Кәсіптің көзі – күріште
Көзін тапқан адамға қай істі де табыс көзіне айналдыруға болады. Қай заманда да еңбектен қашпаған, елге пайдасын тигізуді мақсат еткен жан өз кәсібін дөңгелетіп әкететіні сөзсіз. Осындай еңбекқор, іскер жандардың бірі – қожабақылық азамат Еркін Байділдаев. Ол ауылдың әлеуетін арттырып, өз жерінде табыс тауып отырған үлгілі кәсіпкер.Айына 1000 тонна күріш пен 1500 тонна мал азығын өңдеп шығаратын Еркін Айбосынұлы 2024 жылы "Ауыл аманаты" жобасы аясында "Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен 2 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Алған қаржысына өз қалтасынан қосымша 2 миллион теңге қосып, заманауи күріш түйетін аппарат сатып алады. Осылайша, ол бүгінде жаңа кәсіптің тізгінін ұстап отыр.
Байқауымызша, бұл сала оған таңсық емес, себебі ол бұған дейін де егін шаруашылығымен айналысып, күріш өсірудің қыр-сырын меңгерген. Ауылда жүріп, күріштің жайын жақсы білетін азамат бұл бағыттағы ісін кеңейтіп, өнімді өңдеуді жолға қоюды мақсат тұтады. Сөйтіп мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, бүгінде кәсібін жаңа деңгейге көтеріп келеді.
Ол ауыл тұрғындарын сапалы күрішпен және мал азығымен қамтамасыз етіп отыр. Тіпті ауданның өзге елді мекендерінен де оның өнімдеріне сұраныс жоғары. Қазіргі таңда кәсіпкер 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның өнімдері "Қожабақы күріші" деген атаумен арнайы қаптамаға салынып, тұтынушыларға ұсынылуда.
Ауыл азаматының ендігі мақсаты – өндіріс ауқымын кеңейтіп, жылдамдығы жоғары жаңа аппарат сатып алу арқылы өнім көлемін арттыру. Сондай-ақ ол туған ауылдың атын брендке айналдыруды армандайды. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, ол ұсынатын өнімнің бағасы тұрғындар үшін қолжетімді. Күріштің келісі – 350 теңге болса, ал мал азығының келісі – 60 теңге.
Еркін Байділдаев елге еңбек ету мен кәсіптің көзін табудың, табандылық пен сенімнің нақты көрінісі. Осындай азаматтар көбейсе, ауыл да, ел де көркейе түспек.
Арайлым ЖҮСІПОВА














