан көне жәдігерлер және құндылықтарды көріп, тарихымен танысты.
Қазалы аудандық оқушылар үйінде өткізілген «Маусымашар – 2024» жайдарман сайысында мектептің «Ақ орда» командасы бақ сынап үздік ойын өрнегін көрсете білді. Сайыс нәтижесінде команда «Супер лига» кезеңіне жолдама алды. Білім ордасындағы «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» жоспарына сәйкес «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы аясында әкелер және балалар арасында «Алтын сақа» асық ату сайысын ұйымдастырды. Қазақ халқының ұлттық ойыны асық атуды әкелер мен оқушылар арасында кең көлемде насихаттауды мақсат тұтқан шара жоғары деңгейде өтіп, көпшіліктің көңілінен шықты.
Сонымен қатар кітапханашыларының ұйымдастыруымен академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Ұлт мақтанышы» тақырыбында фотокөрме көрермен назарына ұсынылды. Оқушыларға өз ұлтының мақтанышы Қаныш Сәтпаев туралы тың деректер таныстырылып, ғылым жолындағы жарқын жетістіктері үлгі етілді. Бұл білім ордасының бергі уақыттағы жетістіктерінің бір парасы.
Мектепті басқарып отырған Ләззат Шманқызы білікті басшы. Тәжірибелі директор үнемі ізденіс үстінде жүреді.
Мұғалімдердің оқушыларға сапалы біліммен қатар тәлімді тәрбие беруіне айрықша басымдық береді. Әр сайыстан жүлделі оралатын ұстаздар мен жеңімпаз шәкірттер бұл мектепте көптеп кездеседі. Оқушылар аудандық, облыстық, республикалық білім бәсекелері мен пән олимпиадаларында, интернет сайыстарында, ғылыми жобалар байқауында да топ жарып жүр.
– Әр оқу жылында мектеп түлектері «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегері атануда. Түлектеріміздің көпшілігі жоғары оқу орындарында грант негізінде білім алуда. Мұғалім үшін ең үлкен жетістік – шәкіртінің шыңға шығуы.
Әр бала жұлдыздай жарқырай алады. Ол үшін ұстаз бар күш-жігерін жұмсайды. Озат оқушыларды тәрбиелеп жүрген ұлағатты жандар қатары аз емес. Әрқайсысының өзіндік орны мен ұстанымы бар. Елдің келешегі кемел болуы үшін әр үйдің үкілеген үміті – балаларды жан-жақты етіп тәрбиелеуде ата-ана мен ұстаздың атқарар рөлі үлкен. Біз өзімізге жүктелген жауапкершілік жүгінің салмағын сезініп, әр іске байыппен қараймыз, – деп әңгімесін түйіндеді мектеп басшысы.


Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
04 мамыр 2024 ж. 127 0

Бегім ана берген сый

18 мамыр 2024 ж. 51

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 47

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031