Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаттық ұялаған шаңырақ

Шаттық ұялаған шаңырақ

Бақыт бас қалада не биік баспанада еместігін өмірімен ұғындырған кейіпкерлеріміз – ауылдан ұзамай-ақ абыройға бөленуге болатынының жарқын үлгісі. Бүгін кішкентай мекеннен шығып, бір-бірімен тағдырлары табысқан арандылық Асаубаевтар әулеті жайлы сөз қозғаймыз.
Ауданнан қырық бес минуттық қашықтықтықтағы Қожабақы қазіргі таңда тұрмысы түгел, түтіні түзу ұшқан ауыл. Жыл санап аясы артып келе жатқан округ орталығында қоныс тепкен үйді шаттық ұялаған шаңырақ деуге болады.
Қазірде отанасы Қуаныш апа жасы жетпістен асса да, қимылы ширақ, әдеттенген дағдысымен үй шаруасына, қарашаңырақтағы ұлы Жәнібек пен келіні Маржанның аралас заттар дүкеніне де қолқабыс танытып жүр. Өсімдіктер әлеміннен де алыс емес. Ауласындағы саялы ағаштар, қаз-қатар тізілген көшеттердің әрбірін апа баладай мәпелейді.
Мектепте ұзақ жыл шәкірттерді шыңдауға дағдыланған ұлағат иесінің жиғаны көп, айтары бар адам. Ерін күткен енеден кеніндердің де көрері көп.
Небәрі бір жасында, соғыс салған салдардан әкеден айырылған отағасы бүгінгідей құрмет биігіне көтерілуге дейін ұзақ жолдан өткен. Анасы Наурыз колхозшы, ветеринар, ферма меңгерушісі, ауылдық кеңес хатшысы болып, еңбек ете жүріп, баласын қатарға қосады. Мектеп бітірген соң Болат анасына қарайлап, үш жылдай ауылдық шаруашылықта электрмен темір пісіруші болды. Алайда қамқор ана: «Заман оқығандікі. Өзім бірдеңе қылып күнімді көремін. Ағайын-туыстың арасында отырмын, артыңа алаңдама», – деп ақ батасын беріп, шығарып салады.
1968 жылы Павлодар қаласындағы индустриалды институтқа қабылданған Болат Асаубайұлы 1972 жылы инженер-құрылысшы мамандығын алып шығады.
Жас маман еңбек жолын Бозкөл ауылында құрылыс шебері болып бастайды. Ұзамай туған ауылына ауысып, құрылыс шебері, аға прорабтыққа жоғарылайды. Ел егендігін алған тұста инженер-гидротехник болып та тер төгеді. Ал 1999 жылдан-2019 жылға дейін ауылдық пошта меңгерушілігін атқарады.
Еңбегі еленіп, әр жылдарда алғысқа бөлінгенін сөреде тізілген сол сәттер куәгерлерінен көрдік.
Қуаныш Кәдір оқушыларға француз тілінен сабақ берген, Н.В.Гоголь атындағы институттың түлегі.
Алғашқы қадамын Абай ауылындағы №90 мектепте бастаған мұғалімнің өмірі тұрмыс құрғаннан – зейнет жасына жеткенше ауылдағы №25 мектепте жалғасады. Шығармашыл жан әрдайым ізденісті жұмыстарымен дараланып, Алғыс, Құрмет грамоталары, медальдар алады. Тек мамандығының мақтаулысы ғана болмай, партия ұйымының жетекшісі, әйелдер кеңесінің төрайымы сынды жұмыстарда да жауаптылығымен көрінеді. Оқушылары олимпиада, пәндік жарыстар мен түрлі іс-шараларда топ жарады.
Отбасы мен жұмыстың жүгін қалай қатар алып жүруге боатыны туралы сұрағанымызда, мына бір естелікті еске алды.
«Енем, марқұм, көрегенді кісі еді. Маған: «Балам, қазіргі келіндер балаларын шектеу үшін қастандыққа барады дейді. Сенің ақылың бар ғой, ондайды жасама. Ұлым аз қиындық көрген жоқ. Жалғызымның шырағын сөндірме», – дегенді үнемі аманаттап отыратын. Анамыздың алғаусыз пейлі мен ақ тілеуі болар, балаларым өмірден өз орындарын тапты», –дейді «Алтын алқа» иегері.
Үлгілі ұядан түлеп ұшқан перзенттер де түрлі салада биіктерді бағындырып келеді.
Құралай, Жаңагүл, Ақгүл, Жәнібек мұғалімдік мамандықты таңдаса, Құрманбек – мемлекеттік қызметкер. Мейрамбек – өрт сөндіруші, Әлібек – теміржолшы. Мақпал есеп қызметкері болса, Қожахмет – аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бөлім меңгерушісі. Немерелерінің үлкені еңбекке араласса, өзгелері студент, оқушы, балабақша тәрбиеленушілері.
«Ата-анамның қиындыққа қажып, мойығанын көрген емеспін. Оларды барлығынан бір-біріне деген құрмет құтқарды. Түсіністік шешпейтін түйін жоқ. Кейде бір мәселелер туындап жатса, жеңешем: «Көкесі, бұл сыннан да өтеміз», – деп қолдау білдіргеніне талай куә болдық.
Бізге берген ең үлкен мұрасы, отбасымыздың басты құндылығы – бір-бірімізді қадірлеу, адам жанына жара салатын ауыр сөз айтпау. Қазір осы қасиеттерді балаларымыздан көріп, марқаямыз», – дейді қыздары Құралай. Мұнан өзге адалдықтан аттамау, қинат ету қияға бастырмайтынын Болат аға әке өсиеті ретінде балаларының санасына зерделеп отыратынын көрінеді. Жақсылармен өткен жарты күнде сенім мен сабыр сыйластыққа жеткілетін терең ұғындық.
Алтын МЕЙІРХАНОВА
04 мамыр 2024 ж. 155 0

Бегім ана берген сый

18 мамыр 2024 ж. 32

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 39

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031