Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Су сүреңі немесе тіршілік үшін тайталас

Су сүреңі немесе тіршілік үшін тайталас

Су — тіршілік көзі, барлық дүниенің бастауы болып табылатын ең маңызды табиғи зат. Барлық тірі ағзалар судан тұрады. Жердің климатын, ауа температурасын реттеуге көмектесуге септесетін суды сақтау, үнемдеп пайдалану маңызды. Бұл орайда кездесіп отырған кедергі неде? Судың қайырламауына қам қандай? Сараптадық...
Экологияның өзегі
Тұщы су қоры азаюы адамзат алдындағы экологиялық проблема ғана емес, әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Сондай-ақ аяси, медициналық, географиялық, инженерлік-экономикалық салдары да бар. Сарапшылар тұщы судың әр тамшысы алтынға тең екенін айтады. Адам, флора мен фаунаның өрістеуі өмір сүруі үшін ең қажет табиғи ресурс тұщы су жер шарындағы судың тек 2,5 процентін ғана құрайды. Тағы бір ескерерлігі оның көп бөлігі мұздықтар мен жер астында. Қолжетімді қордың үлесі бар болғаны 0,3 процент шамасында. Күн санап қатары артып келе жатқан тұрғындарға қажетті ресурсты табу, жеткізу, сақтау оңайға соғып отырған жоқ. Қазіргі таңда әлемде 2 миллиардтан астам адам таза ауыз су тапшылығымен бетпе-бет ұшырап отыр. Ал 4,52 миллиард салдарынан сапасыз өмір сүруге мәжбүр. Жер бетіндегі 5 жасқа толмаған 300 мыңға жуық бүлдіршіннің дәл осы сапасыз судың кесірінен ішек ауруына ұшырап, шетінейтінін ескерсек, қолода бар алтынның қадірі мен қасиетін қастерлей білер едік.
Біріккен ұлттар ұйымы келтірген деректерге жүгінсек, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш артады.
Тұщы су тапшылығының туу себептері неде? Бұл туралы эколог Нұриман Жанқабылұлынан сұрадық.
«Жалпы жер бетінде тұщы су қорының азаюына алыпк елетін бірнеше негізгі себепті атауға болады. Алғашқысы – климаттың өзгеруі. Яғни жердегі орташа ауа райының ұзақ мерзімді өзгерісі салдарынан туындайды. Оған қазба отындарды шамадан тыс тұтыну, ормандардың жойылуы, мұздықтардың еруі және теңіз деңгейінің көтерілуі, қуаңшылық, су тасқыны, дауыл сияқты экожүйелер мен жануарлар тіршілігінің бұзылуына әсер ететін факторлар себеп.
Екіншісі, халық санының күрт өсуі. Адам артқан сайын, оның қажеттілігі де көбейеді.
Үшіншіден, әлемдегі судың 70 проценттен астамы ауыл шаруашылығында пайдаланылады. Сондай-ақ су бөлінісіндегі шиеленістер де бар», – дейді.
Су табиғатта үш күйде кездесетіні көпке мәлім. Сұйық күйдегі су өзен, көл, теңіз, мұхиттарда болса, қатты күйде суық мекендер мен мезгілде болады. Соңғысы газ тәрізді күйде пайда болатын су ауадағы ылғалдан түзеледі. Жоғарыда айтылған себептер судың негізгі, соңғы күйінде қалыптасуына кедергісін келтіруде. Су айналымы түзілісі бойынша су буланып, бұлтқа айналып, одан соң жаңбыр не қар болып қайтадан жерге түсуі тиіс. Маманның айтуынша, температураның көтерілуі булануды үдетеді.
Ғалымдардың зерттеуінше, соңғы 70 жылда Қазақстанда орташа ауа температурасы шамамен 1,5–2 градусқа артқан. Жаз айларының ыстықтап, қыстың жұмсаруы құрғақшылық жиілеп, шөп өсімін азайтқан. Өзендерді қоректендіретін негізгі су көзі Тянь-Шань мен Алтай тауларындағы мұздықтар 30 процентке кішіригені алаңдарлық жайт.
Су шөлдегенге – өмір, егіншіге – несіп. Құрғақшылық етек жайған аймақтарда егін еу де, мал бағу да тиімсіз.
Соңғы жылдары жиі шарпып отырған орман және дала өрттеріне температура жоғарылауы негізгі себеп болуда. Көліктердің көбеюінен желсіз ауа райында түтін мен шаң жиналып, жүрек-тамыр аурулары көбейтуде. Экологияның өзегі – судың сапасы мен мөлшері табиғи жүйелердің тепе-теңдігі, климатқа және адам денсаулығына әсер етеді.
Сағадағы су ішеді
Қазақстанда тұрғындардың тұщы суды тұтынуына жан-жақты жағдай жасау жұмыстары ауқымы жыл санап кеңебде. Бұл орайда жүзеге асқан «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Нұрлы жол» «Өңірлерді дамыту» сынды мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін берді. Дегенмен мәселе жоқ емес. Орта Азиядағы су мәселесі туралы зерттеу жұмыстарын жүгізген сарапшы-ғалым Құндыз Әділбекова Қазақстанда 2050 жылдан бастап ауыз су тапшылығы тундайтынының нақты мысалдармен келтірген дәйекті тұжырым жасаған. Ғалым негіздемеге халық санының артуы, өндірістің өркендеуі, географиялық жағдай мен климаттың өзгеруі, көрші елдердің су саясаты мен тұрғындар санының жылдан жылға көбеюі арқау болғанын айтқан.
Қазақстан аумағында 20-дан астам өзен бастауын басқа мемлекеттен алады. Халықаралық келісімдер шартында трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану қажеттігі бекітілгенімен, «Кісідегенің кілті аспанда» дегендей, ешкім бүгінгідей нарқытық кездеңде өздерінде бар тетікті текке жібермей, мүмкіндіктерін өз мүдделеріне пайдаланып қалады.
Еліміздегі Ертіс өзені Қытайдан басталып, еліміз арқылы Ресейге жетеді. Іле де аспанасты елінен сүрең алып, Қазақстанда тоқтайды. Сырдарияның жайы мүлдем бөлек. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстанға ортақ өзенге байланысты өзекті мәселелер көп. Каспий теңізі, Жайық, Тобыл, Есіл өзендерінде де су бөлу және жетіспеушілік жайы жиі ұшырасады. Елдерді байланыстыратын су саясаты дұрыс шешім таппаса, ол экологиялық және саяси қақтығыстарға себеп болуы мүмкін.
Қазақстан қазіргі таңда су ресурстарын көрші елдермен бейбіт, әділ және экологиялық тұрғыдан тұрақты басқару жан-жақты бейбіт саясатты ұстанып отыр.
«Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді» дейді халқымыз. Трансшекаралық өзендер арқылы жететін қиындықтар да бар. Бұл туралы ауылшаруашылығы саласының кіші ғылыми қызметкері Ернұр Әлимұрат былай дейді.
«Біздің өзендердегі 101 текше шақырым судың 45 текше шақырымы сырттан жетсе, 56 текше шақырымы еліміздің өз ішінде бар.
Өз аймағында су қоймалары бар көршілес Қытай мен Қырғызстан суды көп пайдаланатыны белгілі. Бұл жағдай төменгі ағыстағы Қазақстанға келетін су көлемін азайтуда. Өзен бойындағы өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы да суды ластайды. Ол тұщы су көздерін улы және ішуге етіп, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуын түзуде. Сырдариядағы су тапшылығы Арал теңізі проблемасын күшейткені анық мысал. Іле өзеніндегі судың қаяздану Балқаштың құрағауына соқтыру қаупі бар. Бұл бағытта Халықаралық келісімдердің жеткіліксіздігін жойып, жаңарту – адамзатты үлкен қауіптен құтқарар еді», – дейді сөзінде.
Елдегі елең
Қазақстан Үкіметінің жасыл экономика құру стратегиясы бар.
2024 жылы Қазақстанда су ресурстары және ирригация министрілігін жұмысын бастады. Аз уақытта жолға қойылған, жүзеге асқан, қолға алынған істер көңіл қуантады. Африка елдері сынды ауыз су мәселесі қиындық тудырмағанымен, Қазақстанда да ауыз су проблемасы бар.
Қазақстан аймағында тұщы және ашқылтым жерасты суларының табиғи және қолданылмалы ресурсы мол. Жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалған. Жерасты су қоры жауын-шашын қорымен, мұздықтармен қатар, тұщы су көзі бар үлкен өзендердің әсерінен толығады. Халық тығыз шоғырланған үлкен қалаларда, ауқымды өндіріс орындары орналасқан ошақтарда жерасты суының ластануы анықталған. Шетелдік тәжірибелерде атом реакторларының көмегімен тұзды теңіз суын тұщыландыру арқылы жерасты су қорын қолдан толтырумен айналысатын әдіс бар. Бастама Қазақстанданда да басталған. Алғаш боп Ақтау қаласына жасалған жұмыс келешекте кеңінен пайдаланылмақ. Алайда жерасты суының қоры әкімшілік аймақтардың барлығында біркелкі таралмаған. Сала министрлігі сайтында жарияланған мәлімет бойынша, пайдаланылатын жерасты су қорының таралуы Балқаш-Алакөлде – 46 , Ертісте –19, Шу–Талас өзендерінде 11, Арал–Сырдария аймағында 7 және Жайық–Каспийде 6 процент су шаруашылығы бассейндері бар. Қордың 10 проценті Тобыл–Торғай, Есіл және Нұра–Сарысу су шаруашылығы бассейндеріне тиесілі.
Ел алдында экономика салаларында суды үнемдеу, су ресурстарын пайдалануды оңтайландыру батыл міндеті тұр. Механикаландырылған суару мен шағын суару тәсілдерімен суармалы жерлерді қайта жаңартуды жүргізу жұмыстары жоспарлануда.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі судың «көлеңкелі нарығына» тосқауыл қою жұмыстарын да жандандыруда. Келесі жылдан бастап барлық келісімшарт электронды форматта рәсімделеді. Талап шаруа қожалықтарына, өндірістік кәсіпорындар мен басқа да су пайдаланушыларға ортақ. Төлем де тек қана электронды түрде жүзеге асады. Су жаңа Су кодексінің басты мақсаттарының бірі – қоғамның су ресурстарын басқаруға белсенді қатысуын қамтамасыз ету.
Су үнемдеу, қуаңшылыққа қарсы төзімділік мақсатында Қазақстан Германиядағы қауымдастықпен келісім жасалды.
Вегетация кезеңінде су бөлінісін қадағалау мақсатында жұмыс тобы құрылған. Каналдар арқылы суды кезекпен беру кестелері бекітілген. Сорғы қондырғылары мен тік дренаж жүйелері іске қосылған. Коллекторлық-дренаждық су да қайта пайдаланылған.
Суды үнемдеп пайдалану және қайта қолдану технологияларын енгізу, тазарту қондырғыларын салу, судың сапасын бақылау, тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін қолдану бағытында да жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қолжетімділігі 97,2 процентке жеткен. 2024–2030 жылдарға арналған «Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту концепциясы негізінде жаңа су қоймаларын салу, ескілерін қайта құру, ирригациялық каналдарды жаңарту жоспары әзірленуде.
Су жолдары, каналдар мен гидротехникалық құрылыстар бойынша цифрландыру, автоматтандыруда 3 500 шақырымнен астам канал автоматтандыруға бағытталған.
Су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталған, алдын алу шаралар күшейтілген.Жеке сектор мен стартаптарға су ресурстарының тиімді қолданысын арттыруға қолдау көрсетілуде.
Су мәселесі аграрлы аймақ Қызылорда облысы үшін де өзекті.
Қызылорда облысында тағы 5 мың гектар күріш алқабында суармалы су үнемделді. Енді бұл көрсеткіш 60 мың гектарға жеткен.
Жаңбырлатып, тамшылатып суару және аквагельді пайдалану өнімділікті арттыруға ықпалдасқан.
«Су ішетін арығы жоқ елдің Сүзіп алатын балығы жоқ» деген. БҰҰ Орталық Азияда 2045-2050 жылдары айқын су тапшылығы сезілетінін айтып дабыл қағуда2025 жылға дейін елдегі барлық қалалар мен ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылған. Су инфрақұрылымы бойынша автоматтандыру жобалары іске асырылуда.
Қазалы ауданында да су ресурстарын қорғау мен тиімді пайдалану бағытында қолға алынған негізгі шаралар түзілген. Қатарында су жүйелерін қалпына келтіру ісі бар.
Аудан көлемінде суару каналдары, бөгеттер мен су жолдары жөнделіп, техникалық жағдайы жақсартылуда. Сырдария өзеннің жағалауларын, экожүйелерін қорғауға және суды ретсіз пайдалану мен ластануға тосқауыл қоюға бағытталған.
Су үнемдеу технологияларын енгізу 5 есеге артқан. Ауыл шаруашылық кәсіпорындарына су жеткізу тарифінің 60 проценті субсидияланған.
Үнемдеген ұтады
Сала ардагері, өңірдегі су саласының білікті маманы Қолқанат Қартановтың айтуынша, алдымен халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға аса мән берілу керек. Тұтынушыларға суды үнемдеп қолдану мәдениетін терең сіңіруіміз қажет.
««Судың да сұрауы» бар дегенді бабаларымыз бекер айтқан жоқ. Күнделікті қарапайым, кішкентай амалдар оң өзгірістерге бастайтынын әр адам сезінуі керек. Қарапайым мысал, тұрмыста суды бейберекет пайдаланбау керек. Құбырдағы суды тоқтаусыз ағызып қою, тіпті су кетіп тұрған кранды дер кезінде жөндеу де жауапкершілік. Қазақ табиғи байлықты құрметтеу, ысырап жасамауды тәліммен ұқтырған. Тәрбиені алыстан іздемей, ата-бабаларымыздың жолынан алсақ, жаңылмаймыз. Сайып келгенде, су пайдалану мәдениеті – бұл тек үнемдеу емес, ол табиғатқа құрмет пен жауапкершілік көрсеткіші», – дейді сөзінде.
Қазақстан су ресурсы тапшы елдер санатына жатуымен бірге, суды ең көп тұтынатын елдердің алдыңғы қатарынан көрініп тұр.
Worldometers мәліметінше, Қазақстан жан басына шаққандағы суды тұтыну бойынша әлемде 11-орында. Республика бойынша тәуліктік норма 4 мың литрге жуықтаған. Бір ресейлік осы уақытта 1,3 мың литр ішсе, Германияда — 855 литр, ал Ұлыбританиядағы тәуліктік меже 348 литр болса, Африкадағы Мали елінің тұрғындары тәулігіне тек 2-3 литр суды қолданады екен.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану — тұрақты дамудың негізі.
Шетелде, әсіресе су тапшылығы, суды үнемдеу мемлекеттік саясат деңгейінде және күнделікті тұрмыс мәдениетінде жақсы жолға қойылған.
Суды үнемдеу технологиялары ең дамыған елдің – бірі Израиль.Шөлейтті аймақта орналасқан ел тұрғындары тамшылатып суару жүйесін қолданысқа қосқан. Олар тазартылған ағын суды қайта өңдеп, ауыл шаруашылығына пайдаланады.
Судың 70 проценттен астамын қайта өңдеп, техникалық және тұрмыстық мақсаттарға қайта пайдаланатын ел – Сингапур. Елдегі барлық ғимаратта жаңбыр суын жинау жүйесі орнатылған. Қоғамдық ғимараттарда суды үнемдейтін крандар мен дәретханалар орнатылған. Құрғақ клиамтта тұратын бұл тұрғындар үшін бақшаны аптасына бірнеше рет, уақытпен суаруға рұқсат етіледі. Аустралия мемлекеті «Target 155» атты бағдарлама арқылы әр адамның күніне 155 литрден артық су жұмсамауын қадағалайды. Халқы тамшылатып және түнгі суару әдістерін қолданады.
Су бағасы қымбат Данияда барлығы судың әр тамшысын құрметтеуге күш салады.
Жапонияда қоғамдық орындар мен үйлерде суды автоматты түрде өшіретін құрылғылар кеңінен қолданылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы халыққа Жолдауында судың – еліміздің стратегиялық ресурсы. Осы саладағы ұзақ мерзімді саясатты жоспарлау үшін Ұлттық су балансын қалыптастыру – аса маңызды құрал екендігін атап өткен болатын. Маңызды мәлімдемеде су мәселесін шешу — әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық даму кепілі ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің де басты факторы екенін ерекше ескертіп, оны тиімді басқару және қорғау: цифрлық платформа құру, кадрларды даярлау, су дипломатиясын дамыту қажеттілігін жандандыруға күш жұмылдыру қажеттігін тапсырды.
Бастауы бар бұлақ ұзақ ағады. Бүгінгі көрініс су саясаты салғырттықты көрмейтін, сақтықпен амалдаған ғана алда адымдайтынын ұғындыруда. Соңғысы, мардымсыз жалақы мен коммуналдық шығын көп екендігі туралы шағым айтудан жалықпайтын біздің елдің азаматтары «Мен қоршаған орта үшін не істедім?» деген сұрақты өзіне қоятын болса, шашылған шығындар мен ысырапты ынсаптың қайдан басталғанына жауап табар еді...
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
01 қараша 2025 ж. 44 0

Табысты тағамнан тапты

01 қараша 2025 ж. 39

Кәсіптің көзі – күріште

01 қараша 2025 ж. 39

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930