Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тасқыны: Жайықтың жайы алаңдатады

Су тасқыны: Жайықтың жайы алаңдатады

Әлеуметтік желіні шарлаған сансыз бейнероликтер қабырғамызды әлі де қайыстыруда. Бірінен соң бірі, ауыл іші тегіс дарияға айналған. Үйлердің бел ортасынан келген мал біткенді де аямаған. Талай жыл тұрып, берекесі кірген қарашаңырақтар қирап, су басты. Жағдай әлі де күрделі ме? Күндерек сөйлесін.
Қазақстанда ауқымды су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу процесі жалғасуда. Үкімет аталған жұмысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша атқарып жатыр. Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және республиканың басқа да бірқатар облысының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беруде. Қазір 21 658 өтінім қабылданған.
26 сәуірдегі жағдай бойынша 12 642 отбасы 100 АЕК мөлшерінде 4,5 миллиардтан астам теңге көлемінде біржолғы төлем алыпты. Шығын болған мал басы үшін берілетін төлем көлемі 211,5 миллион теңгеге жеткен. Зардап шеккен өңірлерде 3871 тұрғын үй тексеріліп, 2230 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілген. 468 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуге 645 миллионнан астам қаражат бөлініпті. Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында 49 отбасына қираған баспаналарының орнына үйлер мен пәтерлер берілді.
Шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және Үкіметтің қатаң бақылауына алынған. Президент тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.
Қостанай облыстық төтенше жағдай резервінен ТЖ жарияланған аймақтардағы су тасқынымен күрес мақсатындағы жұмыстарға 2,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде халыққа келтірілген шығынды өтеу және біржолғы әлеуметтік көмек төлеу, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді жол инфрақұрылымы мен электрмен жабдықтауды қалпына келтіру шаралары қамтылды.
Қаражаттың басым бөлігі Арқалық қаласына 880 мил­лион теңге, Қостанай ауданына 419 млн теңге аударылған. Ал Амангелді және Жангелді аудандарына 351 және 316 миллион, облыс орталығына 300 миллион теңге жіберіліпті. Малға келтірілген шығынды төлеуге келсек, 780 бастың төлемі өтелген. Су тасқынынан барлығы 980 бастан астам мал қырылды. Сондай-ақ 1 736 өтініш бойынша 640,9 миллион теңгеге әлеуметтік көмек төленді.
Амангелді ауданында барлығы 317 өтініш қаралса, қалған аудандарда әлі де жұмыс жалғасуда. Өтініштер әлі де қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта су тасқыны кезінде бұзылған тұрмыстық техника мен жиһазды бағалау бойынша есеп жүргізіліп, дайын болғаннан кейін халыққа келтірілген шығынды өтеу басталады. Арқалықтағы алғашқы пәтерлерді Екідің ауылындағы су тасқынынан баспанасыз қалған 24 отбасы алды.
1 мамырда сағат 08.00-дегі жағдай бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі өткен тәулікпен салыстырғанда 5-тен 25 сантиметрге дейін көтерілді. Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабының мәліметінше, Жайық өзені бойынша өткен тәулікте БҚО аумағынан судың келуі есебінен деңгей өзгерді.
Айта кеткен жөн, су тасқыны кезінде жалған ақпарат таратып, халық арасында дүрбелең тудырғаны үшін 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал екеуіне қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы «Біз біргеміз» телемарафонында ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешов айтты.
Оның айтуынша, жауапқа тартылғандар көбіне гуманитарлық көмектің ұрланып, оны әкімдік өкілдерінің иемденіп жатқаны және кісі өлімі жөнінде қауесеттің таралуына себепші болған.
– Су тасқынына қатысты жалған ақпарат таратқан 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 2 қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында 7 адам, Астана қаласы мен Маңғыстау облысында 2 адам, Атырауда 1 адам және БҚО-да 1 адам жауапқа тартылды. Жалған ақпаратпен күрес жалғасып жатыр, мониторинг жүргізіп отырмыз, – деді Шыңғыс Алекешов.
Ал 6 405 адам эвакуациялау пункттерінде әлі қалып отыр. ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріптің айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 7 184 тұрғын үй мен 2 844 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылған.
– Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жалғастырылуда. Су тасқыны жағдайының мониторингі дронның көмегімен жүзеге асырылады. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында 37 мың қапшық, 685 тонна инертті материал төселді. Құлсары қаласында су басқан аумақтан жылжымалы сорғы станциясы мен мотопомпа көмегімен 216 мыңнан астам текше метр су сорылды, – деді ол.
Сондай-ақ ол Алматы қаласынан, Жетісу және Алматы облысынан Батыс Қазақстан облысына көмекке барған Төтенше жағдайлар министрлігі күштері мен құралдарының бір бөлігі тұрақты орналасу орындарына оралып жатқанын нақтылады.
Елімізде су тасқынына қарсы жұмыстар әлі де қарқынды жалғасуда. Бүгінге дейін аталған жұмыстарға 14 мыңнан астам адам жұмылдырылды, 43 мыңнан аса адам үйіне оралды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖМ өкілі Асқар Шәріп мәлімдеді.
Осы сағатта республика бойынша 43 015 адам үйіне оралды. 6 338 адам эвакуациялау пункттерінде. Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 7 710 тұрғын үй мен 2 844 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 14 мыңнан астам адам, 1 529 техника, 226 су сору құралы және 100 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылды.
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында 5 тұрғын үй мен 24 үй маңындағы учаскелерді су басты. Жауын-шашын әсерінен Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі көтерілді. Жағдай аймақ құтқарушыларының бақылауында. Аэровизуалды ұшу жүргізілуде. Семей, Өскемен қалаларынан келген ТЖД қызметкерлері, сондай-ақ ҚР ТЖМ 68303 бөлімінің әскери қызметшілері алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін елді мекенге кеткен. Қазіргі уақытта су бұру үшін арнайы техника тартылған. Тұрғындар эвакуациядан бас тартып, уақытша туыстарының үйіне орналастырылды. Ауылдық мектепте сабақтар қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.
Атырау облыстық «Қазгидромет» РМК гидрологиялық мониторингіне сәйкес, 3 мамыр сағат 8.00-дегі жағдай бойынша БҚО аумағынан судың келуі есебінен Жайық өзенінде су деңгейі өзгерді. Бұл туралы Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы өкілдері мәлімдеді.
– Жайық өзені – Индербор кентіндегі су бекетіндегі деңгейі 788 см, деңгейдің +38 см-ге көтерілуі, су тасқыны басталғаннан бері жалпы көтерілу 565 см құрайды. Жайық өзені – Махамбет кентінің деңгейі 812 см, деңгейдің тәулігіне +17 см-ге көтерілуі, су тасқыны басталғаннан бері жалпы көтерілу 495 см, қауіпті деңгейге дейін 38 см қалды. Жайық өзені – Атырау қаласы гидропостындағы деңгейі 471см, тәулігіне деңгейдің көтерілуі +12 см. Су тасқыны басталғаннан бері жалпы көтерілу 280 см құрайды. Су деңгейінің одан әрі көтерілуі күтілуде, – делінген Атырау облыстық ТЖ жөніндегі жедел штабы жолдаған хабарламада.
3 мамырда Ирикла су қоймасынан су жіберу 141 м3/с құрайды.
Айнұр ӘЛИ

04 мамыр 2024 ж. 121 0

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 17

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031