Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Он саусағынан өнер тамған

Он саусағынан өнер тамған



Ата-бабаларымыз күнделікті тірлігінде төрт түлік малдың жүнін кеңінен қолданған. Бағып-баптаған жануарларының жүнін май мен шайырдан, шаң-тозаңнан тазартып жуу, оны сұрыптау, бояп өңдеу, иіріп жіп алу немесе одан бұйымдар дайындау нағыз бейнет пен төзімділікті талап етеді. Халқымыз баққан жануарының қылшығын ұқсатып, бұйым жасауды бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Одан бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қараша үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сынды ең қажетті мүліктер жасалған. Қазақтардың дәстүрлі шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға көп қолданылатыны түйе және қой жүндері, ешкі түбіті мен қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің шудасы. Халқымыз сан ғасырлар бойы ұлттық нақышта қолөнер бұйымдарын жасауды ұрпақтан ұрпаққа мирас ретінде үйретіп отырған.
Осындай қолынан іс келетін епті жандар Қазалыда көптеп кездеседі. «Әкеге қарап оқ жонар, шешеге қарап тон пішер» деген Әсем Нұрниязқызына арналғандай. Ісмер кейіпкеріміз кішкентайынан тоқыма, кеудеше, шұлық және алаша тоқуды шешесінен үйренген. Жұбайы дүниеден ерте озып, алты баланың ауыртпалығы бір өзіне артылды. Бүгінде олардан 20 немере, 15 шөбере сүйіп отыр.
Ә.Берімбаеваның айтуынша, қойдың жүнін “жабағы”, “күзем жүні”, “қозы жүні”, “өлі жүн” және “шет-пұшпақ” деп бес түрге бөлінеді. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терлік жасайды. Сонымен қатар, тыстап күпсек (бөстек), көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүрілтіп қайнатады. Бұл жұмыс жүнді шайырынан арылтып тазарту үшін де жасалады. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады. Санқилы иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі. Өрмек жіптері, түрлі жиектер ширатылады.
Ал күзем және қозы жүнінен киіз басылып, текемет, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады. Күзем мен қозы жүні иіруге келмейді. Ол киім мен көрпе тысының арасына салуға да жарамсыз. Бірнеше рет тоғытылып, кірі мен шайырынан тазартылып қырқылған қойдың күзем жүнінен киіз басылады. Киіз басылатын жүнді шаң-тозаңнан, шөп-шөгірден тазартады. Жүннің білтеленіп, ұйысқанын жазу үшін сабаумен сабайды. Жүн сабау ісіне әйелдермен бірге еркектер де қатысады.
«Анам он саусағынан өнер тамған әйел болған. Ол аса шеберлікпен киіз баса білетін. Бірақ менің киіз басуға қызығушылығым болмады. Жалпы, қазір ешкім киіз алуға құлқы жоқ. Негізінде киіз бен шұлықтар қой жүнінен дайындалатындықтан адам денсаулығына пайдалы. Ыза өткізбейді, аяқ жылы болады. Осы күні базарда бәрі бар. Жаның қиналмай, сатып ала аласың. Кезінде жүн иіріп, оны жуып, екі-үш күнде бір шұлық тоқитын едім. Базарға апарып сатып, артылғанын дүкендерге қоятынмын. Бағасы 500 теңге бейнетіңе татымайды. Ал алаша тоқу үшін 1-2 жыл жібін тақтап, иіресің. Бір алаша сегіз келі жіптен шығарылады. Оның жартысын қызыл, көк, сарыға боялады. 3 қазық қағылып, екі адам жіпті айналдыра жүгіреді. 14-15 құлаш қояды. Қызылы мен көгін бірыңғай байлау керек. Серу байланады. Қылышы, адарғысы мен серуі болады. Жұмыс өну үшін 3 келі арқауды (түйе жүннен дайындалады) өткізесің. Арқау қалыңдығы иірілген жіппен бірдей болуы тиіс. 15 күнде тоқылып дайын болады. Тоқылған бұйым кесіліп, тігіледі. Қолдан дайындалған мұндай алаша кірлемейді әрі мықты болады. Анадан балаға берілетін үрдіс ретінде қыздарыма ұршық иіріп, шұлық тоқуды үйреттім», – дейді кейуана.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.

06 желтоқсан 2017 ж. 5 663 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031