Аурудан айықтырған тігін машинасы
Шілденің шіліңгір ыстығы. Тас төбеден төнген күн күйдіріп барады. Біз мінген жеңіл көлік Қазалы қаласындағы Қосаев көшесіне түсті. Көшені бойлап, діттеген мекенжайға келіп жеттік. Аулада ойнап жүрген қыз балалар жарыса амандасып, мәз-мәйрам. Тап-таза, қоңыр салқын, жанға жайлы үй ішінен тек сырт-сырт еткен дауыс естіледі. Ішкі бөлмеге енгенімізде, тігін машинасында отырған Балшекер әжені көрдік. Іздегеніміз де осы кісі болатын.
– Төрлетіңіздер, апам мына жақта, – деп бізбен күлімсірей амандасқан келіншек әже отырған бөлмеге ертіп келді.
– Сәлембердік, әже!
– Бақытты болыңдар, айналайын. Келіңдер, жоғары шығыңдар.
– Тігін мәшинеңіз жүріп тұр ма?
– Бұл мені ауруымнан айықтырып, аяғыма тік тұрғызған мәшине ғой.
Біздің Балшекер әжемен әңгімеміз осылай басталды. Қария кеудесіндегі құпияны білуді ойладық.
– Қалай болды сонда? Ауруыңыздан айықтыратындай қандай қасиеті бар? – деп сұрақ қойып, сөзіне құлақ түрдік.
– Төртінші рет инсульт алып, төсек тартып жатып қалдым. Қол-аяғым қимылдамай, жүріп-тұруым қиындады. Сонда балаларым: «Мама, сізге машинаңыз ем болады. Соған назар аударыңыз», – деген соң ұлым мен келініме машинаға отырғызуын сұрадым. Бірте-бірте денсаулығым түзеліп, аяққа тұрдым. Қаншама жылдан бері жаныма серік еткен тігін машинам қадам басуыма себепші болды, – деді. Таң қалдық. Ақшашты апаның сөзін іліп әкеткен келіні Эльмира: «Тігін тігу десе, тамақ ішпеуге бар. Зейнетақысын алған бойда «Мата әкеліп бер» деп тапсырады. Демалып алыңыз, десек тыңдамайды», – деп ағынан жарылды.
Сексеннің сеңгірінен асқан кейуана көзілдіріксіз ине сабақтап, құрақ құрайды. Ол тіккен көрпе-жастықтардың көркі көздің жауын алады. Бүгінге дейін қолынан ине-жібі түспеген Балшекер әже тігін тігуді анасы Арудан үйреніпті. «Шешем, жарықтық, шебер кісі еді. Қолынан келмейтіні жоқ. Ол уақытта тігін мәшинесі болмады. Барлығын қолмен тігетін. Қасында отырып, біраз дүние үйрендім. Бала кезден-ақ тігін тігіп, жүн иіріп, тоқыма тоқыдым. Кейін күйеуге шыққан кезде қолымнан іс келетіні көп көмек болды», – дейді ол.
Әке-шешеден ерте айырылған Нұрылла Нұрекешовпен отау көтерген Балшекер Бисенәліқызы өмірдің ащы-тұщысын тең көрген жандар. Талай қиын кезеңді бастан өткерсе де, барға қанағат, жоққа сабыр қыла білу ол заманның адамдарына тән қасиет екенін әженің әрбір әсерлі әңгімесінен ұқтық. «Қайын ағам, абысыныммен бірге тұрдық. Менің тігін тігетінімді білетін қайын ағам бір күні мына мәшинені сатып әперді. Тез үйреніп кеттім. Үйге орау-орау мата әкеліп: «Балам, мынаның бәрінен кеудеше тік. Қолыңнан келеді», – деді. Содан тігін мәшинесіне отырып, үлкендерге, екі үйдің балаларына күпәйкі тігіп бердім. Қай нәрсенің де тапшы кезі ғой. Үстері жаңаланып, бәрі қуанып қалды. Жолдасым Нұрылла – соғыс ардагері. Елге оралған соң мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берді. Бойында сынықшылық қасиеті болатын. Ата-бабасынан келе жатқан осы қасиетінің арқасында көп адамға шарапаты тиді», – деп өткен күнді еске алды.
Уақытында пәтір нан пісіріп, диірмен тартып, келі түйген қария қазір көрпе-төсектен бөлек, шапан, кеудеше, көйлек тігеді. Жүнді иіріп, шұлық, жемпір, шарқат, тағы басқа жылы киімдерді тоқиды.
– Әр нәрсе өзінің заманында деген. Кезінде алты қанат киіз үйіміз болды. Соның барлық жабдықтары – бау, туырлықты өзім тіктім. Үйдің де түздің де жұмысын істей жүріп, өсіп өндік. Шүкір, он балам бар. Әрқайсысы бір-бір шаңырақ иесі. Немеренің маңдайынан сүйіп, шөберенің қолынан су ішкен бақытты жанмын, – деген алтын құрсақты ана ұл-қызына деген сүйіспеншілігін жүзіндегі жылылық пен жанарындағы мейріммен сездірді. Құт қонған, қасиет дарыған шаңыраққа он жеті жасында келін болып түскен Эльмира Нұрылла әке мен Балшекер ананың үлкен ұлдары Еркебайдың келіншегі. Қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, әулетке сыйы артқан келін ата-енесінің жолын үлгі тұтады.
– Әкеміз де, анамыз да қонақжай кісілер. Үйден адам арылмайтын. Әкем сөзшең әрі батагөй еді. Балық аулап, құс ататын да өнері болды. Сынықшылық қасиеті бір төбе. Талай адам келіп, жазылып кетті. Бірде мынадай оқиға болды. Осында тұратын ұлты орыс кісі аяғын сындырып алып, біздің үйге келеді. Сөйтіп, есіктен кіре бергенде «Піссімәла» деп аяғын көтеріп қалғанда шыққан аяғы өздігінен орнына түсіпті. Бұның өзі шаңырақтың киелілігі деп түсінем. Әкеміздің бауырларында да, баласы Бақбергенде де бұл қасиет бар, – дейді шаңырақтың үлкен келіні Эльмира.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА