Жиһаз жасауды жандандырған
Жиһаз кеңсеге келбет, үйге сән береді. Бүгінде үйді де, кеңсені де онсыз елестету мүмкін емес. Әр үйден табылатын жиһаздың сан түрі жинақылық үшін таптырмас дүние. Тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Қазалы қаласында шағын жиһаз жасау шеберханасы ашылған.
Үйінің ауласынан шағын цех ашқан шебер жігіт Мейрамбек Нұғыманов кеңсеге және үйге қажетті жиһаздың түр-түрін жасап береді. Үш жылдан бері осы кәсіпті жолға қойған Мейрамбектің қазіргі күні тасы өрге домалап келеді. Іскер жігіттің бос уақыты мүлдем жоқ, себебі тапсырыс көп, уақыт аз.
Жиһаз цехының жұмысымен танысудың орайы келді. Шеберді жұмыс орнынан жолықтырдық. Оның еңбекқорлығын аз сөйлеп, көп тыңдайтындығынан байқадық.
– Қызылорда қаласында тұратын ағамның үйіне қыдырып барғанымда сонда тапсырыс бойынша жиһаз жасап жатқан балалармен таныстым. Қызығушылықпен қарап отырғанымды байқаған олар үйретуге ықыласты екенін байқатты. Осылайша үйішілік мүліктерді жасаудың қыр-сырын үйрене бастадым. Ауылға келген соң ағаш кесетін арнайы құрал-жабдықтарды сатып алып, інім Нұржан екеуміз ептеп жұмысты бастадық. Кәсіпті бастарда біршама қобалжулар болды, әрине. Дегенмен ойлаған мақсатымызға жету үшін көп еңбек ету қажет еді. Алғаш ас үй жиһазына тапсырыс алдық. Сапасы жақсы, бағасы қолжетімді болған соң ауыл тұрғынының көңілінен шықтым деп айта аламын. Аллаға шүкір, шағын болса да, көптеген ауыл тұрғынынан түрлі жиһаздарға тапсырыстар алып, олардың алғыстарын арқалап келеміз, – дейді жиһаз жасаушы.
Аз ғана уақыттың ішінде ауданға белгілі жиһазшыға айналған Мейрамбекке Әйтеке би кентіндегі “505”, “Калибри”, “Рау-Илия” сияқты мейрамханалар мен бірқатар дүкендер өздеріне керекті компьютерлік үстелдер мен шкафтарды жасатып алған. Бүгінде аудандағы ауылдар мен көршілес Арал ауданынан да тапсырыс беріп жатқандар бар екен.
Сондай-ақ, мұнда тапсырыс берушінің талғамын ескеріп, түр-түсін, жасалу формасын таңдау секілді мүмкіндіктер мен аудан орталығындағы үйлерге затты тегін жеткізіп беру сынды жеңілдіктер қарастырылған. Бұл нарық заманындағы тұтынушы тартудың тиімді жолдары болса керек-ті.
Жиһаз цехында үш бірдей азамат еңбек етіп, тиісті айлығын алып отыр. Оны жасауға қажетті материалдар аудан орталығынан тасымалданады. Жергілікті жерде дайындалатын өнімдер сапасына қарай тұрғындарға қолжетімді бағада сатылады.
– Қандай да бір жиһазға тапсырыс алған соң, оған қажетті құралдарды дайындаймыз. Яғни, ЛДСП, МДФ сияқты ағаш материалын, оның тұтқасы, топсасы, шегелері сияқты ұсақ-түйектердің бәрін дүкен аралап жүріп, сапасына қарай таңдап аламыз. Жалпы үстел, шағын шкафтар мен үй бұйымдарының бағасын сапасына қарай бағалаймыз, – дейді жеке кәсіпкер.
Бүгінде Мейрамбектің қолынан шыққан тамаша жиһаздарды ауданның әрбір үйінен кездестіруге болады. Кәсібі алға басып, күннен-күнге сұраныстар көбейіп келеді екен. Ол алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсібін одан әрі кеңейтуді көздейтінін тілге тиек етті.
«Талаптыға нұр жауар» деген. Жоқтан бар жасап, кәсіптің көзін тапқан, осылайша отбасын асырап отырған Мейрамбектің бұл ісі көпке үлгі.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ