Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘСКЕР: миссия – қирату емес, ширату

ӘСКЕР: миссия – қирату емес, ширату

Фото: ашық дереккөзден
«Құлыным» деп зар жылаған ана, ішіне мұң толған әке. Көзінен аққан ащы жасты сүрткен ағайын-туыс. Ауырды бір кісідей көтерген ел. Иә, бұл – соңғы кездері болып жатқан, жүрекке қатты батқан қайғылы оқиғалардың бейнесі. Бейбіт күні әскердегі орын алған оқиғаның көрінісі. Дүйім жұртты дүрліктірген жайтта халықтың пікірі екіге қарс айырылды. Әлі де талдап, талқылап жүр. Кінәлі кімдер? Жауаптылар қайсы? Әскерде орын алып жатқан оқиғаның жай-жапсарын ақтарып, тереңіне сүңгіп көрелік. Алдын ала айтайық, себеп-салдарды тек объективті көзқараспен талдамақпыз.
Рас, соңғы кездері әскердегі сарбаздардың арасында өлім-жітім жиілеп кетті. Ай сайын бір отбасы қара жамылып отыр. Соғыс жоқ, бейбіт заман. Содан болар бұл мәселеге Мемлекет басшысы араласты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекетті болдырмау үшін арнайы комиссия құрып, нақты тапсырмалар берілді. Ер бала – отбасының тірегі, елінің қорғаны. Мықты қорғаны болмаған елдің болашағы да бұлыңғыр. Ал намыс туын желбіретіп, жауыңның құтын қашыратын – әскер. Әскер кеудесі от жүректі жастардан құралады. Ал біздің жастарымыз Отан қорғау ісіне дайын ба?

ҚАЗА ҚАШАН ДА АУЫР

Жауапты мамандардың айтуынша, әскерде орын алған оқиғаға бұған тек армия ғана кінәлі емес. «Біріншіден, жастардың өз-өзіне қол жұмсауының себебін түсінуіміз керек. Өйткені кінәлі тек армия емес. Ол өз әскери борышын өтеуге келгені анық, осы ретте командир әскери қызметшілердің өміріне жауапты, бірақ әр сарбаз ересек адам, азаматтық қоғам өкілі, бізге ол өз проблемаларымен келеді» дейді олар.
Оның алдында Қазақстан Қорғаныс министрлігі бейбіт уақытта әскердегі өлімге жол бермейтін бағдарлама әзірлейтінін хабарлаған. Ол «Әскерде нөлдік өлім бағдарламасы» деп аталады. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, министр «бейбіт уақытта әскери қызметкерлердің жаралануы мен қаза болуы­на жол бермеу үшін барлық лауазымды тұлғалар іс-шара қолдануға тиіс» деген тапсырма берген. Мұндай тапсырмалардың нақты берілуіне себеп те жоқ емес. Өйткені кейінгі кездері әскердегі жауынгер қазасы туралы ақпараттар көбейе түсті. Мәселен, ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы әскери бөлімінің жауынгері Еділ Тешебаев жұмбақ жағдайда қаза болды. ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз бөлімі де «Еділ Тешебаев өз-өзіне қол жұмсады, алдын ала ақпарат бойынша, суицидтің себебі әскери қызметпен емес, отбасылық тұрмыстық проблемалар болған, құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр» деп хабарлаған.
Баланың әке-шешесі мен туыстары және достары оның өз-өзіне қол салғанына сенбей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан іске араласуын сұраған. Осыдан кейін Ақорданың баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскерде жиілеген адам өлімі жөнінде арнайы комиссия құруды тапсырды.
Ал Жамбыл облысындағы әскери бөлімде келгеніне төрт күн болған 18 жастағы Әлібек Қалбай есімді жауынгердің жұмбақ жағдайда қайтыс болғаны айтылды. Бастапқыда жауынгердің «таңғы сап кезінде есінен танып қалғаны», артынша мерт болғаны хабарланған. Кейін Қорғаныс министрлігі «Әскери қызметшiлер қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу» (ҚК 440-бабы, 4-бөлігі) бабы бойынша іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеген.
Сонымен қатар Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген жауынгердің «өз-өзіне оқ атып» мерт болғаны хабарланған еді. Бірақ марқұмның туыстары ресми хабарламаға күмәнмен қараған. Оның алдында көктемде Жамбыл облысында бір жауынгер казарма терезесінен секіріп мерт болды. Сондай-ақ әскерге сау барып, сал болып оралған жас сарбаздардың оқиғалары да жетерлік. Сарапшылар әскери бөлімдерде әлімжеттік жиі кездесетінін айтады.
Иә, қаза қашан да ауыр. Мұндайда бізге тек бір жақты емес, жан-жақты ойлану мен дұрыс пікір айту маңызды болып отыр.

САНДАР ДА СӨЙЛЕЙДІ

Статистика бойынша, былтыр 37 мың әскерге шақырылушының 16 мыңнан астамы Қарулы күштерге жіберіліпті. Қалған 21 мың азамат Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін толықтырды. Қорғаныс министрлігінің мүдделі мемлекеттік органдар қолдаған әлеуметтік бастамаларының қатарында кредиттік демалыстар, мерзімді әскери қызметін өткергендерге білім алу жеңілдіктерін беру және сарбаздарды жұмысшы мамандықтарына оқыту секілді маңызды мәселелер бар.
Қазіргі таңда 4 мыңнан астам сарбаздың 1,5 миллиард теңге сомасындағы несиелері кейінге қалдырылған. Алдыңғы жылғы мерзімді қызметін өтеген 615 адам ҰБТ тапсырмай, азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына оқуға түсіпті. Оқу орталықтарында экономиканың нақты секторында сұранысқа ие 15 әскери-есептік мамандық бойынша 1195 әскери қызметші дайындалған.
Деректерге сүйенсек, соңғы он жыл ішінде 220 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған екен. Сонда жыл сайын орта есеппен 22 отбасы қара жамылып отыр. Ал әскери прокуратура жалпы тіркелген суицидтің 90 пайызында еш қылмыстық сипат жоқ деп шешім шығарған.
Әлем елдеріндегі жағдайды да бір шолып өтейік. АҚШ армиясы hazing немесе bullying-тен көп зардап шегеді екен. Жас жауынгердің денесі мен жүйкесін құрыштай шынықтырудың бір тәсіліне, қатал сынақ түріне жатады. Мысалы, жаңа шақырылғандарға намысқа тиетін лақап ат тағу, таң атпай ұйқыдан ояту, еш себепсіз жер-жебіріне жету, бірнеше күн тамақ татырмау қалыпты саналады. Әлсіздері сынға шыдамай, сынады. Соның кесірінен өзіне қол жұмсағандар саны артқан. Жыл сайын 50-60 адам өз өмірін қыршын қиып отырады екен. Былтыр бұл мәселе ол елде «үлкен трагедия мен масқара» аталыпты.
Қоғамдық пікірде «сарбазды қинау, қатал тәртіп қолдану біздің әскерде бар» деген пайымдау бар. Әрине, армияны шынықтыру үшін қашанда қатаң тәртіп керек-ақ. Дегенмен бұл әдіс әлімжеттікке ұласып тұрған жоқ па?

АУДАНДАҒЫ ЖАЙ ҚАЛАЙ?

Осы мәселе өзімізде қалай болып жатыр? Аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Нұрлан Кульбаевпен жолықтық. Бірнеше сауал қою үшін бөлімге атбасын тіреп, әскердегі қазіргі ахуалмен танысып қайттық. Бөлім бастығының айтуынша, өзі қызмет бастаған жылдан бері ауданнан әскерге аттанған сарбаздардың барлығы аман оралған. Тек осыдан бірнеше жыл бұрын әскерге борышын өтеуге кеткен жас сарбаздың мәйіті келгенін тілге тиек етті. Әрине, бұл қаза аудан жұртшылығына ауыр тиді. Ата-аналардың да жүрегіне күдік ұялағаны рас. Бірақ ұдайы тынымсыз қызмет етіп, түсіндірме жұмысын жүргізіп, тиісті сала басшылары ата-анаға басу айтуда.
– Бөлімнің жұмысы – жұмылдыру, азаматтарды мерзімдік әскери қызметке жіберу, келісім-шарт бойынша әскери қызметке тағайындау, әскери-оқу орындарына қабылдауға құжаттар дайындап, тілек білдірген түлектердің оқуға түсуіне қолдау білдіру, соларға үгіт-насихат жүргізу. Өзім қызмет атқарған уақыттарда аудандық бөлім облыс көлемінде алдыңғы шептен көрінуде. Жалпы жылына екі мәрте әскерге шақырылым ұйымдастырылады. Нәтиже жақсы. Шынына келгенде, әскерге барғысы келетін де, барғысы келмейтін де жастар бар. Мұндайда насихат жұмыстарына аса көңіл бөлінеді. Әскерден қашқан балаға қабылданатын шаралар да бар. Соңғы кездері орын алып жатқан оқиғаларды естіп, біліп отырмыз ғой. Ата-ананың баласын әскерге жібергісі келмейтіні де сол. Әлеуметтік желіде тараған түрлі ақпараттарды көріп отыр. Алайда ер жігіттің басынан не өтпейді. Шыдамдылықпен қайыспаған баладан мықты азамат қалыптасады. Отбасында бала дүниеге келгеннен бастап патриоттық тәрбие беріле бастауы керек. Одан соң балабақша, мектептерде елжандылыққа, Отансүйгіштікке арналған іс-шара, жобалар бар. Маман ретінде ұстаздармен кездескенде «балаларды патриоттық сезімге, елжандылыққа тәрбиелеу қажет» деп айтып жатамыз. Қазір аудандық прокуратураның бастамасымен жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің, қорғаныс істері бөлімі және полиция қызметкерлерінің, Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен тұрғындар арасында әскери қызметке шақыру және оны ұйымдастыру тәртібін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Халықпен кездесу өткізіліп, аталған мәселе жан-жақты талқыланып, түсіндірулер жасалып тұрады, – дейді ол.

БІР ЖАҚТЫ ПІКІР – ҚАТЕ ҰҒЫМ

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі, медицина ғылымының магистрі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Сәулет Қалдашовпен байланыстық. Оның айтуынша, мәселеге бір жақты көзқараспен қарамау керек.
– Бұл әскерде орын алып жатқан өкінішті, қайғылы жағдайлар. Статистика да сөйлеп отыр, жыл сайын 15-20 шақты сарбаздың өлімі тіркеледі екен. Оған деген халықтың да ойын түсінуге болады. Әскерге баласын сап-сау қылып беріп, қайғылы оқиғаның куәсі болып отыр. Бірақ оған әскери күштерді, құрылымдарды кінәлау бұл бір жақты. Оларды нақты кінәлі деп тану орынды емес. Мен ойлаймын, бұл әскерге келген балалардың психологиялық жағдайы, рухани жетілуінің әлсіздігі болуы мүмкін. Тәрбиенің де толық берілмеуі себеп. Яғни, бала анасының ішінде 9 айдан соң өмірге келгеннен кейін әке-шешесінің алақанында өседі. Ата-анасының тәрбиесімен жетіледі. Балабақшаға барады, мектепте білім алады. Одан соң оқу орнына түсіп, білімін шыңдайды. Осы сатылардың барлығын өтіп болған соң барып әскерге келеді. Бір жыл ғана. Бұрынғыдай 2-3 жылдық әскер жоқ. Ағаларымыз осы әскердің барлығын арқалап өтті ғой. Әрине, әскер деген оңай емес. Онда белгілі бір тәртіп болады. Таңнан кешке дейін барлығы уақыт-уақытпен жүзеге асады. Бала ол жерге барғанда басқа ортаға түседі. Ер адамдардың аймағы болған соң ол жердегі қарым-қатынас та басқаша болады. Ол жерге бала мықты, сабырлы, төзімді болып бармаса психологиялық әлжуаздық мінез өте қиын болады. Әскердегі физикалық жаттығулардың өзі ауыр болады. Ату, оқ дәрі, қару-жарақтың түр-түрін пайдалануды үйренеді. Таңнан кешке дейін мұның бәрі уақытымен жазылған сол осының барлығын орындауы керек. Бала соны көтере алуы керек. Сол ортаға әскери билет алып кетейін, болмаса осы шақыртулардан құтылайыншы деп мәжбүрлі келген әлжуаз, әлі де жетілмеген бала «группа рискада» жүреді. Яки ол осы әскерден құтылу, қашу, өтірік ауырып қалу, қол жұмсау секілді амалдарды санасына тоқып жүруі мүмкін. Бұл тек бүгін ғана орын алып жатқан жағдай емес. Бұрын да болған. Ант қабылдап, әскерге келіп қойған соң барлық ауыртпалықты көтере алмай, оңай құтылудың жолын іздейді. Сондағы 12 ай. Осы аз уақыт аралығында төзімділікпен, шыдамдылықпен сынақтардан өтсең, міне, нағыз елін қорғайтын азамат болып шығасың. Әскер баланы үлкен физикалық жаттығуларға шынықтырып, әртүрлі қиындықтарға мойымайтындай ер мінезді қылып шығарады. Егер баланы жастайынан сабырлы, намысшыл етіп тәрбиелесек әскерге келгенде ол сынбайды. Өзінің біліктілігін, ержүректілігін көрсетіп, барлығынан өте алады. Әскерде орын алып жатқан оқиғалардың бір жақты себебі осы деп ойлаймын. Баланың әлжуаз болуы сол отбасындағы тәрбиеге байланысты, одан соң мектеп, сосын барып қоғам. Міне осы үшеуі балаға жақсы тәлім беріп, жаман жолдан тайдырып, оның бойына патриоттық рухты дарытса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Ливанда бітімгершілік миссиясын орындап келген офицер.

АТА-АНА НЕ ДЕЙДІ?

Жақында баласы әскерден аман-есен оралған ата-анамен байланыстық. Бастапқыда оның да көңілінде күмән болған екен. Алайда...
– Әрине, әскерге барамын дегенде қорқыныш болды. Өйткені, қазір әлеуметтік желіде барлығы ашық айтылып, көрсетіліп жатыр. Бұл әрбір ата-анада болатын жағдай ғой. Қорықтым. Балам «әскерге кетемін» деп шешім қабылдаған соң қарсы бола алмадым. Барған соң ауылда отырып біраз уайымдадық. Бірақ 5 күн болмай жатып командирі ата-аналарға арналған чат ашты. Күнделікті болып жатқан жағдайдың барлығын бізге түсіндірме жұмысын жүргізіп отырды. Мәселен, олардың тамақ ішкені, жаттығу жасағаны, сап түзегені, сауаттылығын ашу сабақтарын, жетістіктерін барлығын бізге сурет, бейнежазба арқылы жіберіп отырды. Осының бәрін көрсетіп отырған соң қорқыныш пен сенімсіздік басылды. Бірінші Аллаға тапсырып, әскердің жүгін балам төзімділікпен көтереді деп сенім арттық. Одан соң балам аман-есен оралды. Жалпы әскерге барған бала мен бармаған баланың айырмашылығы өте көп. Мысалы, бармаған бала еркіндікте өседі, жылдам шешім қабылдайды. Ал әскерге барып келген баланың ойы басқаша болады. Олар жауапкершілікті сезінеді, үлкенді сыйлайды, шыдамдылықпен шешім қабылдайды, өзіне сенімді болады. Яғни, ол Отан алдындағы борышын адал атқарып, жақынына, елге қорған бола алады, – дейді Гүлжанат Дөнбаева.

ТАЯҚТЫҢ ЕКІ ҰШЫ БАР, ҚАЙССЫ ТИЕДІ?

Кезінде Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» шығармасында «Әскери тәрбие проблемасы – бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы. Ата-ана тәрбиесі мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, коғамдық-жастар тәрбиесі – адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді. Ересек адамға тәрбие беруді жалғастырудың қажеті жоқ деушілік – мүлдем қате!» делінген. Егер нақты қате кімнен кетсе, жауапкершілікті бөлісу, кемшілікті мойындау да ерлік. Қоғамға барлығын сілтей салу да дұрыс емес. Бейбіт уақыттағы адам шығынының жиілеуі сол қоғамға да, армияға да әсте абырой әпермесі анық. Жақсы нәтижелерді қоғам күтеді. Жауаптылар да үнсіз емес, қозғалыссыз емес.
Қош. «Тас түскен жеріне ауыр». Баласының аман оралғанын тағатсыздана күткен ана мен әкеге Алла сабыр берсін дейміз. Не болса да әскерден табыт келмесінші...


Айнұр ӘЛИ

04 мамыр 2024 ж. 126 0

Бегім ана берген сый

18 мамыр 2024 ж. 51

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 47

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031