Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Талаптанған табысқа жетеді

Талаптанған табысқа жетеді

Бүгінде ауданда жиһаз жасау ісі кеңінен қанат жайып, қарыштап дамып келеді. Тіпті осы күні аталған кәсіпті табыс көзіне айналдырып, одан пайда тауып отырғандар да аз емес. Солардың бірі – қазалылық Ырысты Бақдәулет Шәміл есімді жас жігіт. Ол бұл кәсіпке келгенге дейін жақын ағасының жанында көмекші бола жүріп, терезе, жиһаз құрастыруға машықтанған. Кейін біршама уақыт жұмыссыз жүрген ол жанындағы Ержан Әбенов, Қуанышбек Сағымбаев есімді достарымен бірге өз алдына жеке кәсіп бастауға бекінеді. Арманын мақсатына айналдырған жас жігіт достарының қолдауының арқасында осы бір кәсіпті бастауға тәуекел етеді. Сөйтіп 2019 жылы Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы арқылы «Іскер» бағдарламасы аясында 6 процентті құрайтын 4 миллион жеңілдетілген несие алған.
– Алғашқыда достарыммен әртүрлі кәсіптің басын шалып жүрдік. Ақырында қазіргі серіктестеріммен бірлесе пластик терезе жасауға тоқтадық. Оған несие арқылы алған қаражатқа жиектемені қаптауға арналған, сондай-ақ аралау станогын және компрессор сынды қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Кәсіпті бастағанымызға айтарлық көп уақыт болмаса да, 4 жыл ішінде тұрақты тұтынушыларымыздың арқасында табысымызды арттырып келеміз. Бұл біздің күні-түні тынбай тынбай еткен еңбегіміздің нәтижесі мен тапсырыс берушілердің бізге деген сенімінің арқасы деп ойлаймын, – дейді жас кәсіпкер.
Жуырда Ырысты Бақдәулет жиһаз құрастыру ісін де қолға алған. Айтуынша, тапсырыстар жиі түседі екен. Жиһазды тұтынушының талғамына сай етіп дайындайтын олар үй жиһазынан бастап, кеңсе жабдықтарына дейін жасайды. Ал оның бағасы жиһаз дайындалатын ағаштың сапасына қарай өлшенеді. Ал бір жиһазды дайындауға бір жарым, екі аптадай уақыт қажет екен.
– Әрбір жасалар жиһазды асықпай, мұқият құрастырамыз. Кейде тапсырыс берушілер асығып жатады. Бірақ сапалы әрі ойдағы жабдықты құрастыру үшін кем дегенде 2 апта уақыт керек. Тапсырысты қабылдағанда тұтынушының талғамын ерекше ескереміз. Оларға түрлі нұсқаларды ұсынып, талғамына сай келетін жиһазды дайындап береміз. Тек өздеріне ұнаған үлгісін айтса болғаны. Жиһаз дайындауға арналған материалдарды көбіне Шымкент қаласынан алдырамыз, – дейді жиһаз жасаушы.
Жас шебермен әңгіме барысында ол мына нәрсені қадап айтты. Айтуынша, кез келген кәсіп бастаған адамның бойында талапқа сай талпыныс болуы қажет екен. Егер ол болмаса жасап жатқан ісіңнен береке көремін деу бекершілік,– дейді ол. Біз талабы таудай жігіттің бұл сөзіне тәнті болдық. Сөз арасында алдағы жоспарын да сұрағанбыз. Ол бұл сауалымызға да тосылып қалмады.
– «Жиһаз жасау бизнесінде өзіндік орнымды тауып, нарықта нық жайғасып, кәсібімді одан әрі кеңейткім келеді», – деді. Біз мұнысына «бәрекелді» дестік. Нарықтық заманда өндірісті дамытудың негізгі жолы бәсекелестік екендігі белгілі. Ал сол бәсекеге сай болу үшін жиһаз өндірісінде тенденциядан қалмай, тұтынушының талғамына сай қызмет етудің маңызы зор. Тұтынушының сұранысын қанағанаттандыруды алдыңғы орынға қоятын жас шебердің табысқа жетуінің алғышарты – оның тәуекел етуден қорықпай, талмай еңбек еткенінің нәтижесі болса керек. Ырысты Бақдәулеттің қолынан шыққан жиһаздарына сүйсіне қарап тұрып, қазақ даналығындағы «Талаптанған табысқа жетеді» – деген сөздің растығына кезекті рет көз жеткіздік.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
05 тамыз 2023 ж. 633 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031