Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Халыққа жақын болу табыстылыққа да, танымалдылыққа да жол ашады

Халыққа жақын болу табыстылыққа да, танымалдылыққа да жол ашады

Ол – зейінді заңгер, атышулы адвокат. Солай бола тұра қарапайымдылық пен қажырлықты, туралық пен тағылымдылықты өмірлік кредосына айналдырған. Қоғамда орын алған келеңсіздікте «Әр қазақ менің жалғызым» деп жаны ауыратын Тілеужан Кішкенебаевпен сұхбаттасудың реті туды.
– «Тау баласы тауға қарап өседі, Қыр баласы қол созады аспанға» дегендей, аядай ауданнан шыққан қара баланың танымалдыққа ие болуында қандай сыр бар?
– Әйтеке би кентінің перзентімін. Ұстаздар отбасында тәрбиелендім. Қорқыт ата атындағы университетінің Заң факультетін бітірдім. Жастайымнан жауапкершілік жүгін арқалауға дағдыландық. Сабақ үлгерімім жаман болған жоқ. Мектептің барлық қоғамдық шараларына белсене араласатынмын. Жасөспірім бала әртүрлі арманға бой ұрады. Ес жиып, есеюге бағыт алғанда, бойыңдағы басты мұрат қылаң береді. «Елім үшін не істей аламын?» деген ой мені жұртқа жақсылығы мол құқық қорғау саласына қарай жетеледі. Қиындығы мол жұмыста түрлі жағдайлармен бетпе-бет келсем де жүрген жолыма үңілсем, таңдауымның дұрыс екенін көз жеткізіп келемін. Әділеттің алдаспанын ту етіп, қоғамдағы қарама-қайшылықтармен күресу, өзіңнен көмек күткен жандардың сенімінен табылып, көңілін қуантудан асқан сезім бар ма? «Алғыс алған арымас» деген.
– Құқықтық сауатсыздық – қоғамның басты мәселесінің бірі. Осы орайда Сіз қолға алған шараларды тілге тиек етсек...
– Қазіргі қазақ қоғамында Заңды білмей опық жеп, алданып, зардап шегіп жүргендер көп. Мысалдар жеткілікті. Осы бағытта түрлі істер арттырудамыз. Адвокаттық компаниям бар. Көп жылдан бері халыққа тегін кеңес беріп келеміз. Одан бөлек «ZanLive» атты арнамыз жұмысын тұрақты жүргізіп тұр. Қоғамда орын алған келеңсіздікті әшкерелеу, халық көзін ашуды мақсат тұтқан бас­тамамыз өз нәтижесін беруде. Орынсыздыққа жол бермей, тіпті кейбір Заң тармақтарына өзгеріс енгізуге де мұрындық болған жағдайымыз бар.
– Құқықтық сауатсыздық дегенде ойға оралатын, әлем назарын тігіп отырған экс-шенеулік Қуандық Бишімбаев соты туралы көзқарасыңызды білсек...
– Атышулы Бишімбаевқа тағылған айып өте орынды. Ол осы уақытқа дейін айыптан жалтарып, өзінің менменшілдігіне салынып, істі қасақана емес, абайсызда болды дегенді алға тартып отыр. Алынған ақпараттарға сүйенер болсақ, бұған дейін де қасақана зорлық-зомбылық көрсеткені анықталды. Сот төрелігі сын көзбен қарап, өз бағасын беріп жатыр. Бірақ азаматтық ұстанымым, әрекетін дұрыс деп танымайды. Егер сот бұрмалаушылық танытып, заңсыз әрекет ететін болса, апелляциялық алқа, жоғарғы сотқа шығымдануға құқықтары бар. Мұнан біз отбасындағы ұрыс-жанжалдың шегінің қайда апаратынын көріп отырмыз. Ері жұбайын сабырлыққа шақырып, кез келген істі ақылмен шешуге болатын еді. Нәзікжандыларымыз да құрбан болуға жол бермей, мәселе ұлғайса, еліміздегі «Неке және отбасы туралы» Заң аясында шағымдануға, оның алдын алуға болатынын білуі керек.
– Уақыттың қадірін білетін азаматсыз. Қашан көрсек тың, бабында тұратыныңызды байқаймыз. Қуатты қайдан аласыз?
– Ерде мінез болу керек. Қажет жерде қызуқанды, қажет жерде ұстамды, қажет жерде батылдық көрсетуі шарт. Ол ерлердің табиғаты. Осы қасиеттерді заңмен астастыра отырып, кез-келген іс шешімін табуда байыптауға ұмтыламын.
– Тұңғышыңыз Жібек туралы білеміз. Сіздің қайы­рымдылық іс-шара­ларыңыздың басы-қасында жүр. Отба­сыңыз, өзге де қызы­ғушылығыңызбен бөліссеңіз...
– Жұбайым екеуіміз отбасында сегіз бала тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Жібек – тұңғышым. Темірбек Жүргенов академиясынан білім алған кәсіби өнер маманы. Менің мектеп жасындағы арманымның бірі – әнші болу еді. Ата-анам бойымдағы өнерді бағаласа да, оны мамандыққа санамады. Аллаға шүкір, мен жетпеген биікке қызым ұмтылуда. Әндері бар. Киноларда бой көрсетіп жүр. Жақында алғашқы өнер кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Концерт туған жері Қазалыдан бастау алмақ. Бабамыздың 250 жылдық мерейтойы қарасаңында өтетін шараны қайырымдылыққа бағыттап отырмыз. Бұған дейін де қолдан келгенше баба рухына бағышталған істерге көмек қолымызды создық. Соның ауқымын арттырсақ деген мақсатымыз бар. Осы орайда бізді қолдап-қуаттаған Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет бастаған азаматтарға үлкен алғасымды айтқым келеді.
Қосымша «ТК» продюсерлік орталығының жұмысын жүргізудеміз. Концертте осы орталықтың қарамағындағы қыз-жігіттер өнер көрсетеді. Оларды таныту, таланттарын шыңдауға мүмкіндік жасаймыз. Бала арманым мені қанаттандырады. Бұған дейін Алматыдағы қарттар, жетім балалар үйінде тегін концерт қойдық. Алматы жанындағы Ащыбұлақ ауылындағы концерттен түскен ақы сол жердегі спорт кешені жұмысының жандануына септесті.
– Қазалы дегенде ойыңызға не оралады?
– Төл перзенті ретінде туған жерді жақсы көремін. Қолым қалт етсе, ауылымнан, тамырымнан қол үзбеуге тырысамын. Жаңалықтарын жібермей оқимын. Мұнда өскен ортам, ағайын туыс, дос-жаран бар. Балаларымды жиі алып барамын. Үнемі мақтанышпен айтып отырамын. Қазалы халқының кеңпейілділігі қанаттандырады. Туған өлкемнің өсіп-өркендегенін, қандай қиындықтан қасқайып шығып, бүгінгідей күйге жеткенін көріп, көңілім қуанады.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
– Сіздерге де шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
04 мамыр 2024 ж. 222 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031