“Жиһаз әлеміне” жұртшылық разы
Жиһаз-жабдықтар адамзат пайда болғалы толассыз бірге дамып келе жатқаны белгілі. Онсыз әсемдігі артқан үйді келіскен кеңсені де елестету мүмкін емес. Бұдан бөлек тұрмысқа қажетті заттар той-томалақта сыйлық ретінде көп жүретінін де білеміз. Ал Әйтеке би кентіндегі базар маңында орналасқан «Жиһаз әлемі» орталығы қазалылық тұрғындарды сапалы жиһаздармен қамтамасыз етіп отыр деп айтуға толық негіз бар.
Дүкен иесі Дәурен Әбибуллаұлының айтуынша, мұнда тұрмыстық жабдықтардың барлығы бар. Тұтынушылар сұранысы бойынша тапсырыстар қабылданады. Қолма-қол алуға жағдайы жетпегендер үшін несие рәсімдеуге де мүмкіндік жасалған. Бүгінде бірнеше сауда нүктелері бар Дәурен жиһаз әлемін ашу үшін 2016 жылы сол кезге дейінгі тірнектеп жиған-терген 10 миллион теңге қаражатын жұмсады. Бүгінгі күні ол осы тәуекелі үшін өкінбейтінін айтады.
Үй жабдықтарын сататын дүкенде қазіргі таңда екі адам жұмыс істейді. Толғанай Тәжібаева келушілерді сыпайы қарсы алып, заттарға сипаттама берсе, Нұржан Алтынбеков есімді жігіт тұтынушылардың заттарын жеткізіп, сапалы құрастырылуына жауапты. Алатын айлық жалақылары да көңіл көншітерлік.
Жиһаздардың өтімділігі жайында сұрағанымызда Д.Әбибуллаұлы: «Сауда барысы әр кезде әр түрлі. Күз бен көктем айларында той көп болатындықтан жатын орындар мен қыз жүгіне кіретін заттар жақсы сатылады. Ал жазғы мезгілде салқындатқыш, желдеткіш сияқты бұйымдар табыс әкеледі, – деп ағынан жарылды.
Жиһаз нарығында жүргендердің кездесетін қиындықтары да аз емес. Мәселен, осы жылы «хит» болған жабдықтар өзіне деген сұранысты келер жылы жоғалтып алуы мүмкін. Жаңа бұйымдардың келуіне байланысты ондаған бұрынғы жиһаздар сатылмай, кәсіптің алға басуына кедергі келтіреді. Бірақ мұндағылар сапалы дүниелер түбі сатылымсыз қалмайтынына сенімді.
Кәсіпкердің «Жиһаз әлемінен» бөлек басқа да табыс көздері бар. Аталған дүкеннің бірінші қабатында вилосипедтер орналасқан. Онда шайтанарбаның ондаған түрі менмұндалап тұр. Сондай-ақ, тұрмысқа, құрылыс пен шаруашылыққа қажетті керек-жарақтарды саудалайтын дүкені тағы бар. Бұлардың барлығы Ресейдің сапалы өнімдеріне толы. Бұл аз десеңіз жақында «Қызылорда-Қазалы» бағытында қатынайтын жолаушылар көлігімен адам тасымалдауды қолға алды.
Дәурен мұнымен де тоқмейілсімек емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпкер Жанқожа батыр көшесі бойынан дүкен соққан. Қазір бұл нысан пайдаланылмай тұр. Д.Әбибуллаұлы осы орынды жаңартып, пицца, донер, гамбургер сияқты жедел тамақтануға арналған асхана ашуды да алыс-жақын жоспарларының тізіме қосып қойған. Бұл мақсатқа жетуге біршама қаражат керек екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан билік басындағылардың кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы бағдарламаларын ескеріп, жеңілдетілген несие алуға ниетті. Сол бағытта құжаттарын дайындауға кірісіп те кеткен.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ