Жаңа есімдерді ұлықтайық
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы БАҚ беттерінде жарияланғаннан бері халқымыздың зор қолдауына ие болды. Мұнда ел, ұлт алдындағы өзекті мәселелердің бәрі айтылғандықтан халқымыздың көңілінен шықты. Экономикамызды өркендету, ұлт санасын жаңғырту бағытындағы айтылған ойлардың бәрі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Сондықтан мақала қоғамдық қозғалыс күшіне, шын мәнінде еліміздің болашақтағы бағдарламасына айналды десек, артық айтқандық емес.
Мақалада елді көркейту, рухани жаңғыру, ана тіліміздің болашағын биікке көтеру, туған жерге тағзым сияқты маңызды мәселелермен қатар «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жөнінде де жақсы айтылған. Бұл тұрғыда үлкенді-кішілі газеттер айтылған ойға үн қосып, ел үшін еңбек етіп жатқан еңбеккерлеріміздің есімдерін елге жариялап жатыр. «Қазалы» газетінен де кейінгі жылдары аудан есімін елге танытқан ел перзенттері жайлы оқып, көңіліміз марқайып қалды. Қандай уақыт, қандай заман болмасын оқуда, еңбекте көзге түсіп, абыройлы жетістікке жетіп жүргендердің өнегелі жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала берері сөзсіз.
«Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн... Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр, – дейді Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. – «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады».
Шынында да әрбір жетістік, ел табысы тарихтың тамырынан нәр алады. Біздің өткен тарихымыздағы, өміршең дастандарымыздағы атақты батырларымыздың, ұлы қолбасшыларымыз бен дала жолбарыстарының жасындай жорықтарымен қоса, Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларымыздың ерліктері ешқашан өшпейді. Рухани жаңғыру ең алдымен осы өнегелі жауынгерлік дәстүрлерімізбен қатар, бүгінгі күннің батырларына – қасымыздағы замандастарымызға көңіл бөлуге шақырады.
Тағы да «Рухани жаңғырудағы» мына сөздерге назар аударып көрелікші. «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз, дейді Елбасымыз. – Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш».
Осы жолдарды оқығанда өз замандастарымызды ойға аларымыз анық. Өзіміздің аудандық газет бетінде жарияланып жатқан жаңа есімдерге назар аударсақ бір емес, бірнеше жүз жаңа есімдерді табатынымыз шүбәсыз. Демек, әр ауыл, әр аудан өз озаттарының есімдерінен ең лайықтыларды іріктей білсек, еліміздің жүз жаңа есімі қатарынан орын алатын озатты атар едік.
Біздің ауданымыз қашанда өз ерлерін ұлықтай білген. Ертеде өткен Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа батыр, Қарабура әулие, Басықара батыр, Асандар ерлігі бір бөлек болса, Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларымыздың қаһармандығы, мәдениет саласындағы Роза Бағланова, Мәдина Ерәлиева сынды өнер майталмандарының, басқа да танымал тарихшы-жазушыларымыздың, еңбек ардагерлерінің, енді бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерін айта білсек, жастарымызға керекті тәрбие темірқазығын нықтай түскеніміз.
Сондықтан, ұлыларды ұлықтаумен қатар, тәуелсіздік дәуірінің де дара шыққан жаңа есімдерін дәріптеу – қолына қалам ұстаған әрбір әріптесіміздің міндеті болса керек.
Иә, әрбір азаматтың елі үшін еткен еңбегі елдің өркендеуіне жол ашады. Биылғы жаздағы ЭКСПО – 2017 атты жаһандық көрмені абыроймен өткізген еліміздің жетістігі тарихи шежіремізге жазылды. Қаншама жастарымыз жаңа ғылыми жаңалықтармен, әлемнің озық техника туындыларымен танысты, ойлы туындыларымен сусындады десеңші. Үш ай ішіндегі халықаралық көрмені насихаттау арқылы әлем қауымдастығы алдында зор беделге ие болдық. Жиырма бес жыл ішндегі ел табысын көрсете білдік. Демек, біздің алдыңғы өнегелі буыннан үлгі алатын талантты жастарымыз баршылық. Ендеше олардың арасынан жарқын жолды, жаны жайсаң жастарды тани білейік.
Ел аузында жүрген ел перзенттерін ұлықтай білгенге, ұлықтай бергенге не жетсін?!
Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
Астана қаласы.