«Төл өнер тасада қалмайды»
– Елмұра ханым, елімізде жыраулық өнерді, соның ішінде Сырдың сырлы мақамын дәріптеп жүрген әншінің бірісіз. Бойыңыздағы осы өнер кімнен дарыды?
– Ертеректе біздің ата-бабаларымыз қыз балалардың жыр айтуына қарсы болған. Бірақ соның өзінде Арал теңізінің маңында Аманөткел деген жердегі бір ғана Мырзас ауылынан 18 жырау қыз шыққан деседі. Сыр өңірі Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, ақын Нұртуған Кенжеғұлұлы, Жаңаберген Бітімбайұлы, Дәріқұл Өмірқұлұлы және басқа да небір дүлдүл шайырлар шыққан мекен. Кеңес үкіметінің тұсында жыр айтуға тыйым салынып, осы ұлттық өнеріміздің тамырына балта шабылды. Елге белгілі жырауларды жер аударып, ату жазасына дейін кесті. Әйтсе де, төл өнеріміздің тамырының тереңге жайылғаны соншалықты, күні бүгінге дейін өлмей, атадан-балаға мирас болып жетіп отыр.
Өз жұртымда жыр қонған Бәйімбет аталығынанмын. Нағашы атам Әбу қисса-дастандарды жатқа айтқан. Зейнолла Шүкіров сияқты елге беделді талантты ақын-жыраулармен дос болған. Өз анам Қантай жас кезінен жақсы әнші болған. Қазір де қоңыр үнді, кең тынысты дауысы бар. Өзімнің өнерге деген құлшынысым ерекше болса керек, бір-ақ күнде домбыра үйрендім.
– Сізге Қарамолда әулие батасын берген екен...
– Ол бір тылсым дүние. Ес білгелі домбыраға әуес болдым. Бірақ қорқақ болдым. Бір дауысты еститінді шығардым. Анам уайымдап, мені Қарамолда әулиеге алып барды. Ата маған үш күн дем салып “жорғаның алды, жыраудың басы бол, балам!” деп ақ батасын берді. Үйге келген соң анам көрші-қолаңды шақырып, Құран оқытты. Бірде үйге қонақтар келді. Бір апай домбырамен ән салды. Ол домбыра тартқанда мен көзімді алмай қарап отырдым. Сосын «көрейінші» деп домбырасын сұрадым. Домбырада саусақтарым пернелерді басып отырып, өзінен-өзі жорғалап кетті. Сол жерде әлгі апайға орындаған әнін қайталап айтып бердім.
– Кіндік қаныңыз Аралдың аумағында тамғанымен, шығар¬машылық тұрғыдағы талай табысыңыз Қазалы топырағымен тікелей байланысты екен...
– Иә солай. 1992 жылы осы ауданға Жарылқасын Шәріпов әкім еді. Әрі Жетіскен Мәкенәлі ағаның ықпалы бар, Қазалы мәдениет үйінен жыр мектебін ашып берген болатын. Сол уақытта біраз еңбек еттік.
Жалпы, қазіргі күні қазалылық шәкірттерім жетерлік. Солардың бірі – Әлихан Дүйсенбай. Оған Қазақ ұлттық өнер университетінде дәріс бердім. Ол Президент оркестрінде де жұмыс істеді. «Шабыттан» бас жүлде алды. Оны АҚШ-қа, Қырғызстанға және еліміздің түкпір-түкпіріне гастрольдік сапарға бірге алып шықтым, бірге өнер көрсеттік. Сонымен қатар, талай додаларда топ жарып жүрген прима-қобызда ойнайтын Ақерке Дабылова және жыршы Айнұр Қонысбаева секілді шәкірттерім үмітті ақтап жүр. Бәрі осы Қазалының топырағында аунап өскен өнерпаздар.
– «Қазалы» газетінің бір санына «Екінші Елмұра» деген мақала жарыққа шықты. Онда сіздің ізіңізден ерген өзіңізбен аттас өнерлі өрен жайлы жазылған. Естідіңіз бе?
– Газетке шыққанын оқымадым. Бірақ ол өнерлі қызды білемін. Әкесі Мәди – менің шәкіртім. Қазалыға концертпен бір келгенімде «Сіздің құрметіңізге қызымыздың есімін Елмұра деп қойдық» деп аузына түкіртіп алды. Қазір ол әнші болып өсіп келеді, түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орын алып жүр. Кішкентай Елмұраның өнеріне сәттілік тілеймін, қажет болса, көмегімді де беруге әзірмін.
– Бұрынғының әнші-жыршылары «дала консерваториясынан», қазіргілер қала консерваториясынан білім алады. Сіз сол ұлы даланың сазымен сусындаған өнерпаз секілдісіз?
– Саздың түпнұсқасын құймақұлақ өнерпаздар нақышына келтіреді. Ал нота арқылы үйренгендердің айтысында аз-маз ауытқушылықтар болады. Яғни, музыканың «жаны» кетіп қалатын секілді. Саз деген – жүректі тербеп шығатын сыр. Сондықтан, оны жүрекпен сезініп орындағанда ғана құлақтың құрышын қандырады. Тіпті, жүректің әуені нотаға сыймай да кетеді.
Өз тәжірибеме тоқталайын. Бір жыл Жәнібек Кәрменовтен дәріс алдым, бір жарым жыл Алмас Алматов пен Набат Ойнарованың тәлімін көрдім. Сәуле Жанпейісованың да сабағына қатыстық. Дәстүрлі жыр өнерінде жүйе жоқ. Жаттап аласың да, айта бересің. Ең бастысы – мақамды білу керек. Біз оқып жүрген кезде нотаға қарағанымыз жоқ, құлаққа құйып алып кете береміз. Ал Ерболат Мұстафаев пен Төлепберген Тоғжан мақамдарды нота түсірумен айналысты. Кейін нотаға қарап ойнап көрдім, түпнұсқадан аз-маз адасып кеткендей болдым, бірақ әуеннің нобайы бар. Ары қарай өзің дамытып аласың.
Консерваторияда жүргенде зерттеуші, жазушы Әбдісаттар Оспановпен таныстым. Үйі кітапқа толы, мұрағат десек артық айтқандық емес. Ол кісі Нұртуғанды, Қарасақал Ерімбетті зерттеген екен. Тың мақамдарды сол ағадан сіңіріп алдым. Менің нағыз ұстазым – Әбдісаттар Оспанов деп айта аламын. Берік Жүсіп те, Аманжол Сақыпұлы да жырлау тақырыбын қаламына арқау еткен. Қазір басқа да зерттеулермен танысып, терең ізденіс үстіндемін.
Өнертанудан дессертация қорғап шықтым. Арал, Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрін зерттедім. Бұл жерде тек жыраулық өнерді емес, екі өлкенің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қамтылды. Бұл тақырыптарды толыққанды ешкім зерттемеген. Қазіргі таңда әдістемелік құрал әзірлеп жатырмын. Қырықтан аса мақамды нотаға түсірдім. Мақамдарға музыкалық тұрғыда талдау жасап, орындаушыларының өмірбаянын, сөзі мен мақамының шығу тарихын жазып жатырмын. Байқасам, жиырма бес жасымдағы мен бүгінгі дауысымда айырмашылық бар екен. Қазіргі кезде дауысымнан сабырлылық сезіледі. Ән-жыр өнерінде жас ерекшеліктің рөлі бар. Оны да еңбегімде зерделемекпін.
– Елбасының дәстүрлі әнді сүйсіне әрі тебірене тыңдайтынын білеміз. Ол кісінің алдында жыр-терме айтқан кезіңіз болды ма?
– Әрине, болды. Сырдың, Жетісудың мақамдарын айттым. Бірде «тағы не білесің» деді. Мен терме айттым, орындауымды ұнатты. Сосын «іні-сіңілдеріңе үйрет, сабақ бер. Айманға өзім айтам» деді. Сөйтіп, 1999 жылдан бастап Елбасының айтуымен Айман Мұсахожаева басқаратын университетке жұмысқа келдім.
– Сіздің ойыңызша төл өнеріміз тасада қалып қойған жоқ па, елімізде оның насихатталуы қалай?
– Былтыр Ақтөбеде тоғыз концерт қойдым. Жыраулық өнер табыс көзі болмауы керек. Бұл – ұлттық кодты оятатын идеологиялық құрал. Жыр-терме – тіліміз, дініміз, діліміз, салт-дәстүріміз. Үлкен кісілер орта жастағылар келеді концертке. Жастар тыңдамайды. Неге? Өйткені, жарнама жетіспейді. Теледидардан да, радиодан да анда-санда беріледі. Біз бала кезде күні-түні жыр-термені радиодан беретін де тұратын. Біз соған еліктеп өстік. Тәжібаевтың «Сырдариясын», Қасым Аманжоловтың «Туған жерін» үйрендік радиодан. Шахановтың өлеңдерінің де хит болып тұрған кезі. Шәмшіні де тыңдадық. Осыларға ұйыған біз қандай болдық, ал қазіргілер қандай? Жастар жеңіл мәдениеттен үлгі алған сырғалы жігітсымақтарға құлақ түреді. «Айта берсін, айта берсін» дегенді де естідік. Айтыңызшы, бұл не ән, бұл не сән? Сонда осыларды тыңдаған ұрпақтың он-жиырма жылдан кейінгі бет-бейнесі қандай болмақ?
Міне, осындай пайым-пікірден салым суға кетіп жүргенде Елбасының рухани жаңғыруға шақырған мақаласы шығып, сөніп бара жатқан үмітімді қайта оятқандай болды. Сондықтан, төл өнер тасада қалмайды. Бағдарламалық мақаланың шарапатынан дәстүрлі өнер төрге озады деген сенім мол. Тыңдаушы да түзеледі деп ойлаймын. Біржан салдай әншілердің Абайдай тыңдармандары көбейсе екен. Ең бірінші, жыршыға, жырға құрметті қалыптастыру қажет. Тойға, асқа эстрада әншілерін емес, жыршыларды шақырыңдар деп насихат жүргізу керек.
– Қайбір жылы Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Астананың төрінде концерт қойдыңыз...
– Иә, «Аралым – айдын шалқарым» деп аталды. Концерттің мақсаты – Арал теңізінің айдыны толып, жағасындағы жұрттың жағдайы жақсарды. Балығы көбейіп, тайдай тулауда. Газ келіп, елдің еңсесі көтеріліп қалған екен. Соған менің қосқан үлесім болсын деп облыс әкімінің демеуімен концерт бердім. Жалпы, алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сыр өңіріне, соның ішінде Қазалының ауылдарын аралап, туған жерге ән-жырымды арнап, елдің көңіл-күйін көтеріп қайтсам деген ниетім бар.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет.
Әңгімелескен,
Ибраш ӘЛИ.