Көнеден қалған мұра
Сөзге де шебер, іске де ұстаз халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Ағаштан, темірден, түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиыннан қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұратын өнер туындысы. Содан да болар «Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Осындай халық арасында қолынан өнері тамған ісмерлер кездесері хақ.
Соның бірі бекарыстанбилік Нағима Сахиқызы сексен жасқа таяса да келініне қолғабыс етуден жалыққан емес. Ол жас шағында түрлі дүниені аса шеберлікпен жасап, халыққа ұсынған.
– Кезінде барлығын да табиғи өнімдерден қолдан әзірлейтінмін. Текемет, киіз басу, жүн қырқып, оны иіру, алаша мен өнерлеп ши тоқу сынды істерді қиналмастан рахаттана дайындайтынмын. Қазір сол жас келген соң көру қабілетім нашарлады. Алқынып тұрған шақта кез келген істі атқара беретінмін. Бүгінде оларға сұраныс жоқтың қасы, – дейді кейуана.
Кәріліктің шыңына шыққан Нағима әже тағдырдың басына салған қиындығына төзіп, іштей тынған жан. Оның айтуынша, жалғыз баласы отыз жасқа жетпей дүниеден озған. Келіні 4 баламен қабырғасы қайыса, күні-түні жылап, ата-енесінің қасында қалған. Нағыз жалындап тұрған жиырма екі жасында жесір атану оған ауыр тиді. Алайда ата-енесі ағайын-туысты жинап, жан дүниелері қан жыласа да жас келіннің бағын байламауды бекінді. Сонда бұл шешімді естіген келіншек солқылдап жылап жібереді де: «Төрт баламды біреуге жәутеңдетіп, пақыр таппаспын. Жұбым жер астында тозатын болса, мен жердің бетінде жүріп тозамын. Не де болса, сіздердің жандарыңызда қаламын. Сіздерді төрт баламмен бірге бағамын. Қалайша көздеріңізді жәутеңдетіп қалдырып кетейін?! Құдай қосқан қосағымның шаңырағынан ешқайда кетпеймін!» деп, ойын нық жеткізген екен. Содан бері отыз жыл да өте шыққанын көзіне жас ала еске алды Нағима әжей.
Оның айтуынша, екі қызы тұрмыста. Солардың жасауын толықтай өзі дайындаған. Құрақ көрпе тігіп, өзіне көйлекті де пішіп тігіп алатын өнері бар көрінеді. Қолөнер ежелден келе жатқан кәсіп түрі болғандықтан, халықтың өмірі және тұрмысымен бірге дамиды. Осылайша ұрпақтан-ұрпаққа дариды. Көне заманнан келе жатқан бұндай қазақ қолөнері өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалған. Ұлттық қолөнерде негізінен шикізат есебінде ешкі мен қойдың қылы пайдаланылған. Себебі ол аязды күнде жылуды сақтайтын, әрі төзімділігімен ерекшеленеді. Қазақтың дәстүрлі өнері қатарына киіз басу жатады. Кезінде киізді ақ және қара түстен әзірлеген.
– Киізді киіз үйдің сыртын жабу мен жерге төсеу үшін және де кереге керу арқылы өз қажеттілігіне орай пайдалана білген. Одан кебеже, сандық қаптайтын әбдіреқаптар, ыдыс-аяқ салатын аяққаптар жасаған. Киіз шексіз мүмкіндіктерге ие. Барлық өнім түрлерін дайындауға болады. Экологиялық таза өнім. Денсаулық үшін пайдалы, – дейді Нағима Сахиқызы.
Ол қара шаңырақтағы бір бөлмені қазақы нақышта әсемдеп қойған. Осында өзінің әзірлеген киіздері мен алашасы, құрақ көрпелері ұлттық нақышта жиюлы тұр. «Жаһандану үрдісі түрлі кәсіптің пайда болуына, әртүрлі жұмыс орнының құрылуына, сондай-ақ, адам идеясы мен қиялының шексіз екенін дәлелдеді. Біздің заманда киіздің басу, алашаның тоқу шартына айрықша мән беретінбіз. Бейнеті көп болғанымен әзір болғанда тұтынушылардан алған нәпақаң іштей қуаттандыратын. Қыздарыма менің көзімдей сақтаңдар деп бір-бір киіз бен алашадан және құрақ көрпелерін жасауына қосып бердім. Жалаңаяқ жар кешіп, шиттей балаларды жеткізу мақсатында біреудің қойын қырықтым. Жүнін түтіп, киіз басумен айналыстым. Сол кезде жалғызымнан қалған тұяқ 2 жастағы немерем қазір шаңырақ көтеріп, шөберелі болдым. Үш қыз немерем тұрмыста. Бүгінде немерем мен келінім ауылда жұмыс болмағандықтан Астанада жұмыс істейді. Шөберені бағып, келінім екеуміз қарашаңырақтамыз. Ауылдық округтің әкімі Қонысбек балама алғысым шексіз. Әрдайым көмек қолын созып тұрады. Отын-су, азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұр. Қолдауын қашанда үзген емес. Менің тарапымнан тек бата берумен шектелемін. Алла разы болсын. Бала-шағасының қызығын көрсін, – деп терең күрсінді.
Нағима Сахиқызының бойына бірнеше өнердің даруына анасының нағашысы 10 жасында Әмина деген әжей үйреткен. Кейін ол анасына көмектесе бастаған. Шешесі ұршық иірген. Оны бұғанасы қатпаған Нағима бояп, алаша тоқып, киіз басатын.
– Бабалар айтқандай нені қор етсең, соған зар боласың, ешкім қолдың бұйымдарын керек етпейді. Қазіргі заманда ештеңе жоқ дейді. Жоқ емес, көп дүние. Түйсінгенге ақша білгенге адамның аяғының астында жатыр. Отын жарсаң да ақша емес пе? Дүкенге жалдансаң, арба сүйресең де қаражат құралады. Қолыңнан өнер келсе де, бұйырғаныңды табасың. Одан жаман болмадым, – дейді кейуана.
Қазақ халқының талай ғасырлық тарихына бойласақ, ел іші он саусағынан өнері тамған ісмер саңлақтарға кенде болмаған. Олар жасаған өнер туындылары табиғат құбылысы, күнделікті кәсібіне қарай баладан балаға мирас болған. Уақыт озса да, өшпей, ізі жоғалмай бүгінгі күнге жетті.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА