Аудан кәсіпкерлері алғысқа бөленді
 Биылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес 29 қазан - Қазақстан кәсіпкерлері күні кәсіби мерекесі ретінде елімізде алғаш рет аталып өтілуде.
Биылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес 29 қазан - Қазақстан кәсіпкерлері күні кәсіби мерекесі ретінде елімізде алғаш рет аталып өтілуде.Қазалы ауданында да Кәсіпкерлер күніне орай мерекелік шара өтіп, аудан кәсіпкерлері алғысқа бөленді.
Әйтеке би кентіндегі «ROYAL PALACE» мейрамханасында өткен «Табыстың жолы - еңбекте» атты мерекелік кеште аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудан кәсіпкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданның кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып өтті.
-Бүгінде Қазыналы Қазалы ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамыған. Себебі, қазалылықтар кез келген істің көзін тауып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Бұл өз кезегінде ауданда кәсіпкерліктің кең өркен жайып, жұмыссыздардың санын азайтуға септігін тигізуде. Ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 24,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 19,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 22,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,0 пайызға өскен. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында бүгінге дейін 5371 кәсіпкер тіркеліп, нақты жұмыс жасап тұрғаны 5213 бірлік, белсенділік көрсеткіші – 97,1 пайыз болды. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 32,0 млрд.теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңіне 172,2 пайызға орындаған. 2025 жылдың 9 айында ауданда тамақтану орындары, мейрамханалар, сауда орындары, көлік жуу орны сынды жаңадан 27 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, онда 69 адам жұмыспен қамтылған. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақты өркендеуінде кәсіпкерліктің алатын орны ерекше. Жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық өндірісті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру – Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі, - деді аудан әкімі.

Мерекелік кеште аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар кәсіпкер азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
		













