Мақсатқа жету арманнан басталады
Қазалы ауданында, оның ішінде ауылдық жерлерде кәсіп көзін тауып, шаруасын дөңгелетіп отырған жандар саны күн сайын артып келеді. Тіпті, әр ауылда тігін шеберханасы бар десек те болады. Үнемі жағымды жаңалығымен көпшілікті қуантып жүретін кәукейліктерден жуырда тағы да қуанышты хабар жетті. Кәукей ауылының тұрғыны Злиха Қани тігін шеберханасын ашыпты.
Бала күнінен тігін тігуге машықтанған Злиха Әуесханқызы тігін цехын ашуды көптен бері армандап жүрген. Бұл мақсатына жетуіне «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы себеп болды. Соның аясында берілетін қайтарымсыз несиеге құжаттарын дайындаған тігіншінің қазір қуанышында шек жоқ. Өйткені, көкейінде жүрген кәсіпті бастап кетуге жеткілікті қаржыға қолы жетті. Ол ақшаға соңғы үлгідегі электр тоғымен жұмыс істейтін, бірнеше тігісті тігін машинасы мен маталар алды. Құрақ, төсеніш, жамылғы көрпе, балаларға арналған төсек-жабдық, түрлі көлемдегі жастық тігуді бастап кетті.
Он саусағынан өнер тамған Злиха апа тоқыма тоқу өнерінің де шебері. Өмірге алты бала әкеліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған күміс алқа иегерінің тәп-тәтті немерелері бар. Жолдасы Амантай Шымбергенов мезгілсіз дүние салғанда балаларының ең кішісі екі жаста еді. «Орнында бар оңалар» деген, төзімді әрі қайсар ананың жігері жасымады. Тапқан-таянғанын ұл-қызының ауызына тосып, бүгінгі дәрежеге жеткізген ананың жүзі мейірімге, жүрегі жылылыққа толы. «Бастамаңыз берекелі болсын» деп, Злиха апайға хабарласқанымызда: «Мен үй шаруасында отырған анамын. Қолымнан тігіншілік, тоқу келеді. Бірақ кәсіп бастап кетуге қаражат жетіспеуі қол байлау болатыны белгілі. Осы мәселені шешуге ең алдымен қолдау көрсеткен – ауылдық әкімшілік қызметкерлері. Мемлекеттік бағдарламаның барлығын айтып, құжат дайындауыма да жәрдемдесті. Қазір тапсырыс бойынша жұмыс істеймін. Болашаққа жоспарым көп. Тігін цехының көлемін ұлғайтып, бір-екі адамды жұмыспен қамтығым келеді», – дейді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА