Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Ұлттық өнер әлемге танытады»

«Ұлттық өнер әлемге танытады»

Жадыра десе, жарасымды Жадо атымен, Jado брендімен сән өнерін елімізге ғана емес, әлемге танытып жүрген Жадыра САХИЕВА көз алдымызға келеді. Әуелі би өнерімен көзге түскен талантты биші, кейіннен би қоюшы режиссер, сән киім үлгісінің шебері атанды, парасатты продюсерлігімен елге танылды. Кейінгі уақытта кино өнеріне де өзінің үлесін қоса бастады. Жыл сайын жаңа жетістіктерімен елді қуантып жүрген «JADOproduction» компаниясының басшысы Жадыра Алматқызы Сахиевамен жаңа жылдың басында жүздесудің сәті түскен еді.
– Сізді бәрі Жадо дейді, біз де Жадо десек бола ма?
– Әрине, кішкентай кезімнен солай атаған, әлі сол Жадомын ғой. Жалпы осы атпен елге танылғаным үшін ең алдымен анам Күлшарға айтар алғысым шексіз. Мені жастайымнан өнерге баулыған да осы анам. Анам ісмерлікті, өнегелі тәрбиені өзінің әке-шешесі, яғни менің нағашы ата-әжем – Айдәулет пен Әлиядан үйренген. Сол Айдәулет атам бар жоғы қырық сегіз жыл өмір сүріпті. Дегенмен, ол өзінің қысқа ғұмырында үлкен із қалдырып кеткен. Сегіз ұл-қызды дүниеге әкеліп, қарапайым еңбегімен елге танылған. Туған жері Қазалы ауданындағы Карл Маркс (қазіргі Бекарыстан би ауылы), Бозкөл кеңшарларында абыройлы еңбек еткен. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Еңбек Қызыл Ту орденімен және басқа медальдармен марапатталып, «Қазақ ССР ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» атағына ие болған. Бірнеше рет аудандық, облыстық советтің депутаттығына сайланған. Бала тәрбиесімен көбіне үйде отырған Әлия әжеміз халықтық қолөнердің, ұршық иіру мен киіз басудың нағыз шебері болған екен. Содан болар анам Күлшардың да үй шаруасына жақын болғанын қалап, Қызылордадағы тігіншілер дайындайтын училищеге оқуға жіберіпті. Шынында да анам тігін тігудің қыр-сырын жақсы үйренді, бишілерге сәндік киім киюдің үлгісін көрсете жүріп, би қоюдың шеберлігін меңгерді. Бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланның бишілер тобына жетекшілік жасады. «Той бастар», «Қара жорға» және тағы басқа ұлттық билерді дүниеге әкелді, «Жадыра-Жайна» бишілер тобын құрды, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткері атанды.
– «Жадыра-Жайна» сіздің есіміңізге байланысты ғой.
– Иә, Алматыдағы эстрада-цирк колледжінің «Халық биі» бөлімінде оқып жүргенде Ішкі әскер ән-би ансамбліндегі осы топқа биші болып қабылдандым. Сондықтан, мені биге үйреткен, алғаш сахнаға шығарған анам Күлшар, сосын осы Ішкі әскер ән-би ансамблі дер едім. Айтпақшы, осы ансамбльдің құрылуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосқан жанның бірі, көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазіргі отставкідегі полковник Рахымжан Шамұратов та Сыр өңірінің тумасы. Өнердегі ағам ретінде әлі күнге хабарласып тұрамыз. Осы аталған әскери ән-би ансамблінде біраз жыл биші болдым.
– Бишіден би қою­шы режиссер­лікке қалай кел­діңіз?
– Бір жа­ғынан оқи жүріп, бір жағынан әскери ән-би ансамблінің бишісі ретінде түрлі байқауларға қатыстым. Өзім ықыластана орындайтын «От» биін дүниеге әкелдім. Елге кеңінен танымал «Салтанат» ән-би ансамбліне, содан соң атақты «Гүлдер» ансамблінің ұжымына шақырылып, ел ішіне ғана емес, шетелге де шыға бастадым. Бидің қыр-сырына қаныққан соң, би қоюшы режиссерлік мамандығын меңгердім. «Кең дала», «Шығыс», «Керуен сарай» билерін жарыққа шығардым. Сахнадағы өнерімді жоғары біліммен ұштай түсейін деп, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер институтынан жақсы білім алдым. Осындағы өте талантты, үлкен жүректі ұстазым, атақты режиссер-хореграф Меңтай Жәлелұлы мен кейіннен жеке жанашыр ұстазым болған, режиссер-хореграф Станислав Абдуллаевич Михлиндер өнердегі биікке ұмтылуыма үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, хореграф саласының майталмандары – ұлы биші Шара Жиенқұлованың шәкірті Ғайникамал Бейсенқызы, Қазақстанға еңбек сіңірген әртісі Райхан Исназарқызы және «Гүлдер» ансамбліне атақты «Алтын домбыраны» қойып берген Дилафус Қияқовалардан алған сабақтарым өнердегі де, өмірдегі де ұмытылмас сәттерім.
Міне, осындай ұлағатты ұстазда­рымның арқасында 2000 жылы Алматыдағы Республика сарайында «Жаңа ғасыр – Жаңа есім» атты жеке шығармашылық би кешім өтті. Ол кезде небәрі он сегіз ғана жаста едім. Өнердің үлкен сарайында өткен алғашқы кешіме көрермендер лық толы жиналады деп ойламаппын. Бұл кеш менің өнердегі жолымды, бидегі бағымды ашты десем, артық айтқандық емес. Әсіресе, Өнер академиясы, Эстрада-цирк колледжі, Хореграфия училищесінің студенттері мен ұстаздары талантты жасқа қандай уақытта да жол ашық екенін көріп, қуанды. Осы кешімді өткізгеннен кейін, тура бір жыл өткен соң, яғни 2001 жылы жаңа астанамыз – Астана қаласында өткен халықаралық деңгейдегі «Шабыт» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алдым.
– «Жадо» сән үйі қашан ашылды? Сән өнеріндегі жетіс­тіктеріңіз осы сән үйінен басталды ғой.
– 2003 жылы Тәке атты жігітке тұрмыс­қа шыққан соң, шығар­машылық жұмысқа бай­ланыс­ты Мәскеу қаласына жол тарттық. Сонда тұрып білікті дизайнерлерден тәлім алып, білімді жетілдіру курстарынан өттім. Жолдасым да өнер десе ішер асын жерге қоятын жанның бірі, қандай ісіме де қолдау көрсетіп отырады. Мәскеуден соң Ақтау қаласына барып, «Жадо» сән үйін аштық. Сөйтіп, ұлттық нақыштағы, әлемдік дизайнерлер ұстанған бағыттағы туындыларымды көрсете бастадым. Би өнері де жадымнан бір сәт шыққан емес. 2005 жылы еліміздің «Серпер» жас­тар сыйлығының лауреаты атандым. Лауреаттық дипломымда жоғары орындаушылық шеберлігі және жастарды отансүйгіштік пен патриоттық тәрбиелеуді насихаттауға қатыс­қаны үшін деп жазылған. Демек, еңбегімнің босқа кетпегені ғой. Отбасымызда да қуанышты жаңалықтар болды – Диана, Қадыр атты қызымыз бен ұлымыз дүниеге келді.
Дизайнерлік жұмыстарды жетілдіре келе, 2006-2007 жылдардан бастап дүниежүзілік үлкен конкурстар мен көрмелерге қатыстым. Корея, Италия, Германия, Франция, Түркия және басқа елдердің сән мамандары «Жадо» сән үйінің өзіндік жетістіктеріне тәнті болды. Әсіресе ұлттық нақыштағы киімдерімізді жоғары бағалады.
2009 жылы Ақтау қаласынан Алматы қаласына көшіп келдік. Өнер сүйетін оңтүстік астанамыздан да «Жадо» сән үйін аштық. Продюсерлік жұмысты жалғастырып, консерваторияны бітірген Абзал, Қайрат деген дарынды жігіттерден тұратын «Жадо» этно-хаос инструменталды тобын ұйымдастырдым. Ақтауда жүргенде өнерлерін көріп қолдаған Марат және Еркін атты екі өнерлі жас­тан құрылған «Телқоңыр» эстрадалық-этнографиялық топтың жұмысын жандандыра түстім. Сөйтіп, би мәнері, сән менен саз өнері продюсерлік арманыма қанат бітірді деп айта аламын. Енді кино түсірумен де айналысып жүрмін.
– Би өнеріне өрнекті қолтаңба, сән киіміне сәтті қадам жасап үлгердіңіз, енді оларға кинодағы табыстарым қосылды деңіз...
– Жалпы би – халықтың тамырынан нәр алған өнердің бірі. Ол қанымызға қонған қасиет. Ұлан байтақ ұлы даламызға шықсаңыз, өзіңмен-өзің билегің келіп тұратыны рас. Кешегі би падишасы Шара апамыз бен бүгінгі шоқ жұлдыз Шұғыламызға дейінгі ұлттық бидің сара жолы жатыр. Енді олардан үлгі аларлық кейінгі жастарымыздың арасынан қазақтың осы төл өнеріне бет бұра бастағандарды көріп, көңілім қуанады. Би қою, сәндік көрмелер, шығармашылық топтар жасау бағытындағы продюсерлігімді кино өнеріне де байқап көрсем дегенім рас. Оным жаман шықпаған тәрізді. Алдымен «Тыйым салынған би» атты экшн-комедия жанрындағы фильмді қолға алған едім. Тақырыбы айтып тұрғандай, өзіме жақсы таныс өнерге – биге арналған. Сценарий мен би қойылымына «Орда» тобының жігіттері қатысты. Ал бас­ты рөлде «Азиада аруы» байқауының жеңімпазы Жұлдыз Сапарғалиева ойнады. Фильмге өзіміздің бишілермен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, АҚШ елінің жас өнерпаздарын қатыстырдық.
«JADOproduction» компаниясы атынан ұсынған екінші киномыздың тұсауы өткен жылдың жазында кесілді. Бұл жолы біз Үндістанның Мумбай қаласында өткен кинофестивальге қатысқан «Кәусар» атты көркем фильмімізді Оңтүстік Кореяның Бусан қаласында ұйымдастырылған 16-шы Азия кинофестиваліне алып бардық. Мұнда жас әйелдің қиын тағдырымен қоса, Маңғыстау маңының қайталанбас табиғаты көрермен назарына ұсынылады. Бір ерек­шелігі, басты рөлде кәсі­би әртіс емес, қара­пайым халық ішінен таңдалған, Ақтаудың тұрғыны Гүлжанар Рафхатова ойнайды. Басты кейіпкер ер адам рөліне белгілі актер Дінмұхамет Ахимовты шақырдық. Гүлжанардың табиғи шынайылығымен Дінмұхамет ағаның кәсіби шеберлігі алған тақырыбымызды аша түсті деп ойлаймыз. Белгілі кеңестік және ресейлік режиссер Бахтияр Худойназаров пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Нұр­мұхан Жантөрин атындағы театрдың бас режиссері Гүлсина Мерғалиеваның қатысуымен түсірілген осы «Кәусар» фильмін отандық көрермендер де жылы қабылдады.
– Кино индустрия саласындағы алғашқы қадамдарыңызға сәттілік тілейміз. Енді сән өнеріне қайта оралсақ. Біз қазір бренд және тренд деген сөздерді жиі қолдана бастадық, бұл қазақша айтқанда, өзіміздің төл сөздерімізді сандықта сақтатып қоюға апармай ма дей отырып, мынадай сұрақтар қойғым келіп отыр. Қазақтың сән өнері өзінің ұлттық брендін Қазақстанға, шетелге таныта алды ма? Жаңа жылда қандай сән трендке айналады деп ойлайсыз? Сән өнері бизнес пе әлде бренд пе?
–Жалпы жаңа сөздерден, халық­аралық мәні бар сөздерден үркуге болмайды. Жауабымды соңғы сұрақтан бастайын. Сән өнері ең алдымен бизнес емес, бренд дер едім. Ал өнердегі брендтің бизнеске айналуы үшін көп уақыт керек. Біріншіден, сән киімдері, өзінің аты айтып тұрғандай, күнделікті киім емес, көбіне сахналық көрсетілімдерге, талғампаз жандарға арналғандықтан қымбат маталар мен әшекей бұйымдардан жасалатыны белгілі. Сондықтан сән өнерін бизнес­тен гөрі бренд деп айтуға болады. «Жадо» сән үйі киім тігумен ғана емес, тұрмыстық бұйымдарды да жасаумен, қолөнерімен де айналысады. Кейде үлкен конкурстардағы жетістіктерден гөрі, танымал шеберлердің берген бағасы естен кетпейді. Бір көрме кезінде, «Русский силуэт» халықаралық конкурстың ұйымдастырушысы, атақты кинорежиссер Никита Михалковтың жұбайы, халық өнерінің білгір маманы Татьяна Михалкова қолдан тігілген қазақы киімдерімізге қарап: «Ұлттық нақыштың сәні деп осындай туындыларды айтуға болады» деп жоғары баға беруі, көңілімді қатты толқытты. Өткен жылы отандық сәндік брендтің көшбасшыларының бірі Kazakhstan Fashion Week ұжымымен ынтымақтаса жұмыс істедік. Олардың көрмелеріне де халық көңілінен шығып жүрген топтамаларымызды ұсындық.
Сондықтан киім, сән, би, кино болсын, бір сөзбен айтқанда, өнердегі ұлттық бояу біздің басты брендіміз. Қазақтың сән, би, кино өнерім шетелге танымал. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жетінші жылға аяқ басқалы тұр. Осы жылдар ішінде ұлттық брендімізді әлем алдында айқындадық деп айта аламын. Өткен жылы Астанада өткен ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінде де әлемнің түкпір-түкпірінен келген тал­ғам­паз көрермендер ең алдымен біздің халқымыздың төл тарихын, ұлттық ою-өрнегін іздеді, «Этноауылдың» көрмелерін тамашалады. Орталық мұражайлардағы қазақтың қолөнеріне қызықты. Димаш атты жаңа талантты әншіміздің ғажайып үніне тәнті болды, ұлттық киімдеріміздің ерекшеліктеріне сүйсінді.
Міне, мұның бәрі біздің төл өнерімізді, ұлттық болмысымызды көрсете білгеніміздің арқасында. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтқанындай: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс». Осыдан келіп жаңа жылдың жаңа тренді не болады деген сұрақтың да жауабы келе жатыр. Тренд деп – жаңа нәрсені, жаңа сәнді айтатыны белгілі. Мен айтар едім, жаңа тренд дегеніміз – ескіні тірілту, тамырды жоймау, ұлттық рухты асқақтату. Сондықтан қандай киім кисек те, қандай нәрсе жасасақ та ұлттық нақыштан арылмағанға не жетсін. Тренд деп жалаулатып атаған соң ұлттық бояудың ізі болғаны дұрыс қой.
Сәнгер өнер адамы ретінде бір нәрсені байқап жүремін. Өзінің ұлттық тамырынан ажырап кеткендерді көргенде қарным ашады. Жат ағымның, жат елдің киім­дері бізге жат еке­нін жас­тар­ға тү­сін­діре беру керек. Ұлттық киімдеріміз тек мерекелерде ғана киілмесе екен. Осы орайда, қазақ­шылықтың қаймағын бұзбай отырған ата-бабаларымның туған жерлеріне деген ризашылығымды білдіре кетсем деймін. Қазалы – менің ата-анамның, Арал – үлкен атамның туып-өскен өңірі, Ақтау – «Жадоға» жарқын жол ашқан ыстық өлкем. Бұл үш өңірде де халқы­мыздың дәстүрі, өнері, тілі, әдет-ғұрпы жақсы сақ­талған. Сон­дықтан Қазалы­дағы, Арал­дағы, Ақтаудағы апаларым сияқты қазақ­тың әдемі кәм­золын киіп, ақ орамалын тартып жүретін қыз-келіншектердің қатары көбейер деп сенемін. Жаңа жылдағы тілегім де осы болсын.
– Газеті­міздің оқыр­мандары атынан өзіңізге де әсерлі әңгімеңіз үшін алғысы­мызды білдіре­міз Жаңа жылда да «Жадо­ның» тек жақсы жаңалық­тарын естиік.
– Рахмет! Өзде­ріңізге де табыс тілеймін. Ойлы оқыр­мандарыңыз көп болсын!
Редакциядан: мақаламыздың кейіпкері Жадыра Сахиева өнердегі жетістіктерімен қатар, қайырымдылық шараларға да қатысуды ұмытпайды. Оның жақында сегіз баланы тәрбиелеп отырған Алматы облысының тұрғыны – жалғыз бас­ты анаға қол ұшын созып, қамқорлық жасағанын айта отырып, ибалық пен ізгілікті сақтай білетін өнердегі де, өмірдегі де жаны жайсан жандарымыз көбейе берсін дегіміз келеді.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
Астана қаласы,
арнайы «Қазалы» газеті үшін.
09 қаңтар 2018 ж. 2 747 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930