Кәсіпке бағыт берген бағдарлама
Жасыратыны жоқ, Қазалы ауданы кәсіпкерлік саласы бойынша үздіктер қатарында. Сондықтан болар, көпшілік бізді «Екінші Түркістан» атап кетті. Оның үстіне мұндағы әрбір ауыл тұрғыны қол қусырып қарап отырмайды. Бірі, егіншілікпен айналысса, екіншісі, түрлі жұмыстың көзін тауып, кәсіпке айналдырып отыр.
Сол қатарда мемлекеттік бағдарламаның арқасында қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несиемен, мал басын көбейтіп, кәсібін кеңейтіп отырғандар жетерлік. Міне, солардың бірқатарын өткен аптада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы аралап, жұмыс барысын көрді.
Аудан әкімі ең алдымен Қазалы қаласындағы Медеу Есқожаев басқаратын күріш өңдеу зауытына ат басын бұрды. Ондағы қызу тіршілікпен танысып, қызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Осыдан кейін жақында ғана ашылған «Керемет» кешені мен дәріханаға барып, кәсіпкерлердің шаруасына ризашылығын білдірді.
Жыл санап аудан орталығына ентелей еніп келе жатқан Ғани Мұратбаев ауылында да кәсіпкерлік кең етек жайған. Жақында ғана осы елді мекеннен тез әзірленетін тағам «Райян» орталығы ашылған болатын. Мұнда фаст-фудпен қатар нан өнімдері де шығады. Жеке кәсіпкер Марифат Исмайлова бұл кәсіпті бастау үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1,5 миллион теңге несие алған.
Мұнан соң аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі темір бұйымдарын дайындайтын цехтың жұмысымен танысты. Цехта әртүрлі өнімдер дайындалады. Олардың арасында сәнді есік-терезе мен әсем безендірілген қақпалар бар. Өз жұмысын 2013 жылы бастаған жеке кәсіпкер Манас Бигерестанов кәсібін кеңейту үшін биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бағларламасы арқылы 2 миллион теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізген.
Сондай-ақ Мұрат Нәлхожаұлы аудан орталығындағы «Орамалды ханшайым» дүкені, «Вафли Хан», «Автодом» цехы, шаштараз, «Сырдария-1» КС» ЖШС-нің Қазалы аудандық филиалы, «БанкЦентрКредит» АҚ-ның Қазалы аудандық филиалы және 5 кварталдағы №7 дүкен мен дәріхананың жұмысымен танысты.
А.БАҚЫТҰЛЫ