Адамзаттың Абайы атындағы ауыл
 Бүгін Абай ауылында Қазақтың ұлы ақыны, ұлт ұстазы Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы аясында Абай ауылының құрылғанына 85 жыл толуына орай «Адамзаттың Абайы атындағы ауыл» атты танымдық-мерейтолық шаралар өтуде.
Бүгін Абай ауылында Қазақтың ұлы ақыны, ұлт ұстазы Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы аясында Абай ауылының құрылғанына 85 жыл толуына орай «Адамзаттың Абайы атындағы ауыл» атты танымдық-мерейтолық шаралар өтуде.Мерейтойлық шара аясында ауылда қазақ күресінен спорттық шара, жүгіру марафоны және «Адамзаттың Абайы атындағы ауыл» атты танымдық конференция өтіп, қонақтар ашық аспан астында ұйымдастырылған музейді тамашалады.
Ауыл күніне арналған мерейтойдың салтанатты шарасына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты ауылдың құрылғанына 85 жыл толу мерейтойымен құттықтады.
-Абай ауылы – еңбек пен бірліктің, білім мен тәрбиенің, тарих пен жаңғырудың шынайы үлгісін көрсетіп келе жатқан елді мекен. Ауыл құрылғалы бері небір кезеңдерден өтіп, әр буын өкілінің еселі еңбегімен өсіп-өркендеді. 85 жыл ішінде елді мекеннің әлеуметтік әлеуеті артып, маңызды нысандар бой көтерді. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бағытында жетістіктерге жетіп, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтар қатары да жыл санап артып келеді.

Президентіміздің, аймақ басшысының қолдауымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазалы аудында 3 дәрігерлік амбулатория салынса, соның бірі Абай ауылында пайдалануға берілді. Сонымен қатар ауылға қарасты Жұбан елді мекенінде де жаңа медициналық бекет ашылды. Ал, өткен жылы Қазалы аудынының 95 жылдық мерейтойы аясында Абай ауылы көгілдір отынға қосылып, елді мекенде жаңа саябақ пайдалануға берілді. Бүгінде ауыл көшелерінің 45 пайызы асфальтталып, 80% түнгі жарық шамдармен қамтылған. Алдағы уақытта да ауыл халқының әлеуетін арттыру мақсатында жоспарланған жұмыстар жетерлік. Қазақылықтың қаймағын бұзбай, бір-бірімен тату-тәтті, үлкен ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, игі шараны ұйымдастырып жатқан барша ауыл азаматтарына шынайы алғысымды білдіремін. Қуанышты күнде баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа амандық, бақ-береке, бірлік пен молшылық тілеймін, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Мерейтойлық шарада ауылдың өсіп-өркендеуіне, мерейтойлық шараларды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан ауыл азаматтарына аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Сонымен қатар еңбек ардагері Мадина Шырайға Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» табысталды.
Салтанатты шарада ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбутәліп Бердіқұлов те құттықтау сөйлеп, ауыл күнін өткізуге атсалысқан абайлықтар мен аудан басшыларына алғысын жеткізді.
Мерейтойлық бағдарлама аясында ауыл тұрғындары мен қонақтар қол күрес, арқан тартыс, гір тасы мен қой көтеруден өткен сайыстарды тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегер командалар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік шара түстен кейін ауылдық клубта «Абай ауылы Абайша сөйлейді» атты танымдық-тәрбиелік кешпен және кешке орталық саябақта аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасады.
Айта кетейік, Абай ауылының құрылғанына 85 жыл толуына орай өткізіліп жатқан мерейтойлық шара ертең ауылдың атшабарында ат бәйгесіне ұласпақ.
		













