«Жасанды дауыс ұзаққа бармайды»
Қазақта «көмейіне бозторғай жұмыртқалаған» деген теңеу бар. Ол да кез келген әншіге қаратып айтылмаған. Қазалының осындай бұлбұл дауысты қыздарын тек республика емес, кезінде күллі Одақ танығанын білеміз. Кез келген сахнаның сәні болып, есімі көпшілікке белгілі болған жандардың бірі – Халық қаһарманы Роза Бағланова болса, екіншісі – «Қазақтың Ақбаяны» атанған Мәдина Ералиева болатын. Ал, солар жасаған даңғыл жолды жалғастырған әншінің бірегейі – «Мәдениет саласының үздігі» Ғалия Оспан десек қателеспейміз.
Жуырда, аудан өнерінің көшін өрге сүйреген сахна сандуғашымен сүбелі сұхбат құруға тырысқан едік.
– «Өнер жолы – ұлы жол» деп жатамыз. Киелі сахнаға қалай келдіңіз?
– «Отан – отбасынан басталады» дегендей менің бойымдағы өнер де анамнан дарыған.Анам көп жылдар бойы пошта саласында еңбек етсе де өнерін тастамайтын. Мен кішкентай кезімнен бастап ән айта бастадым. Есімде қалғаны бала кезімде үйдегі күн көсем Лениннің суретіне қарап ән айта беретінмін. Ауылдағы үйдің жанынан өтіп бара жатқан кісілер «Біздің Галия қазір өлең айтады» десе болды ән шырқай жөнелетін көрінемін. Сол бала кезімде «Қуаныш вальсін» айтады екенмін. Жұрттар күлетін. Неге күледі десем, махаббат туралы ән екен ғой. Оны білмеппін. Бала күнімнен Роза Бағланованы көп тыңдап өстім. Валентина Тальконова, Алла Пугачева, Лев Лищенко секілді өнерпаздарды көп тыңдадық. Өскенде солар сияқты әнші болсақ деп армандадық.
Мәдениет бөліміне 1980 жылы келдім. Осы жолға түсуіме марқұм Жәдігер Тұрсынов ағаның еңбегі зор болды.
– Ең алғаш сахнада шырқаған әніңіз есіңізде ме?
– 4 сынып оқып жүрген кезімде «Ортеке» деген халық әнін айттым. Сол кездегі «Ортеке» әнім белгілі режиссер, марқұм Жәдігер Тұрсыновтың есінде қалып қойыпты. Кейін есейіп, оқу бітіріп ауылға келген кезде Жәдігер ағамыздың «Сен «Ортекені» айтатын Галия емессің бе?» дегені есімде. Мен сол Жәдігер Тұрсынов, Орақ Баубеков, Зейнеп Қалиевалармен қатар жұмыс істегенімді мақтан тұтамын.
– Қазалы ауданының әншілерін айтқан кезде аузымызға алдымен Роза Тәжібайқызы, Мәдина Ералиевалардың есімі түседі. Өнер жолында бірге де жүргеніңізді естідік...
– Роза Бағланова апамыз Қазалы ауданына концерт қойып келсе, алдымен мені іздейтін. Сол кездегі аудан әкімдері Қаһарман Табынбаев, Нажмадин Мұсабаевтар қасына мені қосып қоятын. Қазалыға келгенде Роза апамыздың қасында көп жүрдім. Бір келгенінде Роза апайдың орындауындағы «Сен ғана» деген әнін айтқанмын. Сол әнді айтып тұрғанымда Роза Тәжібайқызының сүйсініп қарап отырғанын суретке түсіріп алыпты. Сол сурет үйімде әлі тұр.
Сосын, Мәдина Ералиева апамыз 1991 жылы Қазалы ауданына келді. Ол кезде аудан әкімі Жарылқасын Шәріпов болатын. Сол кісі менімен Қожабай Бегмановты қасына ертіп қойды. Мәдина Ералиевамен бір ай бойы ел араладым. Көбіне ол қазақша көйлек киіп, баянмен айтатын.
– Киелі өнер жолындағы ерекше сәттеріңізді айтып берсеңіз?
– Мәдина Ералиеваның Алматыдағы үйіне барғаным есімде. Сол кезде менің келу құрметіме өнерде жүрген Ақжол Мейірбеков, Нағима Есқалиева секілді өнерпаздарды шақырып шәй берді. Сол сәт ерекше есімде қалды десем болады.
– Отбасыңызда сізден бөлек өнер жолын таңдағандар жөнінде айтсаңыз?
– Мен Қазалы ауданының Бірлік ауылында дүниеге келдім. Отбасымызда жеті ағайынды болып өстік. Өзімнен кейінгі сіңілім Бірлік ауылдық клубының меңгерушісі Таня Оспан. Егіз ағамыз болды. Біреуі ертерек қайтыс болып кетті. Мықты суретші еді. Екінші сыңары Алматыдан Кәукен Кенжетаевтың сыныбын, Тұңғышбай Жаманқұловтың режиссерлер даярлайтын курсын бітірген. Қордай ауданында тұрады. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова да жақын туы¬сымыз болып келеді.
– Жуырда, Бозкөл ауылында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сіздің атыңыздағы аудандық әншілер байқауы өтті. Көңіл-күйіңіз қалай?
– Бозкөл ауылдық мәдениет үйі былтырдан бас¬тап осы ұсынысты айтып жүрген. Бірақ, «шамалы дайындалып алайын», – деп жүргенмін. Жалпы, бұл байқау менің 55 жасқа келген туған күніме орай ұйымдастырылды. Менің жеке орындауымдағы әндерді орындау арқылы өтті. Көңілден шықты десем болады. Тамаша жас таланттарды көрдім. Көбісі баянмен сүйемелдеп айтты. Бозкөлден жақсы әнші қыз шығып келе жатыр екен. Соған сүйсіндім.
– Биылғы жылы елімізде руханият жолында жүрген жандарға көп қолдаулар көрсетіліп жатыр. Оның негізі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы. Осы бағытта сізге әсер етіп жатырған жобаларды білсек?
– Жобалар болғанда... Жуырда тағайын¬далған мәдениет бөлімінің басшысына кіріп шықтым. Сонда, осы біздің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің фоесінен ауданға белгілі, мәдениет саласына еңбегі сіңген жандарға арналған шағын музей, болмаса, солардың суреттері мен істеген еңбектері жазылған стенка қойылса дедім. Жұрт, жаңа буын көрсе, есінде сақтап жүрсе өткен ағаларымызға үлкен бір тағзым болар еді. Кеңес Асанбаевтың, Жәдігердің, Жетіскеннің, Насырдың кім екенін кейінгі буындар білмеуі мүмкін. Сондықтан, осы кісілерді әр келген тыңдарман мен көрерменге үлгі етуіміз керек деп ойлаймын. Атаусыз қалып қойған қаншама өнерпаздар бар. Соларды қазір ешкім білмейді. Осы «Рухани жаңғырудың» аясында сондай жұмыстар жасалынса...
– Өзіңіздің ізіңіздегі өсіп келе жатырған жас өнерпаздарға көңіліңіз толады ма?
– Толады деп те, толмайды деп те айтуға болады. Толады дейтінім, ізімнен келе жатқан әншілерден Мұрат Әділовты ерекше құрметтеймін. Өте жақсы әнші. Құптамайтын әншілер – мини дискімен айтатын, жасанды дауыста шырқайтындар. Жасанды дауыс¬ты өңдеп, түзеп шырқайтындар ұзаққа бармайды. Баяғы біздің кезіміздегідей еңбектеніп, баянмен айтатын жанды дауыстағы әншілердің бәсі биік. Ол шынайы шығады. Қазіргі мәдениет орталығының директоры Кемеңгер Өтепов те осы жанды дауысқа баса назар бұрып, әншілерден соны талап етіп келеді.
– Өнер жолында түрлі-түрлі жандармен кездестіңіз. Соның ішінде айрықша ұмтылмастай болып қалғаны...
– Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында екі рет ән шырқадым. Сол бір ерекше естелік десем болады. Сондай-ақ, кезінде ел тізгінін ұстаған басшылардың шаңырағында қонақта боламыз, ән айтамыз. Соның бірі – Елеу Көшербаев ағамыздың шаңырағы еді. Елеу ағамызға бір риза болатынымыз «Өнерпаздар төменде отырмауы керек» деп үнемі төрге шығаратын. Үнемі кез келген өнер адамына құрметпен қарап, назардан тыс қалдырмайтын. Сондай шын өнердің жанашыры, текті кісі болатын.
– Өз орындауыңыздағы қай ән қатты ұнайды?
– Мен айтып жүрген әндерден өзіме қатты ұнайтыны «Аралым – аяулым» мен «Қазалы вальсі» десем қателеспеймін. Жетіскен Мәкенәлінің сөзіне жазылған «Қазалы вальсі» әні арқылы жұртшылықтың ыстық ықыласына бөлендім. Үнемі радиодан кешкілік сол әнді қосып қоятын. Бәз-біреудің үйіне бара қалсам «мына қыз «Қазалы вальсін» айтатын қыз ғой» деп қарсы алып жататын. Жалпы, өнер сонысымен де ұлы, сонысымен де асыл дегім келеді. Халықтың ықыласынан артық ештеңе жоқ қой.
– Алдағы тәуелсіздік мерекесіне орай айтар жылы лебізіңіз болса?
– Президентіміз қазіргі таңда түрлі сала мамандарына кеңінен жол ашып жатыр. Қайсысының шыңына шығамын десең де өз еркіңде. Соның бәрі де осы киелі тәуелсіздігіміздің арқасы. Сондықтан тәуелсіздігіміз әрдайым жасай берсін. Еліміз көркейіп, мәңгілік ел болайық!
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен,
Есет ТАБЫНБАЕВ.