Қазалылық Сақыбай Жұмажан Президенттік жастар кадр резервіне қабылданды
 2025 жылғы 1 маусымда бастау алған Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезеңдері өз мәресіне жетті.
2025 жылғы 1 маусымда бастау алған Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезеңдері өз мәресіне жетті. Іріктеудің қорытындысына сәйкес қазалылық Сақыбай Жұмажан Асқарұлы «Экономикалық және қаржылық саясат» бағыты бойынша Президенттік жастар кадр резервіне қабылданды.
Жұмажан Асқарұлы 1994 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген.
Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Маркетинг» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының магистрі, «Бизнес және басқару» магистрі.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының түлегі.
Валенсия Политехникалық Университетінде (Испания) және Миколос Ромерис университетінде (Литва) ғылыми тағылымдамадан өткен.
Еңбек жолын Қазалы ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінде бас маман болып бастаған.
2021-2025 жылдары Қазалы ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы қызметін абыроймен атқарған.
2025 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бюджет саясаты департаментінде бас сарапшы болып жұмыс істейді.
Талантты әрі білімді жастардың қатарынан көрінген Жұмажан Асқарұлын Президенттік жастар кадр резервіне қабылдануымен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы атқарар маңызды лауазымдарына және ел игілігі жолындағы қызметтеріне сәттілік тілейміз!
Айта кетейік, іріктеуге еліміздің барлық өңірінен 31 859 үміткер құжаттарын тапсырып, олардың 50-і ғана Президенттік жастар кадр резервіне қабылданды. Резервке алынған сәттен бастап үш жыл ішінде резервшілер саяси мемлекеттік лауазымдарға, "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына, сондай-ақ "Б" корпусының басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
		










